Дәрігерлер тазалық акциясына атсалысты

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 150-ге жуық адам «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы маңын күл-қоқыстан тазалады. Аталған акцияға орталық қызметкерлері мен дәрігерлер қатысты.
«Дару жарығы» офтальмологиялық орталығының офтальмолог дәрігерлері мен қызметкерлері «Таза кәсіп — Таза аймақ» акциясына қолдау көрсету мақсатында тазалық жұмыстарын бейсенбі, сенбі күндері өткізеді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдаймыз. Орталық дәрігерлері мен кіші қызметкерлер арнайы бекітілген кестеге сәйкес тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Олар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, қоқыстарды шығарып, қала тазалығына үлес қосып отыр. Орталықта 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Экологиялық акцияға орталықтағы бөлімше дәрігерлері мен санитарлық бөлім қызметкерлері қатысты. Мұнда ем алып жатқан науқастардың денсаулығын нығайту мақсатында жасыл желектердің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді офтальмолог дәрігер Нұрғазы Жұмасейітұлы.
Орталық қызметкерлері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акциялардың жиі өткізілгенін құптайды.
— «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығында алты жылдан бері мейірбике болып жұмыс істеп келе жатырмын. Өкінішке қарай, экологиялық мәдениетті сақтай бермейтін, бөтелке мен шағын қораптың өзін қоқыс жәшігінің сыртына тастайтындар бар. «Таза кәсіп — Таза аймақ» акциясы өңірімізде қарқынды жүргізіліп жатыр. Шаһарды көркейтуге атсалысып жатқан тұрғындарға алғысым шексіз, — дейді Анар Айбек.
Қаланы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын күшейту, одан әрі жақсарту мақсатында Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақтөбе қаласының кәсіпорындары және ұйымдары арасындағы абаттандырылған аумақ» тақырыбымен конкурс жарияланды. Байқаудың мақсаты — қаланың сыртқы келбетін жақсартуға ықпал ету, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалалық кәсіпкерлік нысандарының арасында ең жақсы абаттандырылған аумақты анықтау. Байқауға қатысуға 14 кәсіпкерлік нысаны өтінім білдірген. Олардың арасында «Динар-Электромаш» ЖШС, «Jadyra’S», «Классик» сауда үйлері, «Інжу», «Жас отау» мейрамханалары және «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы бар. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табысталады.
Жалпы облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына 279 077 тұрғын, 6 672 мекеме мен кәсіпорын қатысты. Іс-шара барысында 53 380 аула (2 801 көппәтерлі тұрғын үй, 50 579 жеке тұрғын үй) жиналып, 1 470 әлеуметтік нысанда тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 284 саябақ пен сквер ретке келтірілді. Елді мекендер аумағында 328 672 ағаш және 6 415 бұтақтар отырғызылды. Жалпы қоқыстан 206 су объектілерінің жағалары (өзендер, көлдер, бұлақтар), 42 жасанды су айдындары, 85 297 метр арықтар тазартылды. Акция аясында белгілі тарихи тұлғаларға арналған 257 ескерткіштің айналасындағы аумақтар қамтылды. Аумақтарды жинау үшін 3 805 бірлік техника тартылып, қатты тұрмыстық қалдық полигондарына 42 504 тонна қалдық шығарылды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.