Басты жаңалықтар

Асхат ШАХАРОВ: 2025 жылы облыс тұрғындары ауызсумен толық қамтамасыз етіледі

Сессия

Сәрсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясында облыс әкімі Асхат Шахаров депутаттар алдында есеп беріп, көктемгі су тасқыны салдарын жоюға бағытталған жұмыстар жайында айтып берді. Сондай-ақ облыс басшысы өңірдегі елді мекендерді ауызсумен және газбен қамту мәселелеріне де тоқталды.

Аталған жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыста облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша өңірде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен және демеушілер есебінен 66,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың 38,8 млрд теңгесі зардап шеккен тұрғын үйлерді жөндеп, қалпына келтіруге жұмсалып жатыр. Бүгінде облыста су басқан 4 мың үйдің 3 мыңға жуығы жөнделсе, апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа 511 тұрғын үй бой көтеруде.

Облыс басшысы қалған 503 отбасына пәтерлер сатып алынатынын, ал тұруға жарамды тұрғын үйлер жөнделіп жатқанын алға тартты. Қазіргі уақытта 406 отбасы жаңа қоныстарына көшкен.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге жалпы мөлшері 66,2 миллиард теңге қарастырылды. Тұрғын үйлерден басқа материалдық залал өтемақысын 3,5 мыңға жуық отбасына өтеу үшін жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, 4,5 мыңға жуық отбасына 369 мың теңгеден біржолғы төлем берілді.

Сондай-ақ су тасқынынан облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары, шағын және орта бизнесте зардап шеккені белгілі. Бүгінде шаруалар мен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, 4,5 мыңға жуық мал шығынын өтеу үшін бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Ал зардап шеккен 76 кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілген көмектің нақты мөлшері аймақтық комиссия шешімінен соң белгілі болады, — деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров өз есебінде әлеуметтік нысандар және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл өңірімізде инфрақұрылымды жобалау, сараптау және салу жөніндегі іс-шараларға 26 млрд теңге қаржы бөлінген.

Оның ішінде 2 денсаулық сақтау, 13 білім беру, 3 мәдениет, 3 спорт нысаны және 47 шақырым жол мен 23 көпір қалпына келтіріледі. Бүгінде тасқын салдарын жоюға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жалғасып жатыр.

Бүгінде бюджет қаржысын тиімді жұмсау — басты мәселе. Оның ішінде халықтың әл-ауқатын көтеруде, оларды инфрақұрылыммен қамтуда барлық жұмыстар сапалы және уақытында жүргізілуге тиіс. Бұл орайда биыл облысымызда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары қолға алынады. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 99,2 пайызы сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Биыл 5 мыңнан астам адам тұратын 15 елді мекенге орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін жүргізу үшін 8,3 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 10 ауылға жыл соңына дейін су құбыры тартылады. Осылайша 2025 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс тұрғындары ауызсумен толық қамтамасыз етіледі, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыс тұрғындарының 95,5 пайызы көгілдір отын  тұтынып отыр. Инфрақұрылымды дамыту стратегиясы аясында биыл жыл басында ауылдарды газдандыруға 4,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ Үкімет өңірге қосымша 9,2 млрд теңге қаржы бөлу туралы ұсынысты қолдаған. Бұл 11 мыңнан астам адам тұратын 25 ауылды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жобалар келер жылы аяқталады. Нәтижесінде көгілдір отын облыс орталығынан шалғай жатқан Жарма, Қаражар, Оймауыт елді мекендеріне де беріледі.

Сондай-ақ бүгінде Ақтөбе қаласындағы тұрғын алаптарды су, газ және жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қала бойынша инженерлік желілерді тартуға бюджеттен 5,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 54 тұрғын үй алабының 49-ына газ құбыры жүргізілсе, 48 тұрғын алабыэлектр қуатымен, 36 тұрғын алабы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қазір бірқатар тұрғын үй алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал қалғандарыныңжобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ биыл 8 тұрғын алабында жерасты суларының қорын анықтау жұмыстары қолға алынған.

Қала маңындағы елді мекен тұрғындары 2025 жылға дейін толық коммуникациямен қамтылатын болады.

Сөзінің соңында облыс әкімі өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тоқталып, аталған іс-шараға бүгінге дейін 230 мыңға жуық тұрғын қатысқанын, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттарына су тасқыны кезінде жұмылып жұмыс жасағандары үшін ризашылығын жеткізіп, алға қойған міндеттерді орындауда белсенділік көрсетуге шақырды.

Бұдан кейін сессия отырысында облыстық мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бүгінде бюджеттік бағдарлама әкімшілері ұсыныстарының негізінде алдағы жылдарға 23,2 млрдтеңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде облыстық энергетика басқармасына — 11,6 млрд теңге, құрылыс басқармасына — 1,3 млрдтеңге,автомобиль жолдары басқармасына — 5,1 млрдтеңге,білім басқармасына — 1,5 млрдтеңге,денсаулық сақтау басқармасына — 550,0 млнтеңге, жұмыспен қамту басқармасына — 525,0 млнтеңге,спорт басқармасына — 874,0 млнтеңге, мәдениет басқармасына – 463,0 млн.теңге, төтенше жағдайлар департаментіне — 21,0 млнтеңге,

полиция департаментіне — 227,0 млнтеңге, ішкі саясат басқармасына — 53,0 млнтеңге, ауыл шаруашылығы басқармасына 200,0 млнтеңге қаражат бөлінеді.

Отырыста сондай-ақ облыстық мәслихаттың облыстағы қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаттары жол сапасы, тозығы жеткен әлеуметтік нысандардың жағдайы, су тасқынынан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту, т.б. өзекті мәселелерді көтеріп, жауапты басқарма басшыларына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button