Жеті атасын білген ер…

Тұсаукесер
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Назар ұрпақтары» атты тарихи-танымдық жинақтың тұсау кесері өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары, мұғалімдер қатысты.
Жиында Қазақстанның құрметті журналисі Жаңғабыл Қабақбаев жинақтың құндылығы туралы айтып өтті.
— Тәуелсіздіктің арқасында өткен тарихтың құпия қатпарларын ашып, көп жайға көз жеткіздік. Зерттеушілер қазақ ұлтының үш жүзге бөлінуін мекендеген қонысына, басқару ерекшелігіне,әскердің жасақталуына байланысты түсіндіреді. Бүгінгі жинақ — тегін танимын, тарихын түгендеймін деген ұрпаққа керек дүние. Деректерді топтастыру оңай шаруа емес. Бір жүйеге келтірген соң, оны баспаға тапсыру бар. Көп мәселе қаржыға келіп тіреледі. Осы ретте Бердіғали Әйтпембетов, Сәрсенбай Құлмурзинов, Өмірзақ Ермағанбетов, Қанат Айтанов, Ағила Сындарова, Ерболат Берқалиев және басқа да азаматтарға тынымсыз еңбегі үшін ризашылығымызды білдіреміз, — деді Жаңғабыл Қабақбаев.
Жаңа кітаптың тұсауын Мұғалжар ауданының құрметті азаматтары Бердіғали Әйтпембетов пен Амангелді Шуниманов кесті. Тыл ардагері Әлмұханбет Хибин ақсақал жинақты құрастырушыларға алғысын білдірді.
— Балалардың бастамасына, талабына өте ризамын. Өйткені ата-бабамыздың тарихын білетін адамдардың көбі өмірден өтіп кетті. Бұрын жазба деректері болған жоқ, бәрі ауыздан-ауызға тарады.Міне, осының барлығын жинақтап, зерделеп кітап қылып басып шығарып отыр. Бұл — келешек үшін өте маңызды іс. Балалардың жеті атасын білуіне, қай тұқымнан екенін ажыратуына пайдасын тигізеді, — деді ақсақал.
Сондай-ақ «Назар Бұжырұлы» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Ермағанбетов, кітаптың редакторы Сәрсенбай Құлмурзинов, еңбек ардагері Жолмырза Бекеев, Бердіхан Әділхановтар өз лебізін білдірді.
Жиында мұнай-газ саласының қызметкері Қанат Айтанов Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» әнін шырқады. Сондай-ақ жиын соңында еңбек ардагері Сәлима Алдабергенова Қазанғаптың «Ақжелең», Құрманғазының «Алатау» күйін тартып, көпшілікті серпілтіп тастады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



