Жаңалықтар

Облыс әкімі бозойлықтармен кездесті

Аудан орталығынан 220 шақырым жерде орналасқан Бозой ауылдық округінде өндіріс пен ауыл шаруашылығы қоса дамыған. Қазіргі таңда мұнда 59 шаруа қожалығы, 147 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. 2500-ден астам тұрғын тұрады, 573 түтін бар. Округ аумағында екі мектеп, бір балабақша, амбулатория, кітапхана және мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.

Шалқар ауданының шалғай ауылы саналатын Бозойға облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен барды, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл азаматтарымен кездесті. Бірнеше нысанды аралап шықты.

Бозойлықтар өңір басшысына жолдың жайын айтты. «Шалқар-Бозой-Нүкіс»  облыстық маңызы бар автожолын толық аяқтап беруді сұрады. Күре жолдың 95-115 және 188-203 шақырымы жөнделуде. Бірінші учаске, 20 шақырым жолды «Толағай – 2050» ЖШС мердігерлік ұйымы бітіріп береміз деп уәде беріп отыр. Ал екінші учаске, 15 шақырымды жөндеуге «Tauman Construction» ЖШС кіріспек. Сонымен қатар, тағы 60 шақырымды құрайтын трассаны қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленді. Ол келер жылы басталады.

«Жолдың ел экономикасының дамуына қосар үлесі зор. Соның ішінде, Шалқар-Бозой жолының да маңызы орасан. Біздің алдымыздағы тұрған басты міндет – Бозойдан Шалқарға, Шалқардан Ақтөбеге дейінгі жолдың жөндеу  жұмыстарын бітіру. Тиісті қаражат бөлінді, әрі қарай күтіп-ұстау мәселесіне көңіл бөлу қажет. Өздеріңізге мәлім, «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ» автожолын қайта жаңарту басталды. Ол төрт жолақты болады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ауыл тұрғыны, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мерғали Жолаев мектеп пен балабақша мәселесі де өзекті екенін жеткізді. Биыл Бозойда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 1,7 га жерге 300 орындық мектеп салынуы керек еді. Алайда, «Ka-grupo» ЖШС мекемесі міндеттемелерін орындамай отыр. Сәйкесінше, жаңа мердігер анықталуы тиіс. Бұл мектеп бой көтерсе, ауылда балабақша мәселесі де шешіледі. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың сөзінше, ауыл балалары жаңа білім ордасына көшірілсе, босаған орта мектеп балабақша болып қайта жабдықталады. Кезекте тұрған 116 бүлдіршін сол жерде тәрбиеленеді.

Интернеттің нашарлығы, жаз айында пойыз билеттерінің тапшылығына да Бозой тұрғындары алаңдаулы. Облыс әкімі Асхат Шахаров автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысына «Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе» жолаушылар пойызына тағы бір вагон қосу жағын қарастыруды тапсырды. Ал интернет мәселесі мобильді операторларға жеткізіледі.

Биыл, екі айдан соң, ауылдық округ орталығында дене шынықтыру – сауықтыру спорт кешені халық игілігіне беріледі. Спортшы жастар бұған қуанып отыр. Олар сонымен қоса, ауылда ұлттық спортты дамытуға ынталы.

Кездесу соңында өңір басшысы бозойлықтармен тығыз байланыста болатынын және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық мүмкіндік бар екенін алға тартты.

Бұдан соң, Асхат Шахаров Ақтөбе магистральды газ құбырлар басқармасына қарайтын Арал тораптық өндірістік басқармасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ол дәрігерлік амбулаторияға барды. Ауыл тұрғындары медициналық нысанды жөндеп беруді, түрлі анализдер жасау үшін зертханамен және жаңа көлікпен қамтамасыз етуді сұрады. Амбулаторияны жөндеу мәселесі қарастырылады, ал зертхана мен көліктің сұрағын шешу Денсаулық сақтау басқармасына міндеттеледі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button