Жаңалықтар

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Жұмыс

Ақтөбе қаласының орталық саябағында еңбек мобильдігі орталығының  ұйымдастыруымен  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада «Кәсіпкерлерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болған 50 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды.

Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында өткізілген жәрмеңкеге жұмыссыздар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, борышкерлер, пробация қызметі есебінде тұрғандар қатысты.

Бүгінде жұмыссыздарға іскерлік бастамалары үшін беріліп отырған мемлекеттік гранттар жұмыспен қамтудың тиімді тетігіне айналды. Биыл әлеуметтік осал топтағы 566  адам қайтарымсыз гранттарға ие болды. Кезекті жәрмеңкеге 55 мекеме қатысып, есепші, экономист, заңгер, информатика, еңбек пәні мұғалімдері, медбике, фельдшер, автоэлектрик, электромонтер, бас механик, газ қазандығы операторы, жүргізуші және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша 300-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Биыл 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Осы жылы 99 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 3700-ден астам адам қатысты.

Бос жұмыс орындары (www.enbek.kz) электронды еңбек биржасы порталында жарияланады. Бүгінде облыс бойынша еңбек порталында 2590 бос жұмыс орындары ұсынылып, 20561 түйіндеме орналастырылған, — дейді еңбек мобильдігі орталығының директоры Алтынай Маханова.

«Әйгерім» клиникасы кадр бөлімінің басшысы Әсел Қосаеваның айтуынша, медициналық мамандықтарға сұраныс жоғары.

«Әйгерім» клиникасына медициналық мамандықтардан бөлек, операторлар, тіркеуші мамандар, фармацевтер, тазалықшы және басқа да санаттар бойынша жұмысшылар қажет. Мамандар 18 жастан бастап қабылданады. Оларға емделушілермен жұмыс жасаудың тәсілдері тәжірибе жүзінде үйретіледі, — дейді Ә.Қосаева.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысқандардың бірі — қала тұрғыны Назгүл Бердіханова.

Мен 2014 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетін тәмамдап, өндіріс саласында қызмет еттім. Алайда денсаулығыма байланысты жұмыстан шығуыма тура келді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы өзіме лайықты жұмыс тауып, қазақ тіліндегі кеңсе менеджері болып жұмысқа орналасқым келеді. Бүгінде қосымша таргетолог болып жасаймын, — дейді ол.

Іс-шарада қайтарымсыз грант алған кәсіп иелері өнімдерін көпшілікке ұсынды.

—  Мен бір ай бұрын қайтарымсыз грант иегері атандым. 1 миллион 476 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа екі бие, бір айғыр сатып алдым. Бүгінде Бекқұл баба ауылында кәсібімді жандандырып, тұрғындарды саумалмен қамтамасыз етіп отырмын. Қазір саумалға сұраныс көп. Бұл кәсіпке келуіме денсаулығым себеп болды. Бауыр циррозы бойынша есепте тұрған едім. Бір жыл бойы үздіксіз саумал ішуімнің арқасында дертімнен құлан таза айықтым. Қымыз — денсаулыққа аса пайдалы, шипалы сусын. Оның құрамында адам денсаулығына қажетті барлық дәрумен бар. А, С және В тобындағы дәрумендерге бай. Қан құрамындағы гемоглобинді арттырып, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жақсаруына септігін тигізеді. Оған қоса жүйке ауруларымен ауыратын адамдар үшін де өте пайдалы.  Енді сәтін салса емдеу-сауықтыру орталықтарына саумал апарып, емделушілерге арнап қымыз терапиясын ұйымдастырығым келеді, —  дейді Индира Қаламғалиева.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button