Жаңалықтар

100 үйдің құбыры ауыстырылады

Ақтөбенің бірқатар  көшелерінде жылу жүйелерінің құбырлары ауыстырылып жатыр. Қала әкімі Азамат Бекет құрылыс жұмыстарын көзімен көріп, мердігер мекеме өкілдерімен тілдесті.

Жылу жүйелеріндегі жаңарту жұмыстары қала бойынша Есет батыр, Алтынсарин көшелерінде, Әбілқайыр хан даңғылында, Әуе қалашығы шағынауданында жүргізіліп жатыр.Бұл көшелердегі тозығы жеткен құбырларды «Aqtobe su-energy group» АҚ  диаметрі үлкен тұрбаларға  ауыстыруда.  Жалпы 7 шақырымға жуық жылу желісі, яғни жүзден аса ғимараттың жылу жүйесі жаңарады. Қазіргі таңда құрылысшылар жұмысты уақытында аяқтау үшін құрылысты қарқынды түрде жүргізуде.

— Бұған дейін магистралды және кварталішілік желілерді ғана ауыстырып келдік. Ал биылдан бастап 100-ден астам көпқабатты үйдің құдықтан үйге дейін созылған  жылу құбырларын ауыстырып жатырмыз. Қажетті материалдардың бәрі жеткілікті, шаруаны уақытында аяқтау үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз, —  деді «Aqtobe su-energy group» АҚ басшысының орынбасары Олжас Мектепбаев.

Көп жағдайда жылу жүйесін жаңартқаннан кейін қазылған шұңқырлар қайта бітелмей қалады. Оның зардабын сол жердің тұрғындары тартады.

Құбырларды ауыстырып кеткеннен кейін қазылған учаскелерді дұрыстап қайта қалпына келтіретін болыңыздар! Халық тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсіп жатыр. «Aqtobe su-energy group» мекемесі жұмыс жүргізген учаскелерде қазылған жерлердің жолы сапасыз етіп салынып, кейін ол жердің топырағы түсіп кетіп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан жұмыс аяқталған соң, қалпына келтіруге көңіл бөліңіздер, —  деп ескертті қала әкімі.                                                                                                                                                           Акционерлік қоғам өкілдері шаруаны тиянақты атқаратындарын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button