Жаңалықтар

Штаб мүшелері Темір ауданына барды

Қоғамдық штаб

Сенбі күні облыстық қоғамдық штаб төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен штаб мүшелері Марат Қойлыбаев, Күлпаршын Айдарханова Темір ауданына жұмыс сапарымен барды.

Штаб мүшелері алдымен тасқын кезінде баспаналарына су кірген көпбалалы отбасылардың үйлерін қарап шықты. Штаб төрағасы заң аясында бұл отбасыларға көмек көрсетілетінін жеткізді. Мәселен, Шұбарқұдық ауылындағыҚызылжар шағын ауданының тұрғыны Анар Қалиеваның үйіне тасқын кезінде су кірген. Қазір тұрғын үй жөндеуді қажет етеді.

Бұдан кейін облыстық штаб мүшелері аудан әкімдігінің кіші залында Темір аудандық қоғамдық штаб мүшелерімен, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Басқосуда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсету мәселелері талқыланды.

Облыстық штаб төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева аудан әкімінің орынбасары мен аудандық қоғамдық штаб төрағасына тұрғындарға қажетті көмек көрсетуде жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бүгінде Темір ауданында зардап шеккендерге 21 тұрғын үй салынуда, сондай-ақ баспаналары жарамсыз деп танылған тұрғындарға жаңа үйлер сатып алынып берілді.

Сондай-ақ демалыс күндері Гүлқасима Сүйінтаева су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар тұрып жатқан уақытша орналастыру орталықтарын аралады. Мәселен, штаб төрағасы Ш.Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінде орналасқан эвакуациялау пунктте азаматтарды залалды бағалау және өтемақы төлеу мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ тұрғындардың тұрмыстық жағдайларымен, медициналық көмек көрсету сапасымен танысты.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button