Металлургтерге пәтер кілті табысталды
ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірқатар қызметкеріне баспана кілттері табысталды. 60-қа жуық зауыт жұмысшылары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Зауыт қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету Ақтөбе облысы әкімдігі, ERG компаниясы мен Отбасы банкі арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылып отыр.
Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда шағын ауданында орналасқан көппәтерлі үйдің кілтін табыстау рәсімінде «Қазхром «ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев сөз сөйлеп, кәсіпорынның жас және білікті мамандарын қуаныштарымен құттықтады.
Баспаналы болғандар қатарында жас өндірушілер, жоғары білікті мамандар, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар да бар. Солардың бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы Жұбаныш Айдарханов.
— Әр адам үшін баспаналы болу маңызды. Аумағы 81,5 шаршы метр болатын әр пәтер автономды жылытуға арналған санитарлық тораптар мен қазандықтарды қоса алғанда, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың еңбегі бағаланып, қоныстойын тойлап жатыр. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын!
Алғашында Хромтау тау-кен байыту комбинатында тәжірибеден өтіп, жұмыс істедім. Кейін мамандығым бойынша Ақтөбе ферроқорытпа зауытына жұмысқа орналастым. Осындағы кадр бөліміндегі мамандар нақты қай жұмыс түрін таңдайтынымды сұрағанда, бірден балқытушы дедім. Неге десеңіз, менің ойымша, ферроқорытпа зауытының негізгі һәм басты қызмет иесі — балқытушы. Біз зауыттың «жүрегіміз». Сондықтан қанша қиын болса да, кәсібімнің зейнетін көргеніме қуаныштымын — дейді Ж.Айдарханов.
Зауыт жұмысшылары өз қалауы бойынша әрленген және әрленбеген күйіндегі пәтерлерді алды. Жаңа үйдің ауласында ойын алаңы мен футбол алаңы жасақталған.
Кәсіпорын директоры Ержан Абдулабековтің айтуынша, зауыт жұмысшылары үшін үй өте мұқият таңдалып, сенімді құрылыс салушыдан сатып алынған.
— Пәтерлерді 14 жылға дейінгі төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып алу құқығы қарастырылған. Биыл облыс әкімдігі, ERG компаниясы мен Отбасы банкі арасында үшжақты меморандум аясында 100-ге жуық зауыт қызметкері баспаналы болды. Меморандум шарттары бойынша баспаналы болғандар 5 пайыздық жеңілдікпен бастапқы жарнаны төлеп, үйлі болу мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын бұл үрдісті жалғастырып, жұмысшылардың баспаналы болуын қамтамасыз етеміз, — деді ол.
Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ — әлемдік дүниежүзіндегі тау-кен-металлургия саласы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Хром кені — сапасы бойынша әлемдегі озық компаниялардың үздігі. Компания жылына 5,2 млн тонна хром кенін және 1,7 миллион тонна ферроқорытпа өндіреді. Зауыт жұмысшылары жыл сайын кәсіби мерекелері қарсаңында марапатталып, құрметке ие болады.
Айтулы күні баспаналы болғандардың бірі — Абзал Жукин. Ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 5 жылдан бері қызмет етеді.
— Түрлі металдарды арнайы қалыпқа құю, соның ішінде болат сияқты ауыр металмен жұмыс істеу, олардан түскен заттарды жинау — біздің негізгі міндетіміз. Кемінде +40-50 градус ыстық жерде жұмыс істеу, кім-кімге болсын оңайға соқпасы анық. Дей тұрғанмен уақыт өте келе бұған да етім үйреніп кетті. Зауыт жұмысшылары үшін көрсетілетін көмекке дән ризамыз. Көптен күткен арманым орындалып, үйлі болдым. Үйдің іші кең әрі жарық. Жайлы өмір сүру үшін бәрі бар, — деді зауыт қызметкері.
Зауыт қызметкері Эльвира Мұқанова әрдайым қолдау көрсетіп, жұмысшыларымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын зауыт әкімшілігіне алғысын айтты:
— Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жыл сайын зауыт қызметкерлеріне үй беру үрдіске айналған. Мен де жұмысқа кіргелі баспана кезегінде тұрдым. Бір арманым орындалып, баспана иесі атанып жатырмын. Қуанышымда шек жоқ. Жұмысқа орналасқан кезімде кезімде тәжірибесі жоқ маман едім. Осындай үлкен ұжымға тап болғанымда қуанышымда шек болмады. Менің міндетіме пойыздарды қабылдау, жөнелту және өткізу маршруттарын дайындау, өңделген тауарларды маневрлік жұмыстарды орындау кезінде вагондарды тежегіш аяқтарымен бекіту қызметтері жатады. Содан соң белгіленген аумақты көрсетілетін белгілерге сай жарықтандыру жұмыстарын қадағалаймыз. Бұрмалардың техникалық жағдайын бақылау және болттарды тазалау, майлау , бекіту жұмыстары жүргізіледі. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Бұл кәсіп ауыр, қызық, асқан жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет етеді. Осындай жұмыс маған сеніп тапсырылғандықтан жауапкершілікпен қызмет атқаруға тырысамын, — дейді зауыт диспетчері.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.