Акцияға үлес қосты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына Ақтөбедегі «Миллион қадам» клубының мүшелері үлес қосты.
Айына миллион қадам жаяу жүруді мақсат еткен жандардың бұл бастамасына қала әкімі Азамат Бекет қолдау көрсетіп, Елек өзенінің бойында өткен сенбілікке қатысты.
— Біздің «Миллион қадам» қоғамдық ұйымымыздың құрамында 385 адам бар. Біз салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Күніне 10 мың қадам жаяу жүреміз. Өзен жағалауына демалысқа келген адамдардың қоқыс шашып кететінін көріп жүрміз. Табиғатты, қоршаған ортамызды ластап жүргендерге айтарымыз, біздің қатарымызға қосылыңыздар, қаламызды таза ұстайық,— деді клуб мүшелері.
Сондай-ақ акцияға қатысқандар өзен жағасындағы қоқыстарды жинады. Бұл іс-шараға қатысқан қала әкімі клуб мүшелеріне сәттілік тіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.