Жаңалықтар

Айналасы жарқыраған «Энергия»

«Таза кәсіп – таза аймақ»

Ақтөбелік кәсіпкерлер де «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына атсалысып жүр. Тазалық маусымында еңбек ұжымдары, оның ішінде шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінде әр апта сайын сенбіліктер мен «таза бейсенбі» іс-шарасы ұйымдастырылады. Осындай іс-шара Ақтөбе қаласындағы «Энергия» сауда үйі аумағында өткізілді.
Өңірдің шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне әсер еткен ауқымды науқан
1 тамызда «Таза кәсіпкер — таза аймақ» ұранымен өтті. Ұжымдар іргелес аумақтарды тазалап, қоршауларды бояп, өз учаскелерін сыпырды.

«Динар-Электромаш» ЖШС құрылтайшысы және іс басқарушысы, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняктың айтуынша, Президенттің бастамасы әрбір қазақстандықтың бойында патриоттық, отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

— Кезінде ата-бабаларымыз осы қалаларды, ауылдарды салған. Біздің міндетіміз — балаларымыз бен немерелерімізге әдемі, таза, гүлденген аймақты қалдыру. Біздің бақшада өсетіндердің бәрі жұмысшылардың үстеліне барады. Бізде аналар комитеті бар, онда үй шаруашылығында тәжірибесі бар әйелдер жастарға түрлі тосап пен жеміс-жидектерден сусын жасауды үйретеді. Мұндағы жертөледе әр жас отбасы үшін өз сөрелері бар. Олар сол сөреге қысқа сақтайтын өнімдер қояды. Біздің кәсіпорын ширек ғасырдан бері аумақты абаттандырумен айналысып келеді. Ғимарат жол бойында орналасқан. Сондықтан жол құрылысына байланысты бақша аумағын аздап қысқартуға тура келді. Алайда қазылған ағаштар әскери институттың, оңалту орталығының, мешіт аулаларына көшірілді. Жыл сайын қала әкімдігі ең жақсы абаттандырылған іргелес аумаққа конкурс ұйымдастырады. Біз өткен жылы да, осы жылы да бірінші орынға ие болдық, — деді С.Вишняк.
Расында да, «Энергия» сауда үйінің аумағы көпшіліктің назарын өзіне аудартады. Мұнда алма, алмұрт, шие, өрік, қара өрік және басқа да жеміс ағаштары жайқалып тұр. Экзотикалық өсімдіктерді де көруге болады. Сауда үйінің арнайы бағбаны да бар. Ағаштарға күтім жасап жүрген бағбан Нина Доценко әркім өз елінің болашағына, тазалығына үлес қосу керек деп есептейді.

— Саяжайым болды, бірақ оны сатуға тура келді. Мамандығым газ саласына қатысты болғандықтан, мұнда тексерумен келгенмін. Маған ауладағы өсімдіктерді, көкөніс және бақша өнімдерін күтіп-баптау ұсынылды. Көріп отырғаныңыздай, мұнда алма ағаштары да, жидектер де өседі. Қызанақ, баклажан, қырыққабат, қияр да егілді. Бақша өнімдері мекеме иелігіндегі жертөледе сақталады. Аспаздар өз ауламызда өскен өнімді дүкен қызметкерлеріне ыстық тамақ дайындау үшін пайдаланады, — деді бағбан.
Мәліметтерге сүйенсек, бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 279 мыңнан астам ақтөбелік, сондай-ақ 6,6 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын қатысты. Осындай еңбек ұжымдары мен қарапайым тұрғындардың белсенді қатысуының нәтижесінде 54 мыңға жуық аула және 1500-ге жуық әлеуметтік нысан аумағы тазартылды. Сонымен қоса 290-ға жуық саябақ пен сквер ретке келтірілді, 328 мыңнан астам ағаш, 6 мың бұта отырғызылды. Белсенділердің күшімен су қоймаларында 206 жағалау қоқыстан тазартылды. Полигонға 42,5 мың тонна қалдық шығарылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button