Газет оқырманымен ғұмырлы
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры
Баспасөз — 2024
Бір ғасырдан астам тарихы бар «Ақтөбе» газетін 1988 жылдан бері үзбей оқимын. Сол жылы ғылыми диссертациямды қорғап, басылым беттерінде ғылыми еңбектерім жарық көрді. Ол кездері «Коммунизм жолы» деп аталатын басылымда да біраз мақалам жарияланған болатын.
Бүгінгі «Ақтөбе» бетінде жарияланған әр материал мазмұндылығымен ерекшеленеді. Біз әр нөмірін қалдырмай оқитын басылым әр оқырманға өз ойын, пікірін ашық айтуға да мүмкіндік береді. Оны газеттің жұма күнгі шығатын қалың санындағы «Оқырман» атауымен берілетін айқара бетінен оқимыз. Бұл айдарда өңіріміздің әр түкпірінен оқырман тарапынан жолданатын хаттар беріледі. «Тарих», «Әдебиет» айдарымен берілетін беттерден ойыңа ой қосатын, рухани азық беретін сүбелі дүниелерді оқып тұрамыз.
Ғасырлық тарихы бар «Ақтөбенің» әрбір санын асыға күтемін. «Ақтөбе» газетінің бұрынғы «Коммунизм жолы» аталған кезден бергі тігінділері кітап сөремде сақтаулы. Ғылыми еңбектерім жарық көрген газеттің әр нөмірін тіркеп қойдым. Үйге келген мерзімді басылымдарды соңына дейін оқуды әдетке айналдырдым. Бүгінде басылым беттерінен облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты жаңалықтарды оқимын.
Облыс баспасөзінің шеберханасы атанған «Ақтөбе» газетінде алдағы уақытта да оқырманына айтары бар, ой салатын мазмұнды айдарлар ашылып, оқырманы көбейе берсін. «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын басылымның жүзжылдық белесімен, ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.