Жаңалықтар

Жолдар жөнделіп жатыр

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаев аталған салада қолға алынған жобалар туралы баяндама жасады.

Бүгінде жалпы автожолдардың ұзындығы— 95 мың шақырым, оның 25 мың шақырымы— республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.

Қазіргі таңда республикалық жолдардың нормативтік жағдайы— 92% пайыз, ал жергілікті желінің көрсеткіші 87 пайызға жетіп отыр.

«Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл—бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы—республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі», — деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Министр атап өткен республикалық жолдардың қатарында ұзындығы 368 шақырым болатын Атырау-Астрахань және Ақтөбе-Қандыағаш жобалары бар. Бүгінде бұл жолдың 60 шақырымы пайдалануға берілді, 102 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, 206 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселуде.

Жылдың соңына дейін бұл автожол толығымен іске қосылатын болады.

Сондай-ақ қазір облыс аумағындағы Ақтөбе-Ұлғайсын тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа автокөлік жолын салу жұмыстары Ақжар және Жазық (Просторное) ауылдары аумағында басталды. Құрылысшылар Самара-Шымкент тас жолының 791-819 шақырым аралығын салады.

— Учаскеде 89 техника және 120 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысты жеделдету үшін қосымша техника мен жұмысшыларды тартамыз. Биыл барлық жер жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ жол бойында еріген қар суын өткізетін құбырларды салуды жоспарлап отырмыз. Бұл учаскеде 2 көпір және 2 көпір өткелі болады. Оның біреуі Тассай ауылының тұсынан салынады. Жоба бойынша 39 құбыр тартылады, 16 қиылыс, бір демалыс аймағы болады, 4 автобус аялдамасын орнату қарастырылған,— дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұл.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button