Жаңалықтар

Отпен ойнамаған жөн…

Брифинг

Облыста 267 өрт дерегі тіркеліп, 8 адам қаза тапты, 7 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Материалдық шығын көлемі 118 млн теңгеден асып отыр.

Бұл туралы «Орман — дала өрттері» тақырыбында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртке қарсы қызмет бастығы Евгений Овчарский айтты.

Биыл 5 орман өрті, 37 дала алқаптарының өртену деректері тіркелді. Облыс бойынша өрт оқиғаларының көптеп тіркелуіне бірден-бір себеп электр жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан болып отыр.  Өңірімізде өрттің алдын алу іс-шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Орман-дала өрттерінің алдын алу мақсатында 8-14 шілде аралығында «Орман» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара асында 39 бірлескен мобильді топ құрылып, 431 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 591 адам  әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 98 адамға 1 миллион 993 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Биыл облыс аумағында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, 57 өрт-тактикалық оқу-жаттығу сабақтары жүргізілді. Өрттің алдын алу мақсатында 171 елді мекенге іргелес аумақ тазартылып, 469 шақырым жерге өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілді, — дейді ол.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өртке қарсы қызмет бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаевтың айтуынша, тұрмыстағы өрттер саны азаймай тұр.

—  Биыл департамент өкілдері маусым айында өрт оқиғаларының себептерін анықтау мақсатында жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Маусым айында облыста 67 өрт оқиғасы тіркеліп, 2 адам зардап шекті. Тұрмыстағы өрттердің бір себебі — төсекте шылым шегу. Әсіресе мас күйінде шылым шегу өте қауіпті. Өйткені алкоголь сананы улайды. Түтіндеп жатқан темекі тұқылы бірден өртенбейтінін ескерген жөн. Әдетте өрт басталғанға дейін масаң адам ұйықтап қалады. Түтіндеп жатқан кезде бөлінетін улы газ ұйқышылдықты одан сайын арттырады. Масаң күйде ұйықтап жатқан адам өрттің басталғанын байқамайды. Ал ішімдік ішпеген адамның өзін де, өзгелерді де құтқаруға мүмкіндігі болады, — дейді ол.

Нұрхат Қалдыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда автокөлік иелері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан биыл облыс аумағында 5 өрт оқиғасы тіркелген.

—  Осы жылдың 14 маусымында сағат 02:19-да «Тойота Хайландер» маркалы жеңіл автокөліктің өртенгені туралы хабар келіп түсті. Автокөліктегі өрт қозғалтқыш бөліктеріндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан болған. Егер сіз бензиннің иісін сезсеңіз немесе капоттан түтін көрсеңіз, көлікті дереу тоқтатып, қозғалтқышты өшіруді ұмытпаңыз. Жолаушыларды көліктен шығарып, өрт сөндіру қызметіне дереу қоңырау шалыңыз.    

Өрт сөндірушілер келгенге дейін қолда бар өрт сөндіргіш құралдармен немесе тығыз матамен өртті сөндіруге тырысыңыз. Сондай-ақ өрт сөндіргіш құрылғының жүргізуші орындығының астында сақталуын қадағалаңыз.

Тұрғындарға айтарым, қайғылы жағдайды болдырмас үшін өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау керек. Демалған кезде немесе үйден шығып бара жатқанда электр аспаптарын, тұрмыстық техниканы электр желілерінен ажыратуды ұмытпаңыз, әзірлеп жатқан тамағыңызды немесе шәйнекті газ плитасында қалдырмаңыз. Электр тоғы қосылып қалса, ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан электр құрылғыларын пайдаланғанда сақтық шараларын қатаң сақтаған дұрыс. Өрт болған жағдайда 101 және 112 нөміріне қоңырау шалыңыз, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button