Жаңалықтар

Бірлескен істің берекесі мол 

Біз біргеміз!

Ақтөбе қаласында дәстүрлі «Біз біргеміз!» акциясы өтті. Акция барысында мүгедектігі бар адамдардың қоғамға бейімделуі, оларға жасалған жағдай, т.б. тақырыптар қамтылған конференция ұйымдастырылды. Жиында алғаш боп сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров:

— Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Акцияның «Біз біргеміз!» деген атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Бізге үлкен үміт сыйлап, бірлесе алға ұмтылу керек екендігімізді ұғындырады. Жыл сайын өтетін осы жиынның қай жағынан да берері мол. Осы конференцияда өзара пікір алысып, ой бөлісіп, алда нендей жұмыстарды атқаратынымызды ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Сондықтан жергілікті билік сіздердің ұсыныс-сындарыңызды тыңдауға дайын. Басты мақсат — өмір сүру сапасын арттыру. Ең бастысы, қоян-қолтық араласып, бірге жұмыс істеуді жалғастыра беруіміз қажет.

Облыста мүгедектігі бар 30 мыңнан астам адам тұрады. Осы топтағы азаматтарды қолдау үшін республикалық, жергілікті бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның бір бөлігі біржолғы материалдық көмекке, техникалық және ортопедиялық құралдарға, санаториялық-қурорттық сауықтыруға жұмсалатын болады.

Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдар қолжетімді болуы үшін облыста 871 нысан ерекше жандарға бейімделді. Бірақ бұл істе әлі де олқылықтардың бары жасырын емес, — деді.

Артынша Қазақстанның Еңбек Ері, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құралай Байменова сөз сөйлеп, жылма-жыл тағдырластарына жасалатын жағдайдың жақсарып келе жатқанын,  бұл бойынша осыдан 30 жыл бұрынғы және бүгінгі ахуалды салыстыруға келмейтінін айтты. Сондай-ақ денсаулығы дімкәс болса да, рухы биік адамдарды қай кезде де ұйымшыл, бірге болуға шақырды.

Акция кезінде аталған топтағы ақтөбеліктер басқармалар мен департаменттердің өкілдерінен кеңес алып, сұрақтарына жауап алды. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атқарылып жатқан іс-шаралар туралы есеп берді.

Іс-шараның соңы өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ресми деректерге сүйенсек, әлем бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны — 1,2 миллиард. Соның 700 мыңнан астамы Қазақстанда тұрады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button