Жаңалықтар

Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының беделі артады

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің мәжіліс залында оқытушылар мен білім алушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын онлайн режимде көрді.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі — өңірдегі беделді әрі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындардың бірі. Колледж директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызованың айтуынша, оқу орнында биыл қабылданған білім алушылар саны 750-ге жеткен. Жалпы екі жарым мыңға жуық студент оқиды.
— Бүгін еліміздегі саяси маңызы бар іс-шараның куәсі болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын ұжым болып онлайн режимде көрдік. Жолдауда айтылған мәселелер мен міндеттердің барлығы көңілге қонымды. Әсіресе Президент еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін атап айтты. Жолдау техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының мерейін көтере отырып, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау секілді зор міндеттерді жүктеді.
Біздің колледж ұзақ жылдардан бері 12 мамандық бойынша мамандар даярлап келеді. Әсіресе технологиялық процесстерді автоматтандыру және басқару, машина жасау технологиясы, электрмен қамтамасыз ету мамандықтары жоғары сұранысқа ие. Мемлекет басшысы Үкіметке колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл — керемет жаңалық, мемлекеттік қызметке баруға талаптанатын түлектерімізге тілекші болып, қуанып қалдық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды — «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керектігін айтты. Жұмысшы мамандарды даярлап отырғаннан кейін, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі еңбекқор, нағыз маман болу идеясын үнемі дәріптеп, насихаттайды, — деді Жеңісгүл Мұхамбетпайызова.
Жолдау барысында Мемлекет басшысы бірнеше маңызды мәселеге тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеді. Соның бірі — цифрландыру саласы және жасанды интеллект. Осы ретте бізге Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Ринат Хайруллаев білім саласындағы оқыту әдістері заманауи технологиялардың арқасында айтарлықтай өзгергенін айтты.
— Соңғы жылдары білім беру саласына «виртуалды шындық» және «жасанды интеллект» сияқты озық технологиялардың белсенді енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Бұл инновациялар оқу процесін қызықты етіп қана қоймайды, сонымен қатар студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Нақтырақ айтсам, арнайы көзілдірік киіп алып, виртуалды әлемге ену технологиясы білім беру саласында үлкен сұранысқа ие. Бұл ең әуелі оқушыға күрделі тақырыптарды түсінуді жеңілдетеді және практикалық дағдыларды дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ бұл тәсіл оқытуды қолжетімді және қызықты етеді, ойын элементтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселен, химия немесе физика зертханаларында виртуалды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Жолдауды ұжым боп көрдік. Еліміздің Президенті: «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл — Үкіметтің басты міндетінің бірі», — деп, Үкіметке тапсырма берді. Біз де жасап жүрген жұмысымыз ақпараттық технологияларға қатысты болғаннан кейін қуанып қалдық. Цифрлық технологиялар дамыған сайын, киберқауіпсіздікті де естен шығармаған абзал. Сол үшін де тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік негіздерін үйрену маңызды, — деді Ринат Хайруллаев. Сондай-ақ ол бір жыл бұрын ақпараттық технологиялар бөліміне түскен өтінімдерді қабылдау үшін электронды платформа әзірлегендерін, алдағы уақытта колледждің басқа бөлімшелеріне де жасауды жоспарлап отырғандарын айтты.
Көрші облыстарда тұратын ата-аналар мен талапкерлер Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің сайтына кіріп, оқу орнына өз аяғымен келмей-ақ, 3d форматта виртуалды саяхаттауға мүмкіндігі бар. Бұл да ақпараттық технологияларды жетік меңгерген колледж оқытушыларының еңбегінің жемісі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button