Жаңалықтар

Бақытгүлдің балықханасы

Бизнес бастау

Қарауылкелді ауылының тұрғыны Бақытгүл Боранбаева — өтеусіз мемлекеттік грант қаражатына қол жеткізген облыстағы бизнес бастаушылардың бірі. Биыл көктемде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына қатысқан ол  400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант қаражатына қол жеткізді. Қазір ол балық қуырып сату бизнесін бастап та кетті.

Кәсіп бастау үшін «Боранбаева» жеке кәсіпкерлігін аштым. Көпбалалы ана ретінде бизнес жобамбы қорғап, грант ұтып, мемлекеттің қолдауын сезініп жатырмын, — деп әңгімесін бастаған Бақытгүл Боранбаеваны біз жақында Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атанда ұйымдастырылған бос орындары жәрмеңкесінде кезіктірдік.

Ақтөбе қаласы тұрғындары мен қала қонақтарына жаңа қуырылған балықтың түр-түрін ұсынып тұрған бизнес бастаушыдан өнімге қызығушылық танытып, сұрап жатқандар қатары көп болды. Сол жәрмеңкеге Бақытгүл Аралдың сазаны мен жергілікті Сағыз бен Жем өзендерінде ауланған шортанды дәмді етіп қуырып, көпшілік назарына ұсынды.

Бизнес ашудағы мақсатым — теңіз өнімдерін ұсыну. Бұл — халықтың теңіз өнімдерін, балық тағамдарын жиі тұтынса деген ойдан туындаған іс. Байғанин — мал шаруашылығы жақсы дамыған аудан.  Жергілікті жердегі дүкен сөрелерінде, базарларда ет және ет өнімдерінің сан түрі сатылады. Ал балық тағамдарының ассортименті аз. Оның үстіне жаңа қуырып сатылатын балық жоқтың қасы. Жергілікті халық ара-тұра Жем мен Сағыз өзендерінен балық аулап, тұтынады. Бұл — өзендегі балықтар. Ал теңіз балықтары шалғайда жатқан ауданға көп жете бермейді. Мәселен, Каспий теңізінде жиі кездесетін кефаль ауданымызға көп жете бермейді. Ақтаудың кефалін, Ырғыз бен Аралдың сазанын Ақтөбеден алдырып отырмын. Іргелес Атырау өңірінен де балық алдырамын, — деді бизнес бастаушы Бақытгүл Боранбаева.

Кефаль, негізінен, Азов, Қара, Каспий және Жапон теңіздерінде кездесетін балықтың түрі. Кефальді пиленгас деп те атайды. Бақытгүлдің айтуынша, кефальді тек қуыру керек. Бұл — қышқыл-тәтті дәмімен әрі қуырғанда қанық түсімен ерекшеленетін балық.

Отбасымда балық тағамдарын көбірек тұтынуды мақсат еткенмін. Кейін балық өнімдерін сату жайында ой пайда болып, осындай бизнес ашуды тәуекел еттім. Бізде Жем мен Сағыз өзендерінде шортан көп. Шортан — өте дәмді әрі етті балық. Қылқаны аз, оңай қуырылады. Дастарқанға ерекше шырай береді. Естуімше, шортанның уылдырығы қызыл балықтан кейінгі екінші орында тұр, дәрумендерге бай.Жемде бұдан өзге де балықтың түрі көп. Жергілікті тұрғындар осындай балықтарды аулап, аудан тұрғындарына сатады. Сол кезде балықты көптеп алып қалуға тырысамын, — деді Бақытгүл.

Кәсіпкердің айтуынша, шортанды диеталық пайдалы өнімдер қатарына жатқызуға болады.

Балық өнімдерінің тағамдық құндылығы өте жоғары. Уылдырықтың өзін түрлі дәмді тағамдарды дайындауға көмекші ингредиент ретінде пайдалануға болады, — деді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, қазіргі күні шикізаттың дені облыс орталығынан тасымалданады. — Бүгінде фаст-фуд тағамдар өте көп, оның зиянын да білесіздер. Сондықтан жергілікті тұрғындардың балық өнімін көбірек тұтынуы үшін алдағы уақытта аудан орталығынан шағын балықхана ашуды жоспарлап жатырмын. Дәл қазіргі күні балықты үйде қуырып, сатып отырмын. Әлеуметтік желідегі парақшамда бизнесімнің жарнамасын жүргізіп отырамын. Күн өткен сайын тапсырыс берушілер қатары да көбейіп жатыр, — деді.

Кәсіпкер грант қаражатына бірінші кезекте аудан орталығынан жалға жер алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда ол балықханаға қажетті тоңазытқыш пен мұздатқыш, газ плита, стол мен орындықтарын алып үлгеріпті.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button