Жаңалықтар

Жарықшамдар орнатылып жатыр

Қала

Ақтөбе қаласында жарықтандыру жұмыстары және ескірген, жарық беруі әлсіз немесе сынған көше шамдарын ауыстыру жүргізіліп жатыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Жанасыл Аманжоловтың айтуынша, биыл қала көшелеріне 400-ге жуық жарықшам орнатылған.

Бүгінде Ақтөбе қаласының өзінде және қалаға қарасты 54 тұрғын алапта 18800 жарық нүктесі бар. Қазіргі таңда «АктИнвестХолдинг» филипс жарық шамдарын орнатып жатыр.

— Қала көшелерінде, елді мекендерде, трассалардың бойында, скверлер мен саябақтардағы сынған жарықшамдарды, бағандарды ауыстыру, жөндеу жұмыстары басталды. Қаланың орталық көшелерінде 7 жылдық кепілдік мерзімі бар жарықшамдар орнатылып жатыр. Мәселен, Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылдарында ескірген жарықшамдар ауыстырылып, оның орнына Филипс жарықшамдары орнатылған. Бүгінде «АктИнвестХолдинг» компаниясынан шыққан 400-ге жуық жарықшам қала көшелерін жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Сүт зауыты шағын ауданы, Қарғалы, Заречный, Кірпішті тұрғын үй алаптарына және басқа да жарығы жоқ көшелер мен елді мекендерге жарықшамдар орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мердігер компания «Айком LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл соңына дейін аталған аумақтарда 9 мыңнан астам жарықшам орнату жұмыстарын жүргізеді, — дейді ол.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында биіктігі 25 метр болатын жарықтандырылған мачта шамдары қаланың бес орталық көшесіне орнатылады.

Бүгінде «Галлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 12-шағын аудан, 5-шағын аудан, 312- атқыштар дивизиясы даңғылында, автовокзал маңайында мачта шамдарының кабельдерін тартып жатыр. Мердігер компания жарықтандыру жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар 50-ге жуық жаяу жүргіншілер жолы жарықтандырылып, тротуарлар салынуда. Тұрғындардың арыз-шағымдары ескеріліп, әсіресе мектепке баратын көшелердегі жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін Жеңіс даңғылы маңайындағы Чернышевский көшесінен Промзона көшесінің бойы, Есет батыр көшесінен Абай даңғылы, Рысқұлов көшесінен Әлия Молдағұлова даңғылына дейінгі айналма жолдар жарықтандырылады,  — дейді Жанасыл Аманжолов.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button