Мәжіліс депутаттары құрылыс нысандарын аралады

Парламент мәжілісі депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Қазыбек Әлішев, облыстық мәслихаттың депутаты Күлпаршын Айдарханова Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Жағабұлақ ауылындағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатырған үйлердің құрылыс жұмыстарын көрсетті.
Қазіргі таңда отбасыларды баспанамен қамту мақсатында Жағабұлақ ауылында жаңа 9 үй салынып жатыр. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройПроект» ЖШС-ыжүргізіп жатыр.
Халық қалаулылары Жағабұлақ ауылдық Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауаптар берілді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары «Сағашилі-Талдысай» аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысымен танысып, жолдың сапалы салынуы басты назарда болатындығын жеткізді.
Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Қазыбек Әлішев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Күлпаршын Айдарханованың жұмыс сапары Қандыағаш қаласында жалғасты. Олар Қандыағаш қаласында жаңадан салынып жатқан «Самал» шағын ауданындағы 600 орындық және «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңадан салынып жатқан 600 орындық мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Білім беру мекемелерінің құрылысын қолға алған мердігер компания өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мәжіліс депутаттары «Самал» шағын ауданындағы мектептің құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылып кетуіне байланысты мердігер мекемені сынға алды. Мердігер мекеменің жұмысына қатысты облыстық құрылыс басқармасына ұсыныстарын жеткізетінін айтты.
Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп гимназиясының жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Жандос АЙТЖАН,
Мұғалжар ауданы.



