Жаңалықтар

Музыкалық субұрқақ ашылды

Ақтөбе қаласындағы Орталық саябақтағы тоғанда лазерлік және отты фаер-шоу сүйемелдейтін жаңа субұрқақ іске қосылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, жалпы қаламыздағы субұрқақтар бойынша тұрғындар тарапынан көп сын айтылып келеді.

Тұрғындардың реніші орынды. Себебісубұрқақтар айналаға көрік береді, қалалық ортаны қалыптастырады. Субұрқақтардың көпшілігінің тозығы жеткен, су ұстамайды, қосу элементтері ескірген. Жөндеу көрмегендіктен, соңғы 4-5 жылдан бері істен шығып, мәселе туғызып келді. Сондықтан биыл бірқатарын жөндеуге кірістік, келесі маусымға дайын болуға жұмыс жасап жатырмыз,— деді қала әкімі.

Субұрқақтың іске қосылуына мердігерлік еткен ұйым — «Ақжол» ЖШС. «Бұл субұрқақтың елімізде баламасы жоқ. Осы тектес субұрқақтар өзге қалаларда бар, бірақ бір мезгілде лазерлік және отты шоу көрсететін музыкалық субұрқақ бірінші болып Ақтөбеде орнатылды», — деді мердігер ұйым басшылығы.

Бұл — жарықшамдары, одан бөлек отты және лазерлік шоу түнгі мезгілде ерекше көрік беретін заманауи музыкалық субұрқақ. Ресми мәліметке сүйенсек, биіктігі 38 метрге дейін жететін субұрқақты 40-тан астам әуені бар аудиожүйе сүйемелдеп тұрады. Жөндеу жұмыстары барысында 10 жыл бұрын пайдалануға берілген тоғанның бетон ыдысы қалпына келтіріліп, гидрооқшаулау жұмыстары жасалған. Бұл жерде субұрқаққа да, тоғанға да ерекше сән беретін күрделі жұмыстар ғана орындалған.

Мамандар мұны екі айға жуық уақытта аяқтап отыр. Бұл жерде лазерлік шоу және отты фаер-шоу да субұрқақпен бірге іске қосылды. Қыркүйек айының соңына дейін субұрқақ жұмысы жалғасады. Күн жылы болса, қазан айында да жұмыс істейді. Мердігер қыс мезгіліне консервацияға жауып, келесі маусымда барлық жүйесін қосуды міндетіне алып отыр, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа субұрқақ алдағы уақытта жұмыс күндері кәдімгі субұрқақ сияқты іске қосылып, кешкілік жарықтандырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақтағы музыка, от және лазерлік шоу бағдарламаны сенбі және мереке күндері кешкілік қана тамашалай алады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button