Жаңалықтар

Көшелі іске бастаған көшпелі отырыс

Ақтөбе қаласындағы Aqtobe it Hub ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен аталған клубтың көшпелі отырысы өтті. Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған журналистер медиа кеңістікте ақпараттық жұмысты жетілдіру бойынша тәжірибе алмасты.

Тиімді орта — ортақ мүдде

Басқосуда алдымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы А.Сатвалдиев сөз алды.

Қай кезде де еліміздің үздіксіз дамуы мен қарқынды өркендеуін кеңінен насихаттап, жұртшылыққа барынша сапалы әрі дұрыс ақпарат тарату үшін еліміздегі БАҚ-тардың тұрақты және жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету — өзектілігін жоғалтпайтын басты мәселелердің бірі болып қала бермек.
Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының көшпелі отырыстары медиасферадағы жаңалықтармен алмасу, пайдалы ақпарат алу және тиімді орта құру үшін өте маңызды, — деді А.Сатвалдиев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар бойынша Журналистер клубы 2009 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында этносаралық қатынастар, патриотизм, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін сыйлау сияқты тақырыптарды кеңінен насихаттау және дамыту мақсатында құрылып, осы уақыт аралығында үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Басты міндет — этностардың бірлігін нығайту, мәдени және діни айырмашылықтарды құрметтеу.

Біз этносаралық келісім мәселелерінде мемлекеттің саясатын насихаттауға және осы бағыттағы іске асырылып жатқан нақты іс-шараларды қолдауға күш саламыз. Біз барлық Журналистер клубының мүшелерін еліміздің ақпараттық алаңында болып жатқан процестердің белсенді қатысушылары мен талдаушылары болуға, сондай-ақ азаматтарымыздың өмірін жақсартуға бағытталған бастамалар туралы ақпаратты таратуды белсенді қолдауға шақырамыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық маңызы жоғары құрылымдарының бірі Журналистер клубының жыл сайынғы кезекті отырыстары биыл 4 өңірде өтеді. Бүгін Ақтөбе қаласында кездесіп отырмыз және жиынымызға Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы клуб мүшелері қатысуда. Бұдан кейінгі көшпелі отырыстар Қостанай, Өскемен, Қонаев қалаларында жалғасып, ол жаққа да көрші өңірлердің өкілдері шақырылатын болады, — деді ҚХА Журналистер клубының төрағасы.
Ол баяндамасында журналистердің қоғамдағы рөлін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Журналист — мәртебелі мамандық. Ол — ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Әлихан Бөкейхан: «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл — бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады» деген болатын.
Күні кеше, 19 маусымда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа Заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді.
Ассамблеяның Журналистер клубының ұйытқы болуымен жыл сайын өткізілетін көшпелі отырыстар барысында еліміздегі тың жобалар жан-жақты сарапқа салынып, әріптестер өзара ой бөлісіп, нәтижесінде тиімді орта құруға жол ашылуда. Бүгінгі кездесуіміз де жемісті болатынына сенімдімін, — деп А.Сатвалдиев көшпелі отырыс жұмысына сәттілік тіледі.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Ғ.Елеуов, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Конрад Аденауэр атындағы қордың өкілдері сөз сөйлеп, ҚХА өңірлік қоғамдық құрылымдарының жергілікті және республикалық БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелері, және т.б. туралы жан-жақты әңгімеледі.

Жаңа заң және жаңа мүмкіндік

Жиында ҚР МАМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов «Масс-медиа туралы» Заңның ерекшеліктері туралы айтып берді.
Айта кету керек, құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында мемлекет мүддесі, қоғамның сұранысы мен медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасы аясында әзірленді.
Құжатқа «Бұқаралық ақпарат құралдары» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Журналистердің құқықтары мен бостандықтары қорғалуға тиіс, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі ерекше құқықтары осы мәртебеге саяды. Мәселен, ақпарат алуға тоқталсақ. Жаңа заңға сәйкес ақпарат журналистке 5 күнде берілуге тиіс. Ал төтенше жағдайлар, бір оқиғалар болған кезде тиісті мемлекеттік уәкілетті органдардан 1-2 күннің ішінде жедел жауап алуға да мүмкіндік бар.
Жаңа заң мемлекеттік тіл мәртебесінің арта түсуіне септігін тигізбек. Мемлекеттік тілдің көлемін 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленіп отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жылдан бастап — 55, 2027 жылдан бастап 60 пайызға жеткізіледі.
Заң аясында журналистердің қауіпсіздігі де қорғалған. БАҚ-тың басшылары тапсырмамен жіберген журналистің қауіпсіздігіне жауапты болады. Олар материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуге тиіс. Егер тапсырманы орындау барысында журналист зардап шегетін болса, онда басшылық шығынын төлеуге міндетті.
— Журналистика — сенімді және тексерілген ақпарат беруді мақсат ететін қоғамдық институт. Төтенше жағдайларда өз міндеттерін атқару кезінде журналистер өміріне үлкен қауіп төндіреді. Дегенмен журналистер жұмыс істейтін БАҚ-тың барлығы өз қызметкерлерін қауіпсіздік техникасымен қамтамасыз ете бермейді. Оған себеп — БАҚ басшылығының жауапкершілікке салғырт қарауы, сондай-ақ үнемдеуге ұмтылуы. Сонымен қатар журналист еңбегінің арқасында БАҚ өзекті ақпарат алып, БАҚ-тың жоғары рейтингке ие болуына мүмкіндік береді. Бұдан былай БАҚ жаңа заңға сәйкес өз қызметкерлерін әлемдік жетекші БАҚ тәжірибесіне сай қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті, — деді Қайнар Ахетов.
Айта кету керек, негізгі құжатқа жалпы 200-ден астам норма енгізілсе, ілеспе заңға 50-ден аса өзгерістер енген.

Біздің анықтама:

***
Журналистер клубы — толеранттылықты нығайтып, этносаралық, қоғамдық келісім мен азаматтық бірлікті сақтауда БАҚ күш-жігерін шоғырландыруға ықпал ететін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-сараптамалық алаң.

***
Елімізде барлығы 21 журналистер клубы бар (1 республикалық және 20 өңірлік). Мүшелердің жалпы саны 200 адамнан асады, олардың құрамында этносаралық тақырыпты жариялайтын республикалық және өңірлік БАҚ журналистері (басшылар, бас редакторлар, тілшілер) бар.

Платформа: ерекшеліктер мен артықшылықтар

Көшпелі отырыста «Сұрауы бар» ютуб арнасының авторы Ербол Сейілхан шеберлік сағатын өткізді. Ол ютуб арнасын жүргізудің ерекшелігі мен менеджменті жайлы дәріс оқып, бұл платформаның мүмкіндігі туралы кеңінен түсіндірді. Ербол Сейілханның айтуынша, ютубта табысты болудың бір жолы бар. Ол — тұрақты, жүйелі түрде видео жүктеу.

Ютуб бұл үшін ақы талап етпейді, керісінше, әр материал үшін сізге ақша төлейді. Бірақ бұл көрсеткішке жету үшін тиісті талаптарды орындау қажет. Елімізде 8 миллионға жуық адам ютубта қазақ тіліндегі контентті көреді. Бірақ олардың сұранысын сапалы мазмұнмен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан керегін таппаған көрермен орысша контентті тұтынуға мәжбүр. Сондықтан ютубта қазақ тіліне деген сұранысты арттыру қажет. Бұл үшін сан емес, сапаға мән беруіміз керек. Бүгінгі жиында әңгіме арқауына айналған этносаралық қатынасты да осы ютуб арқылы да насихаттауға болады. Этносаралық тақырыптан қызықты контент жасауға болады, — деді Ербол Сейілхан.
Ақтөбедегі алқалы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі мен іс-шараларын ақпараттық қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері оқытылды. Сондай-ақ журналистер Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін қамту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.
Көшпелі отырыстың түстен кейінгі екінші кезеңінде медиа саласының майталмандары журналистерге этносаралық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу тәсілдерін үйретті. Сондай-ақ этносаралық қақтығыстарды медиада жариялаудың нақты мысалдары негізінде практикалық тренингтер өткізілді.
Ассамблеяның Журналистер клубы өткізген диалог алаңы журналистерге білім алуға, тәжірибе алмасуға және шабыт беруге бірегей мүмкіндік берді. Қалам иелері кәсіби дағдыларын кеңейтіп, болашақта кәсіптеріне пайдасын тигізер қажетті құндылықтарды алғанына риза.
Басқосу қорытындысы бойынша белсенді журналистер облыстық «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Винаградова, «АqtÓbe» телеарнасының шеф-редакторы Бибігүл Биманова және «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкері Бекзат Молдыкешовалар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың Алғыс хатымен және сертификаттарымен марапатталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button