Жастар

Жастармен өткен кездесу

Тәрбие

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» атты кездесу кеші өтті. Оған медиаторлар, «Шолпы» қыздар клубының мүшелері, әлеуметтік сала қызметкерлері, жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері мен білім алушылар қатысты.

Іс-шарада медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы сөз сөйлеп, отбасылық құндылықтар туралы ойларымен бөлісті.

— Мәдениетті, өмірлік мақсаты айқын аналар қоғамға керек. Ажырасудың басты себебі — отбасында ауызбіршіліктің, өзара түсіністіктің жоқтығы. Бүгінде кейбір жастар ата-енесімен бірге тұрғысы келмейді. Соның себебінен ажырасу көбейіп кетті. Болмашы қиындыққа төтеп бере алмай ажырасып кету дұрыс емес деп есептеймін. Жас отбасылар түйткілді мәселелердің шешілуіне оң көзбен қарап, сабырлылық танытса ажырасу болмайды, деді Бибігүл Әбдішүкірқызы.

Сондай-ақ салтанатты жиында сөз алған «Геолог» мәдениет үйінің әдіскері, «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі Бибігүл Ақжігітова клубтың жұмысы туралы айтып, жастарды қыздар клубының жұмысымен таныстырды.

— Бүгінде «Шолпы» клубы рухани-адамгершілік, денсаулық, еңбек, отбасы, ұлттық тәрбие бағыттарында бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен қаладағы білім ордаларында «Қыз бала әдебі», «Қызға қырық үйден тыйым», «Әже өнегесі», «Қыздарымыздың қылығы неге алаңдатады?», «Ақтөбе өңірінен шыққан батыр қыздар» атты кездесулер мен кештер ұйымдастырылды. Клубты құрудағы мақсатымыз — қыз балаға халқымыздың əдет-ғұрып, салт-дəстүрлерін ұғындыра отырып, оларды əдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, əсемдікке тəрбиелеу. «Шолпы» клубы қыз балаларға музей қорынан «Шолпы, шашбау — шаштың сәні», «Қазақтың қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдарының сыры» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырып, оларды қазақтың зергерлік әшекей бұйымдарымен таныстырып отырады, — дейді Б.Ақжігітова.

Іс-шара барысында №4 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының орынбасары Александр Бакшанов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары туралы баяндады.

— Биыл жергілікті полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында маскүнемдіктің және нашақорлықтың алдын алу мақсатында білім ордаларында дәріс сағаттарын ұйымдастырды. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында қалалық спартакиадалар және «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!», «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз, балалар» сияқты жедел алдын алу іс-шаралары жиі өткізіліп тұрады.

Жуырда жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды, сонымен бірге кәмелетке толмағандарға алкогольді сусын мен темекі сату фактілерін анықтау үшін «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу іс-шарасы аясында рейдтер ұйымдастырылды. Учаскелік полиция қызметкерлері мектептерде рейд жүргізіп, оқушылардың арасында болған қандай да бір кикілжіңді анықтап, сабаққа себепсіз келмей жүрген оқушыларды тексеріп, себебін білуге тиіс, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button