Кептеліске себепші — жөндеу жұмыстары
Брифинг
Облыс аумағында Ресей Федерациясымен шекаралас Жайсаң, Әлімбет және Қарашатау авто өткізу бекеттері орналасқан.Жайсаңбекетінде бірнеше күн бұрын жүк көліктердің кептелісі байқалған. Қазір жағдай бақылауда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ЕАЭО шеңберінде ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Бақытжан Маханов түсінік берді.
Оның айтуынша, Қазақстан-Ресей экспорт бағытындағы кептелістің себебі — шығуға арналған нейтралды жол жолағы толып тұруына байланысты, яғни Ресей жағы үлгермеуіне байланысты экспорт бағытындағы көліктер баяу өткізіліп жатыр.
— Экспорттық бақылау бөлімі қызметкерінің негізгі міндеттері: ақпарат жүйесінде уақытында тауарлардың ілеспе жүк құжаттарын растап, мәліметтерді енгізу және мониторинг жүргізу. Бір жүк көліктің құжаттарын тіркеп, оны ақпараттық жүйеге енгізіп өңдеуге орташа есеппен жүктің сипаты мен көлеміне байланысты 5-7 минут уақыт кетеді. Ресей Федерациясынан жүк көліктерінің көп көлемде кіруіне және шығуына байланысты Қазақстанға кіру және шығу үшін 4 жолақтың 3 жолағы жүк көліктерге қарастырылған, тағы бірі жеңіл автокөліктер мен автобустардың қозғалыстарына арналған. Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау бөлімінің импорт және экспорт қабылдау терезелерінде тасымалдаушылар мен жүргізушілердің кезегі жоқ. Авто өткізу бекетінің территориясында тіркеуден өткен жүк көліктер нейтралды жолақтың босауын күтіп, қозғалыстың Қазақстаннан Ресейге шығу бағытына қарай жылжып отырады, — дейді Бақытжан Маханов.
Ал Ресей-Қазақстан импортбағытындағы кептелістің себебі — жөндеу жұмыстары. Ресей Федерациясының «Росгранстрой» мекемесінің ақпараттарына сәйкес, қазан айының басынан бастап Маштаково авто өткізу бекетінде(Қазақстанда Сырым өткізу бекеті) тексеру кешендерінде техникалық жөндеу жұмыстары және Ресейдің Саратов облысының Озинки авто өткізу бекеті аумағында (Қазақстан жағындағы Тасқала бекеті) жүк көліктер жүретін жолақтар мен жол жабындарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Осы жағдайларға байланысты Қазақстаннан экспорт және Ресейден импорт бағытындағы жүк көліктерінің ағымы ұлғайып, Жайсаңавто өткізу бекеті арқылы кіру саны бұрынғы жағдайдан шамадан тыс көбейді, яғни жүк тасымалдаушылардың көпшілігі тиімді жолды таңдап, халықаралық Сагарчин-Жайсаң авто өткізу бекеті арқылы кіріп және шығып жүр. Жағдай бақылауда, — дейді департамент қызметкері.
Департамент тарапынан жаңағы бекеттерде кептеліс болдырмауға байланысты барлық жұмысжүргізіліп жатыр. Мамандар жолаушылардың уақытша кептеліске түсіністікпен қарауларын сұрайды. Департамент қызметкерінің айтуынша, кептеліске себепші болып отырған Ресей жақтағы жөндеу жұмыстары шамамен 31 қазанда аяқталмақ.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.