АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб жұмысын бастады
Ақтөбе облысындағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тұрғындарды АЭС-ті қолдауға жұмылдырады. Бүгін олар облыстық Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізіп, алдағы жұмыс жоспарларын талқылады.
Штабтың құрамына саяси партиялардың аймақтағы белсенділері, әртүрлі саланың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, соның ішінде мәслихат депутаттары, мәдениет және спорт қайраткерлері, «Жастар Рухы» және басқа да жастар ұйымдарының белсенділері кірді. Олар таяу күндері өңірдегі сайлаушылармен кездесіп, атом электр станциясын салудың маңызы мен артықшылығын жеткізеді.
Отырысты ашып жүргізген «Amanat» партиясының облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұлов елімізде электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе күрделе түскенін айтты. Оның мәліметінше, электр энергиясын тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Алдағы 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетуі мүмкін.
– Қазіргі таңда Ақтөбе облысының тұтынатын қуаты орта есеппен 960 МВт құрайды. 2028 жылға қарай оның мөлшері 1 270 МВт ұлғаюы мүмкін. Жылдан жылға өсіп келе жатқан энергия қуатының тапшылығы жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға кері әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, – деді Ербол Данағұлов.
Ол озық елдердің тәжірибесін мысалға келтірді. Қазір әлем бойынша 415 ядролық реактор жұмыс жасап тұр. Тағы 60 реактордың құрылысы жүріп жатыр. Ең көбі АҚШ-та, Францияда, Қытайда, Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда орналасқан. Атом электр станциялары 60-100 жылға дейін жұмыс жасауға қауқарлы.
-Біз Тәуелсіздігіміз үшін алаңдайтын болсақ, АЭС салудың тиімділігін әрбір сайлаушыға жеткізуіміз керек. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды. Ұрпағымыз ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүруі керек, – деді ол.
Отырыста өзге де саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері пікірлерін білдіріп, түсіндіру жұмыстарын белсенді атқаруға уағдаласты.
М.БЕКТҰРҒАНОВА.