Жаңалықтар

Ақтөбеде Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы ашылды

Бас консулдық Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарын қамтиды.

Өңір басшысы Асхат Шахаров жаңа дипломатиялық өкілдіктің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Ол құттықтау сөзінде Бас консулдық Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға қосымша серпін беретінін тілге тиек етті. 

«Қазақстан мен Қытай әрдайым шынайы достық қарым-қатынаста. Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы байланыс достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында белсенді дамып келе жатқанын бірнеше рет атап өткен еді.

Ақтөбеде Бас консулдықты ашу туралы қабылданған шешім үшін Қытай тарапына алғысымды білдіремін, бұл біздің өңірлер арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, туризм және ғылыми-мәдени тәжірибе алмасуды дамытуға ықпал ететін болады. Бұл оқиға – өзара мүдделерді жақындастыру және кеңейту жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті әкім.

Құттықтау сөзінің соңында Асхат Шахаров Қытайдың Бас консулдығы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдіріп, қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

«Қытайдың жаңа Бас консулдығы екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын толыққанды іске асыру үшін бар күшін салады және Қытай-Қазақстан қатынастарының «алтын 30 жылдығына» өз үлесін қосады деп шын жүректен үміттенемін. Жергілікті билік органдары Бас консулдыққа өз міндеттерін орындау барысында барлық қажетті қолдау көрсететініне сенім білдіремін», – деді Чжан Сяо.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button