Тазалық және тал егу
Биылғы 8 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Жыл бойы жүретін жоба әртүрлі тақырыппен жүзеге асып жатыр.
Қобдалықтар көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенді кірісті. Терек, қарағаш, мамыргүл, алма,қарақат, шие, таңқурай, раушантал-көшеттерін еккен аудан тұрғындары жеміс ағаштарын күтіп баптауды да қолға алған.
— Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза өлке» деп аталатын бір апталық тазалық жұмысы өтті. Оған аудан тұрғындары, қоғамдық қызметкерлер қатысты. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған «Киелі мекен» жобасы кезекті апталықтың ізін жалғады. «Жасыл аймақ» тақырыбы аясында аудан бойынша 1580 ағаш көшеті егіліп, ағаштар әктелді. Жүйелі құрылған жұмыс жоспарының кезекті бөлімі ардагерлер аулаларының аумақтарын жинап, абаттандыруға арналды. Одан бөлек су қоймалары, өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазартуға арналған «Мөлдір бұлақ» апталығы болды. Аталған акцияға аудан бойынша 1100 адам, 55 мекеме қатысты. Жалпы,осы акция барысында аудандағы 18 саябаққа, 89 әлеуметтік және 120 кәсіпкерлік нысанға тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 2067 тұрғын үй мен 17 көпқабатты тұрғын үйлер аумағы тазартылды. Бүгінде қыркүйек айының 15-і мен қараша айының 15-і аралығында өтетін екі айлық санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстары басталған болатын. Осы мақсаттаауданымыздың барлық мекеме қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау орындарының мамандары өздерінің бекітілген аумағында санитарлық тазарту жұмыстарын істеп, тазалық жұмыстарына үлес қосуда. Жоспарланған екі айлық сенбілік жұмыстар барысында тұрмыстық қалдықтар шығарылып, қоғамдық орындар, саябақтар, көшелер мен көлік жолының тасжолдары аумағында тазалық жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, «Жасыл аймақ»республикалық экологиялық акциясы бойынша«Бір тал кессең, он тал ек» атты акция ұйымдастырылып, Қобда ауданы бойынша 1860 тал көшет егілді. Биылғы жоспар бойынша аудан аумағында көктемгі және күзгі мезгілде барлығы 2500 түп көшет егу жоспарланды. Көктем мезгілінде 1580 түп жеміс ағаштарын егіп, күзде 920 түп көшетегу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қобда ауылындағы «Стадион» алаңында200 түп терек, Исатай Таймановатындағы гимназия ауласында 30 түп терек және Бегалы ауылдық округінде 30 түп терек егілді, — деді Қобда аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Айсәуле Әлімжанқызы.
Айдана АЛТЫБАЕВА.
Қобда ауданы.