Британдық тәжірибе өңірді дамытуға қызмет етеді

Түлектер кездесуі
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде «Alumni UK: connect, learn, share and grow»британдық жоғары оқу орындары түлектерінің кездесуі өтті.
Бұл іс-шараның ұйымдастырушылары — British Council, Chevening Scholarships, Zhubanov University, Heriot-Watt University.
Қазіргі уақытта Ақтөбеде шетелдік университеттердің 150-дей түлегі тұрып жатыр. Олардың көпшілігі«Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы білім алып келді.
Тәжірибе алмасып, өз идеяларымен бөлісу үшін елуден астам түлек бас қосты. Бұл басқосу мүдделес жандардың қарым-қатынасы, жаңа байланыстар орнату және кәсіби ниеттестікті нығайту үшін тиімді мүмкіндікке айналды.
Қ.Жұбанов атындағы университет кездесу орны ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ—бүгінде өңірдегі жетекші жоғары оқу орны бүкіл Қазақстанның батысындағы интеллектуалдық хаб болып табылады. Бұл ретте қазірдің өзінде 400-дей студент білім алып жатқанHeriot-Watt University-нің ашылуы да лайықты рөл атқарады.
Алқалы басқосуда Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания елшілігінің саяси бөлімінің жетекшісі Самуэль Милз, Heriot-Watt University-нің профессорлары Юриан Хейдж, Сэми Хайдер және Дмитрий Лапшин сөз сөйледі.
Әлемдік жетекші шотландық жоғары оқу орнының ғалымдары өз пәндері бойынша шағын лекция оқыды, бұл кездесуге қатысушыларға қайтаданбритандық академиялық ортаға оралғандай әсер қалдырды.
—Бұл іс-шараны Chevening қауымдастығы ұйымдастырды,оған атсалысқандардың барлығына да алғыс білдіремін. Бұл бағытта Құдайберген Жұбанов атындағы университет ұжымы да ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен біздің әріптестеріміз Ләззат Жайдақбаева мен Жанар Кемелбекова арнайы келді, —деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиеттінің ректоры Лаура Қарабасова.
Ләззат Жайдақбаева мен Жанар Кемелбекова «Информатика» кафедрасында жұмыс істейді, биылғы көктемде олар «500 ғалым» бағдарламасы бойынша Орталық Ланкашир университетінде (Престон, Ұлыбритания)тағылымдамадан өтіп келді. Педагогтер Қ.Жұбанов атындағы университеттің академиялық тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытып отыратындықтарын айтып, компьютерлік технологияға маманданған профессор Хейдждің лекциясын тыңдау ниетімен келгендерін жеткізді.
Ақтөбелік Нұргүл Бейісова Imperial College London магистратурасын химиялық инженерия мамандығы бойынша бітірді. Қазіргі уақытта ол «Шлюмберже» ірі мұнайсервистік компаниясында қызмет атқарады.
—Кездесу өте тамаша өтті. Көптеген адамдармен танысу, білім саласы бойынша біздің өңіріміз үшін көкейкесті мәселелерді талқылау іс-шараның мән-мағынасын арттыра түсті.
Herriot-Watt профессорларының лекциялары жаңа идеяларға жігерлендірді, сондай-ақ Ұлыбританиядағы оқуымыз туралы жақсы естеліктерді ойға оралтты. Ұйымдастырушыларға осындай әсерлі жүздесу ұйымдастырғаны үшін алғысымды айтамын, —деп өз ойымен бөлісті Нұргүл.
Мұндай шаралар түлектердің өзара байланысын нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар өңірдің кәсіби қауымдастығын дамытуға да жол ашады.
Кездесуге қатысушылардың әрқайсысы жаңа идеялармен жігерленіп, өздерінің одан әрі жан-жақты өсіп-дамуы үшін мол ақпарат алды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің халықаралық байланысты нығайтуға және жас мамандардың дамуы үшін тың мүмкіндіктер тудыратынына сенімділік білдірді.
Марина НҰРАЛОВА.



