Жолдағы жауапкершілік
Жиын
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жол қауіпсіздігі, өрт оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ проблемалық құрылыс нысандарын іске қосу және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері
талқыланды.
Аталған жиында облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс саласының мамандары қатысты. Сондай-ақ отырысқа аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.
Жиында алдымен облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов өңірде тіркелген жол-көлік оқиғалары мен жолаушылардың қауіпсіздігі жайында баяндады.
— Биылғы алты айда облыс аумағында 291 жол-көлікоқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға артық. Салдарынан 68 адам көз жұмып, 394 адам дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жылдамдық режимін сақтамау, жаяу жүргіншілердің ережелерді бұзуы, қарсы қозғалыс жолағына шығып кету. Жол апатының салдарынан көз жұмғандардың 74 пайызға жуығы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда тіркеуде. Мәселен, халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент тасжолы өте қауіпті жолдардың қатарында тұр. Бұл тасжолда биыл 37 жол апаты болып, салдарынан 28 адам көз жұмып, 69 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда автоматты режимде жұмыс істейтін жылдамдық өлшегіш құралдарының болмауы да жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болып отыр. Қазір бұл ретте департаментке қарасты 15 «Автоураган» автокөліккешені және «Дрон» пилотсыз ұшу аппараты жұмыс істеп жатыр, — деді ол.
Қазіргі таңда өңірде скутер, мопед жүргізетін жастар мен балалар көбейді. Олар жол ережесін сақтамайды, соның салдарынан кей жағдайда жол-көлік оқиғалары тіркелуде.
Айдос Құлжанов бұл мәселеге де айрықша тоқталып өтті. Сондай-ақ жаңа оқу жылы жақындағанын, бұл орайда балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын жеткізді.
Бұдан кейін жиында баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қаһарман Оразалин биыл өңірде өрт оқиғаларының саны азайғанын, соның нәтижесінде адам өлімі 11 пайызға, өрттен келтірілген залал мөлшері 20 пайызға төмендегенін атап өтті.
— Соңғы екі-үш жылда облысымызға жеткілікті мөлшерде өрт сөндіру техникалары, қажетті құрылғылар мен арнайы киімдер сатып алынды. Сондай-ақ қосымша аудан әкімдіктерінің өрт сөндіру бекеттері 18 арнайы өрт техникасымен қамтылды. Бұл мақсатқа бөлінген қаражатты ескерсек, облыстық ерікті өрт сөндіру қызметінің жарақтандырылуы 50 пайыздан 90 пайызға, ал әкімдіктердің өрт сөндіру бекеттерін техникамен жарақтандыру көрсеткіші 66 пайыздан 90 пайызға дейін артты, — деді ол.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдерінежол қауіпсіздігі, далалық және ормандағы өрттердің алдын алу, проблемалық нысандарды қолданысқа беру мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
— Жыл артқан сайын өңірімізде жол апаты көбейіп барады. Бұл жүргізушілерге тікелей байланысты. Көп жағдайда жүргізушілер жол ережесін сақтамауынан жазықсыз адамдар көз жұмуда. Оның ішінде өткен жылдары балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларын ұмытпай, бұл ретте қауіпсіздік мәселесін басты орынға қоюымыз керек. Қала, аудан әкімдері мен мүдделі органдар өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтауда бейнекамералар санын көбейту керек. Бұдан бөлек жолдардың сапасына да ерекше көңіл бөлінуге тиіс, — деген облыс әкімі цифрлық технологиялар басқармасы басшысына қала аумағындағы бейнекамералар санын көбейту керектігін ескертті.
Д.АЙДАР.