Әдепті қызметші — мемлекет айнасы

Семинар
Мемлекеттік қызметшілер азаматтармен сөйлескенде, сондай-ақ көптің алдында сөз сөйлегенде сыпайылық танытып,әдептілікті ұстануы қажет. Халықпен өзара қарым-қатынас жасағанда сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, өз саласы бойынша жауап бере алатын мәселелерді жан-жақты зерттеп білуі керек. Сондай-ақ заң бұзбай, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге тиіс.
Amanat партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен семинар-кеңесте осы тақырып сөз болды.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп стандарттарын және мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнамаларды сақтауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруы жайында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Илхам Аметов облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды әрдайым ұстамды болуға шақырып, өзгелерге әдептіліктің үлгісін көрсетуі керектігін қадап айтты.
— Өздеріңізге белгілі,Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет саласына түбегейлі өзгерістер қажет екенін айтқан болатын. Осы бағытта сыбайлыс жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір тетігі — әдеп стандарттарын сақтау.
Жалпы, кез келген мемлекеттік қызметші тұрғындарды әуре-сарсаңға салмай, оларға сапалы қызмет көрсетіп, халықтың сенімінен шығуға тиіс. Сондай-ақ Әдеп нормаларын сақтай отырып, заңбұзушылықтарға бармауы керек. Бүгінде біздің елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты бөлімшелер мен басқармаларда 3953 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Биылғы алты ай ішінде әдеп стандарттарын бұзу бойыншаекі мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 жағдайға аз. Ал Ақтөбе облысында мұндай деректер тіркелген жоқ, — деді Илхам Аметов.
Бұдан кейін жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбол Қозбағаров пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін түсіндіріп, өңірде этикалық нормаларды бұзудың және жемқорлық деректерінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жайында айтып берді.
Семинар қатысушыларыӘдеп жөніндегі уәкілге өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Семинарға қатысушылардың бірі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облысы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бақытқали Шайхиевтің айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын семинардың мемлекеттік қызметшілерге берері көп.
— Мұндай басқосулардың әсіресе жас мемлекеттік қызметшілер үшін маңызы зор. Себебі осындай жиындарда Әдеп Кодексіндегі мемлекеттік қызметшілер ұстануға тиіс мінез-құлықтың жалпы стандарттары мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары жан-жақты сараланады. Сондықтан жастар заңды біліп, оны сақтай білуі керек. Бүгінде біздің инспекциямызда 52 мемлекеттік қызметші бар. Жыл басынан бері олардың арасында ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ. Қазір шегірткені улау жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Бүгінге дейін бұл бағытта жоспардың 90 пайызын орындадық, — деді ол.
Д.АЙДАР.