Жаңалықтар

Семей полигоны жабылған күн

Ұлт қасіреті

Кеше Семей полигонынан зардап шеккен ақтөбелік ардагерлерге арналған ескерткіш белгінің маңына бір топ адам жиналды. Іс-шара Семей ядролық сынағының жабылған күніне орайластырылған.

Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері қатысты.

Семей ядролық сынағы — КСРО-ның алғашқы және ірі ядролық полигондарының бірі. Тарихқа үңілсек, еліміздің егемендігі туралы декларацияда Қазақстан аймағы — ядросыз аймақ деп жарияланды. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты.

— Семей полигоны — ұлттың ұмытылмас қасіреті. Қаншама қазақ өз елінде мылтықсыз майданның құрбаны болды. Полигон сынақтарының зардабыұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін. Қаншама жылдар өтсе де, бұл оқиға халықтың есінде мәңгіге сақталады. Ардагерлеріміздің де қатары сиреп жатыр… бәріңізге амандық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын! — деді «Ақтөбе облыстық Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайырғали Абрешев.

«Ақтөбе облыстық Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлер жесірлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақжарқын Сұлтанова да ядролық полигонның адамзатқа тигізген зардабы әлі де жалғасып, бірнеше ұрпаққа дейін әсер етіп отырғанын қынжыла айтып, мұндай қасіреттің қайталанбауын тіледі.

Ардагерлер ендігі жерде немере-шөберелерінің дені сау болып туғанын, көрінген ұрпақтарының тым болмаса тегін емделуге мүмкіндігі болғанын қалайды.

Жиналғандар полигон кесірінен құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етіп, ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button