Қытайлық компания облыстың құрылыс саласын дамытуға ынталы
Облыс әкімі Асхат Шахаров жол, теміржол, аэропорт салу жағынан тәжірибесі бар China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесті.
Компания 2015 жылы құрылған.
Кездесу барысында өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қытайлық құрылыс компаниясының президенті Чжоу Хайвэй өздерінің тәжірибелері мен мүмкіндіктері туралы баяндап, аймақтың жол саласын дамытуға қызығушылық танытты. Өңір басшысы бұл серіктестік Ақтөбе облысының экономикалық дамуына және жолдардың сапасын арттыруға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.
«Президент инвестиция тарту бойынша үлкен міндеттер қойды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету, жағдай жасауға барлық мүмкіндік бар. Сондай-ақ, біз үшін автомобиль жолдарының сапасы – өткір әрі өзекті мәселе. Осы бағытта ынтымақтастықты орнату жоспарда бар. Біз сіздермен басқа да жобалар бойынша тығыз жұмыс істеуге әзірміз», – деді әкім Чжоу Хайвэйге.
Тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасауға келісті.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.