25 маман резервке алынды
Өңірлік кадрлық резерв
Биыл елімізде бірінші рет өңірлік кадр резервіне іріктеулер өтті. Іріктеулер 1 наурыздан басталған болатын. Ал 20 тамызда соңғы сатысы — кандидаттармен сұхбаттасу өткізілген.
Біздің облыс бойынша өңірлік кадр резервіне іріктеудің қорытындысын БАҚ өкілдеріне облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов пен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Саида Садуақасова таныстырды. Жиын өңірлік коммуникациялар қызметінде өтті.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Айбек Шілмановтың айтуынша, іріктеу толығымен ашық форматта өткен.
Жалпы, іріктеуге қатысуға 524 азамат тілек білдірген. Тілек білдірушілер арнайы сайтқа тіркеліп, 269 адам заңнаманы білуге арналған тестілеуге жіберілген. Одан соң жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуге — 140, ал құзыреттерді бағалауға 51 адам жолдама алған. Соңғы кезеңге, яғни кандидаттармен сұхбаттасуға 36 адам қатысып, олардың ішінен 25 адам өңірлік резервке тіркелген.
— Жобаның басты мақсаты — өңірлерді дамытуға талантты, қабілетті жастарды тарту. Өңірлік кадр резервіне іріктеу 6 салалық бағыт бойынша іске асты. Оның ішінде экономика және қаржы, сондай-ақ әлеуметтік салаға 7-7 маманнан іріктеп алынды, — деді Айбек Шілманов.
Іріктеу кезеңдері ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында өтті.Академияның облыстық филиалының директоры Саида Садуақасова іріктеу барысында ассессмент-орталық әдісімен кешенді бағалаудың қолданылағанын айтты.
Іріктеуден өткен мамандаржергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусы лауазымдарына конкурссыз орналаса алады. Олар резервте 2 жыл тұрады. Түрлі жағдайларға байланысты, мысалы, шет ел азаматтығын алған, не мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекет жасаған, т.б. жағдайларда, маман резервтен шығарылады.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.