Жаңалықтар

Улау және улану

Брифинг

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәжіліс залында «Пестицидтермен уланудың алдын алу» тақырыбында брифинг  өтті.

Қазір өңірдіңегін алқаптарында дақылдарды зиянды жәндіктерден, арамшөптерден, саңырауқұлақтардан және кеміргіштерден қорғау үшін пестицидтермен улау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал пестицидтер дегеніміз — дақылдарды зиянды жәндіктерден, арамшөптерден, саңырауқұлақтардан және кеміргіштерден қорғау үшін қолданылатын улы және химиялық заттар.

Ел аумағында ауыл шаруашылығының дамуы пестицидтерді қолданудың артуына себепші. Осы ретте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова пестицидтердің адам ағзасына әсеріне тоқталды.

—Пестицидтермен уланудың жалпы белгілеріне тері мен көздің тітіркенуі, жөтелу, тыныс алудың қиындауы, тұншығу, жүрек айнуы, құсу, диарея, бас айналу, әлсіздік, алаңдаушылық, ашуланшақтық, бас ауруы және тіпті құрысулар жатады. Зерттеулерге сәйкес пестицидтер уланған адамның миының, сүт бездерінің, өкпесінің, бүйрегінің, ұйқы безінің, қуық асты безінің жұмысына теріс әсер етіп, асқазанның қатерлі ісігінің пайда болуына да себеп болуы мүмкін, — деді Райхан Қойшанова.Сондай-ақ ол қазіргі таңда облыстағы пестицидтерді сақтайтын 15 қойманың 15-інің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы барын айтты. Аталған қоймалардың 10-ы — Ақтөбе қаласында, үшеуі Мәртөк, Мұғалжар және Әйтеке би аудандарында.

— Химиялық улы заттарды тек қоймада сақтау керек. Оларды ашық алаңдарда, бастырмалардың астында сақтамау қажет. Пестицидтерді сақтауға арналған үй-жайларда табиғи және механикалық ішке сору-сыртқа тарту желдеткіштері орнатылуға тиіс. Пестицидтермен жұмыс істейтін адамдардың арнайы киімі, жеке қорғаныш құралдары болуы шарт, — деді Райхан Қойшанова.Сонымен қатар ол пайдаланылмаған пестицидтер қалдығы ыдысымен бірге қоймаға тапсырылуы керектігін де ескертті.

Облыстың бас санитар дәрігері химиялық заттарға аса сақтықпен қарау керектігін, себебі жұқпалы аурулардың даму және таралу қаупін азайту үшін дезинфекция, дезинсекция және дератизация шаралары ерекше маңызға ие екенін де түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, былтыр Ақтауда пәтерлердің бірінде дезинсекциялау кезінде санитарлық нормаларды бұзу салдарынан жеті адам зардап шеккен, оның екеуі — улану салдарынан қайтыс болған үш жасқа дейінгі бала. Арада бір апта өтпей жатып, Ақтауда дәл осындай жағдай қайта орын алған, төсек құртын улау кезінде бес адам, оның ішінде үш кішкентай бала зардап шеккен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button