Экологиялық проблемалар жол картасы арқылы шешілмек

Экология
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен жиында БАҚ өкілдері экологиялық мәселелерді шешу бойынша биылғы алты айда жасалған жұмыстармен танысты.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадиннің айтуынша, департаментке қарасты экологиялық инспекция жыл басынан бері 15 тексеру жүргізген. Оның алтауы — жоспардан тыс, өзгелері — профилактикалық бағыттағы тексерулер.
Тексерулер барысында экологиялық заңнамаға қайшы 138 жайт анықталып, 59 әкімшілік айыппұл салынған. Олардыңжалпы сомасы — 28, 7 миллион теңге.
Экология департаменті әзірлеп ұсынған «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасы»облыс әкімдігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі тарапынан мақұлданып, бекітілген.Жол картасы бойынша жоспарға ең өзекті 44 іс-шара енгізілген, олардың басым бөлігі республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылса, 19-ын ірі кәсіпорындар өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға тиіс.
Бүгінде28 іс-шара бойынша жұмыстар басталған. Мысалы, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1, №2 цехтардың газ тазарту құрылғыларын тазалау дәрежесі кемінде 99 пайыз деңгейде, яғни халықаралық стандарттарға сай жаңғыртужоспарланса, қазір ол аяқталып, соңғы іске қосу-реттеу кезеңіндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ осы кәсіпорындағы №4 балқыту цехында ферроқорытпа газын толық кәдеге жарату үшін арнайы станса салу жоспарланған. Оның мерзімі — 2025 жыл. Бұл жұмыстар кәсіпорынның қаражаты есебінен жүргізіледі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бұлардан бөлек, 2027 жылға дейін іске асырылуға тиіс тағы 4 жоба жоспарланған. Бұл жұмыстар, жалпы есептегенде, 85 миллиард теңге қаражатты қажет етеді.
А.САРЫБАЙ.



