Байқау жеңімпаздары марапатталды

Ақтөбе қаласы Астана ауданының кәсіпорындары және ұйымдары арасындағы «Абаттандырылған аумақ»тақырыбында өткізілген байқаудың қорытындысы жарияланды. Жеңімпаз мекемелерді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет салтанатты түрде марапаттады.
Аталған байқау «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты –— қаланың сыртқы келбетін жақсартуға ықпал ету, санитарлық жағдайды жақсарту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалалық кәсіпкерлік нысандардың арасында ең жақсы абаттандырылған аумақты анықтау.Байқауға 14 кәсіпкерлік нысаны қатысты. Олардың қатарында «Динар-Электромаш» ЖШС, «Jadyra’S» әсемдік үйі және «Классик» сауда үйлері, «Інжу», «Жас отау» мейрамханалары, «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы сияқты белгілі ұйымдар бар.
Салтанатты іс-шарада қала әкімі акция бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Акция 5 кезең бойынша ұйымдастырылды. Олар — «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ». Акцияға 120 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 3 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорындар үлес қосты. Көшелер, саябақтар, скверлер мен ғимарат алаңдары ретке келтірілді. «Таза Қазақстан» іс-шарасы аясында «Абаттандырылған аумақ» конкурсы жарияланған болатын. Бүгін, міне, байқау жеңімпаздарын марапаттау үшін жиналып отырмыз. Шараға қолдау көрсетіп, белсене қатысқан азаматтарға, кәсіпорындар ұжымдарына алғысымды білдіремін.
Шын мәнінде, шаһарымызды көгалдандыру, абаттандыру — үлкен маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Сондықтан қала тұрғындарын бұдан әрі де өз үйін, өз ауласын, өз көшесін таза ұстауға қатысуға шақырамын, — деді қала әкімі.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Энергия» сауда үйі иеленсе, бірінші орын — «Хуторок» кафесі, екінші — «Інжу» мейрамханасы, үшінші орынды «Jadyra’S» әсемдік сауда үйі алды. Сондай-ақ «Үздік бағбан» номинациясы бойынша «Інжу» мейрамханасының қызметкері Жұмабай Мұртазаев пен «Энергия» сауда үйінің қызметкері НинаДоценко марапатталды.
«Энергия» сауда үйінің қызметкері Нина Доценконың пікірінше, жалпыұлттық экологиялық акция өткізу бастамасы біздің облыс үшін де, жалпы ел үшін де өте өзекті.
— Алдағы уақытта осындай игі шараларға атсалысатын жанашыр азаматтардың қатары көбейеді деп ойлаймын. Әрбір тұрғын қаланың тазалығына бейжай қарамауы керек, — деді ол.
Іс-шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.