Жаңалықтар

Көк байрағым, желбіре!

Облыстық халық шығармашылығы үйінде  Қазақстан композиторлар одағының  төрайымы Балнұр Қыдырбек бастаған композиторлармен баспасөз мәслихаты өтті. Оған қаламыздағы БАҚ өкілдері, музыка саласы мамандары, арнаулы оқу орнының оқушылары қатысты.

Алматыдан келген Қазақстан композиторлар Одағының әкімшілік жетекшісі Артық Тоқсанбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның композиция кафедрасының оқытушысы Владимир Стригоцкий-Пак,  Әліби Мәмбетов-Жұбанов, Бейбіт Дәлденбай, Сапарғали Әшімов, Оралдан келген Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жанындағы Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Еркін Нұрымбетов, Ақтау қаласындағы  Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Рахат Мәдіреев, Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижері Қайырғали Қожанбаевтар қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қазақта алғаш рет «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты  балаларға арналған  ұлттық балеттің музыкасын, «Қалқаман-Мамыр» опера-балетіне реквиемді, эстрадалық-симфониялық оркестрге арналған дүниелерді  жазған Балнұр Қыдырбек:

— Ақтөбеде бір-екі жыл бұрын Қазақстан Композиторлар Одағының бөлімшесі ашылды, оны осы облыстық шығармашылық үйінің директоры, композитор Орынбасар Тереков басқарады. Біздер осында Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Көк байрағым, желбіре!» атты екі күндік фестивальді өткізуге келдік.  Осында келіп отырған композиторлардың шығармаларын Ақтөбенің ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестрі, камералық хоры орындайды, — дей келіп, классикалық музыканың  рөліне тоқталып өтті.

— Бірде  Израильдің симфониялық оркестрі өз бағдарламасына қазақтың қазіргі композиторларының шығармаларын енгізіп, Тель-Авив пен Иерусалимге бізді концертке шақырды. Елшілікте Қазақстан туралы деректі фильм көрсетілді. Онда маң-маң басқан түйелер, ерсілі-қарсылы шауып жүрген аттар, киіз үй ғана бар екен. Оны көрген шет жұрт қазақтар әлі күнге түйеге мініп, атпен шауып жүр деп ойламай ма? Ең болмаса Астананы көрсетсе, біздің бүгінгі өмірімізден хабардар болар еді. Әлгіндей киноны көріп, «Біз қайда тап болдық?» дегендей дағдарып қалған көрерменнің күпті көңілі концерттен соң орнына түсті. «Сіздердің композиторлық өнерлеріңіз біздікінен әлдеқайда озып кетіпті» деп, риза болысты. Шынында, Қазақстан композиторлық өнер бойынша  әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Кезінде әлемдегі ең мықты композиторлық мектеп Кеңес Одағында болатын. Қазір солардың ішінде сол мектеп тек Әзірбайжан мен Қазақстанда ғана сақталып қалды, – деді.

Қазіргі эстрада әншілері, олардың мән-мағынасыз сөзге жазылған ән деп айтуға келмейтін арзанқол әуендері туралы, «Осындай әндерге, әншілерге неге тосқауыл қойылмайды? Композиторлар Одағы мұны неге қолға алмайды?» деген сияқты бірнеше сауал қойылды. Оған Артық Тоқсанбаев ұтымды жауап берді, түрлі мысалдармен әуесқой сазгер мен кәсіби композитордың ара жігін ажыратып беруге тырысты. Сондай-ақ алыс ауылдарға бүгінде танымал өнер ұжымдарының  гастрольдік сапарларға шықпайтындығы туралы да сұрағандар болды.

Жұма күні Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткен фестивальдің алғашқы концертінде  Бейбіт Дәлденбаевтың көпке танымал  «Кездесейік» әні мен «Серпін» , Әліби Мәмбетов-Жұбановтың «Құлагер. Жұбан.», Балнұр Қыдырбектің «Қырғыз-күй», Сапарғали Әшімовтің «Елге арнау», Қайырғали Қожанбаевтың «Наурыз-думан»  шығармалары орындалды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button