Жаңалықтар

Жыл бойы — футбол алаңында

Футбол академиясы

Облыста 36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептерде спортпен айналысып жүрген балалар саны — 23,2 мың. Оның ішінде 15 спорт мектебінде футбол секциясы бар болса, енді облыс орталығында балалар футбол академиясы ашылып отыр.

Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров «Химик» стадионының базасында ашылған балалар футбол академиясында болды.

Академияныңфутбол алаңы — ауа толтырылған үлкен күмбезі бар жабық алаң. Оның басты артықшылығы — жас футболшылар мұнда қысы-жазы жаттыға алады.

Ақтөбеліктер үшін спортта футболдың орны ерекше. «Ақтөбе» футбол клубының жетістіктері ел спорты тарихында алтын әріптермен жазылса, сонымен бірге ақтөбеліктерді еліміз ең танымал футбол жанкүйерлері ретінде біледі. Біз үшін ендігі үлкен мақсат — Ақтөбенің футбол мектебін нығайта түсу, өз өңірімізден көптеген мықты футболшылар шығару. Қазір облыста 2 мыңнан астам бала футболмен айналысады. Ал жаңадан ашылған академияда 40 топқа дейінжинақтауға болады, балалар мұнда қыс мезгілінде де алаңдағы жаттығуларын үзбейді, — деді Асхат Шахаров.

Облыс басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай бұқаралық спортты дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды:

Бұқаралық спорт ұлт денсаулығын жақсартуға жол ашады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, балалардың спортпен жастайынан алаңсыз шұғылдануына жағдай жасалуы керек. Жаңа футбол академиясына 6-18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бұл жерге ең мықты бапкерлерді жұмысқа тартқан дұрыс. Осы жерден алда талай чемпиондар шығады деп үміттенеміз, — деді ол.

Футбол академиясы 9 мың шаршы метрге жуық үлкен аумаққа орналасқан. Жабық футбол алаңынан бөлек, екі қатарлы орталықтың төменгі қабатында дәрігер бөлмесі, қалпына келтіру терапиясы залы, асхана, тұрмыстық мақсаттағы түрлі бөлмелер орналасқан. Ал екінші қатарда демалуға арналған орын, екі адамдық бөлмелер, жаттықтырушылар кеңесетін орындар бар. Бұл ғимараттың құрылысын «Әлихан Ойл 3» ЖШС жүргізген.

Бүгінгі күні жалпы облыста 2053 футбол секциясы жұмыс істейді. «Ақтөбе» футбол клубының аясында 850 бала футболмен шұғылданып жүр. Олардың 450-і аудандарда тұрады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button