Олимпиадашылар Парижге аттанды

ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға қатысатын спортшылардың алғашқы легі Парижге аттанды.
Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын жазғы Ойындарға шығарып салу рәсімі ресми түрде өтті.
Жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпионға тән мінезіңіз бен табандылығыңыздың, жеңіске деген ерік-жігеріңіздің, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіздің, жаттықтырушылардың, дәрігерлер мен массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер — бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл — сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!» — деді министр.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Қазақстан құрамасы сапынан боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетші Ольга Сафронова еліміздің туын ұстап шығады.
ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде 80 қазақстандық спортшы бақ сынайды. Біздің отандастарымыз спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



