Ұрпақ тәрбиесі — ұлт тәрбиесі
Бүгінгі қоғамда жауапкершіліктен қашатын ата–аналар, тәртіпке көнбейтін жасөспірімдер, қатыгездікке жол беретін жастар көбейіп барады. Мұның бәрі отбасы құндылығына, бала тәрбиесіне, жалпы алғанда, жастардың болашағына кері әсер етіп жатыр. Осы орайда біз Ақтөбе қаласындағы жетім, ата–анасының қарауынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін «Аяла» орталығының мамандарымен, сондай–ақ облыстағы құқық қорғау және білім беру саласы өкілдерімен әңгімелескен едік...
«Аяладағы» ахуал
Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Тәрбие — тал бесіктен» деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы, бала тәрбиесі — аса жауапкершілікті қажет ететін дүние. Жастарға түзу жол көрсету — ата-ананың міндеті. Дегенмен бала естігеннен гөрі көргенін қабылдайды. Сол себепті оларға үлгі көрсету арқылы тәрбие берудің дұрыстығын психологтар жиі айтады.
Ақтөбе қаласындағы «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында тұрып жатқан тәрбиеленушілердің дені — ата-анасы болса да жан жылуына, мейірімге шөлдеген балалар. Мұнда тұрып жатқан 57 тәрбиеленушінің 14-і ата-анасы бас тартқан балалар болса, 43-і — әртүрлі себептермен уақытша тұрып жатқандар.
Орталықтың директоры Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, мұнда уақытша тұрып жатқан балалар — отбасында жағдайы жоқ, ата-анасына қатысты сот процесі жүріп жатқан, сондай-ақ басқа да себептерге байланысты осында тұрып, бейімделуге мұқтаж жеткіншектер.
— «Аяла» орталығы 2019 жылы ашылды. «Алға» балалар үйі мен Ақтөбе қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бірігуінен осы орталық құрылды. Бұл орталық басында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы болып өз жұмысын бастады. Бүгінде мекеме атауы өзгертілді. Бұл жерде жетім, панасыз, қадағалаусыз, ата-анасының қарауынсыз қалған, қолайсыз отбасылардан шыққан балалар мен жасөспірімдер тұрады. Жалпы, орталықта бес түрлі санатқа жататын балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеп отырмыз. Мұндағы тәрбиеленушілердің ішінде екеуі — жетім, 6 бала — «Алға» балалар үйінен келгендер. Ережеге сәйкес бұл мекемеде балалардың статусы болмаса, алты ай ғана тұруына рұқсат беріледі. Одан кейін ата-аналары, туыстары алып кете алады, — дейді Гүлбарша Шарапиқызы.
«Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы ауданында орналасқан. Мекеме ғимараты сонау 1970жылдары салынған. Екі қабатты, ұядай ғана орталық 40 орынға арналған. Алайда мұнда келетін балалардың саны жыл артып көбеюде. Биыл облыстық білім басқармасының ұсынысымен орталыққа тағы бір ғимарат берілген. Қазір ол жерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал «Аяланың» негізгі ғимаратында биыл күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 21 млн теңге қаржы бөлінген.
— Орталыққа берілген қосымша ғимарат қала сыртындағы Кеңес Нокин ауылында орналасқан. Ғимарат екі қабатты, мектепке жақын жерде тұр. Биылғы жаңа оқу жылына дейін жөндеу және құрылыс жұмыстары аяқталса, мұндағы уақытша тұрып жатқан жасөспірімдер сол жерге көшіріледі. Қазір ол жерде асхана, жуыну бөлмелері жоқ. Оларды жасақтау үшін мемлекеттен қаржы бөлінуі керек. Біз қазір қаржы бөлінгенін күтіп отырмыз, — дейді орталық басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Аяла» орталығында 57 адам жұмыс істейді. Атап айтсақ, 9 тәрбиеші, 9 түнгі тәрбиеші, екі психолог, екі әлеуметтік педагог, бір жалпы тәжірибелі дәрігер, үш медбике, бір есепші, сондай-ақ асхана қызметкерлері мен күзетшілер, аула сыпырушылары және бар. Орталықтың қосымша ғимараты қолданысқа берілген соң мұнда логопед және дефектолог мамандар жұмыс істейтін болады.
Бүгінде орталықтың тәрбиеленушілері жынысына және жасына, сондай-ақ туыстығына қарай бөлмелерге орналастырылған. Олар бес мезгіл ас ішеді, мемлекет тарапынан тегін киім-кешекпен, оқу құралдарымен, тұрмыстық заттармен толық қамтылған. Балалар сабаққа, мәдени іс-шараларға, үйірмелерге тәрбиешілердің көмегімен барады. Барлық тәрбиеленушіге жалғыз жүруге, сыртқа рұқсатсыз шығуға тыйым салынған.
— Мұнда балаларға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Мәселен, психологиялық көмекті психолог мамандар өзара әңгімелесулер, тренингтер, терапиялар арқылы жүргізсе, медициналық қызметті дәрігер мен медбикелер көрсетеді. Мұндағы барлық тәрбиеленуші №7 қалалық емханаға тіркелген. Сол емханада жыл сайын арнайы медициналық тексерістен өтеді. Сондай-ақ қазір біз Ақтөбе әдістемелік орталығындағы «Жан сыры» атты психологиялық орталықтың мамандарымен бірлесіп, балалармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ал әлеуметтік көмекке келсек, біз мұндағы балалардың құжаттарын түгендейміз, статус берілген жасөспірімдерге есепшот ашамыз, тұрғын үйдің кезегіне қоямыз. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, балалардың тәртібіне қатысты іс-шаралар өткіземіз. Себебі мұндағы тәрбиеленушілердің бір бөлігі — өз бетімен жүріп, көше аралауға бейімделген балалар. Олармен күнделікті жұмыс жүргізу — біздің басты міндетіміз, — дейді Гүлбарша Жиенқұлова.
Қазір орталықтағы тәрбиеленушілер Ақтөбе қаласындағы №29, №72 орта мектептерде оқиды. Орталық мамандары мектептермен тығыз байланыста. Мектеп жанынан құрылған әкелер және аналар клубы мұндағы балалардың спорттық, мәдени іс-шараларға қатысуына, олардың өз қызығушылығы мен бойындағы қабілеттерін арттыруына жағдай жасауда. Қазір орталықтағы балалардың дені үйірмелерге, спорттық секцияларға барады. Тіпті олардың арасында облыстық, қалалық деңгейде жеңіл атлетикадан, волейболдан жарыстарға қатысып жүрген жасөспірімдер бар.
Жан жылуы мен мейірім жетіспейді
Орталық тәрбиеленушісі Аружан есімді қыз — отбасындағы төрт баланың ортаншысы. Әкесі де, анасы да бар. Алайда отбасындағы жағдайға байланысты қазір отбасындағы кәмелет жасқа толмаған үш бала «Аяла» орталығында тұрып жатыр. Оларды осыдан үш апта бұрын инспекторлар осы мекемеге әкеліп табыстапты. Мектепте сабақты жақсы оқитын, елгезек әрі алғыр қыз қазір отбасына, ата-анасына оралғысы келетінін айтады.
— «Аяла» орталығында үш аптадан бері тұрып жатырмын. Анам ауруханада емделіп жатыр. Мұнда келгелі жаңа достар таптым, қазір жағдайым жақсы. Ұстаздарымыз жағдайымызды сұрап тұрады. Дегенмен ата-анама оралғым келеді. Бұл жерде жағдай жақсы болса да, өз үйіңе жетпейді, — дейді ол.
Аружан биыл 8-сыныпты бітірген. Ол болашақта заңгер болғысы келеді. Оқуда озат, зерек оқушы 11-сыныпты аяқтап, еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне оқуға түспек. Оның бар тілегі — жақсы маман болу және бауырларына қамқорлық көрсету.
Орталық басшысы Гүлбарша Жиенқұлованың айтуынша, қазір «Аялада» уақытша тұрып жатқан жасөспірімдердің көбінің ата-аналары теріс жолға түскен, отбасы құндылығы мен ата-ана жауапкершілігін сезінбейді.
— Бала тәрбиесі — бұл бүтін бір халықтың болашағы. Сондықтан жас ұрпақтың тәрбиесіне, болашағына атүсті қарауға болмайды. Қайсыбір ата-ана болмасын, баласының жаман болғанын қаламайды. Шама-шарқы жеткенше жақсы тәрбие беруге тырысады. Қазір балаларға қатты сөйлеуге болмайды, психикасы бұзылады деп жатады. Балаға жәбір көрсетіп тәрбиелеу — бізге жат дүние. Дегенмен артық кеткен жерінде «тәйт» демесең, тағы болмайды. Өкінішке қарай, бізге уақытша мерзімге келетін балалардың дені — осы отбасындағы «тәйтті» көріп, сезінбей өскен балалар. Жалпы, қазір балалардың үйден қашуы, қатыгездікке баруы, ата-анаға қарсы шығуы — осының барлығы әке мен ананың мейірімін сезінбеуден, толыққанды тәрбие берілмеуден болады. Көп отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішімдікке салыну, ажырасу, басқа да жағдайлардың салдарынан балалар зиян шегуде. Ата-аналарда жауапкершіліктің болмауынан, балаларына мейірім мен жылулық бермеуінен жастар көшеде тәрбиеленуде. Осыдан келіп қазір қоғамда қылмыс жасайтын, жаман жолға түсіп кетіп жатқан жастарымыз бар, — дейді Гүлбарша Жиенқұлова.
Оның айтуынша, бүгінде орталықта тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдердің арасында тәртіпке көнбейтін, ұстаздардың айтқанын тыңдамайтын, ұрлыққа, басқа да бұзушылықтарға әуес жастар бар. Мәселен, биыл мұндағы тәртіпке көнбеген бір бала әлеуметтік бейімделу орталығына жіберілсе, бір жасөспірім Жайсаңдағы арнаулы білім беру орнына ауыстырылған. Сондай-ақ қылмыс жасаған екі жасөспірімнің бірі Ақтаудағы мамандандырылған мектепке, екіншісі Тараз қаласындағы арнаулы жабық мектепке жіберілген.
— Біздің мақсатымыз — орталыққа балаларды көп қылып қабылдай беру емес, керісінше, олардың жақсы тәрбие алып, өз отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасау. Сондықтан осы орайда біз құқық қорғау органдарымен және облыстық білім басқармасы мамандарымен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргіземіз. Әрине, ата-аналардың арасында баласына қарағысы келмейтіндері де кездеседі. Ондай жағдайда біз оларды ата-ана құқығынан айырып, басқа толыққанды отбасында өсуіне жағдай жасаймыз. Алайда есі кірген жасөспірімдер өзге отбасыларға барғысы келмейді. Қазіргі балалар өте ашық, ойын емін-еркін айтады, олар бізге бұл орайда өз ойларын ашық жеткізеді. Сондықтан жасы кішкентай балалар болмаса, жасөспірімдер өзге отбасына барудан бас тартады. Қазіргі таңда бізге хабарласып, бала асырап алуға ниетті екенін білдіретін адамдар көп. Олардың көбі бір-екі бала асырап алғысы келеді. Ал бір отбасынан келген 4-5 баланы ешкім алғысы келмейді. Жалпы, мұндай игі іске ниетті жандар республикалық база арқылы қорғаншылыққа, патронаттыққа кезекке тұруға тиіс. Олармен тиісті мекемелер жұмыс жүргізеді, — дейді орталық директоры.
Психолог не дейді?
«Аяла» орталығының психологі Әсем Төребаеваның айтуынша, әр отбасында балаға тұлға ретінде қарау керек. Оның ойын, пікірін ескеріп, онымен ақылдасу керек. Балаға қоғамдық орындарда, өзге адамдардың көзінше жекімеу, намысына тиетін сөз айтпау қажет. Есесіне ересек адам ретінде қабылдап, оңаша сөйлескен дұрыс. Мұндай қарым-қатынас баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, тұлға ретінде дамуына септігін тигізеді.
Психолог орталықтағы балалар ұстаздарымен ашық сөйлесетінін айтады. Мұнда барлық жастағы тәрбиеленушілермен әңгімелесулер өтеді, олардың әрқайсысына диагностика жасалады.
— Ересек балалар тұйық болып келеді. Олар өзгелерден ұялады. Ал кішкентай балалар жылулық жетіспегендіктен үлкендерге жақын болады. Сондықтан біз орталықтағы балалардың әрқайсысын бақылап отырамыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Дегенмен балалардың жаңа ортаға бейімделуі қиын, олар үйлерін сағынады, — дейді Әсем Төребаева.
Биыл облыста 26 қылмыс тіркелді
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Әділбек Биманбаевтың айтуынша, жыл басынан бері облыста түнгі уақытта жүрген 1810 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілген. Инспекторлар жасөспірімдерді ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне тапсырған. Ал ата-анасы жоқ немесе ата-анасы құқығынан айырылған отбасында өскен жасөспірімдер «Аяла» орталығына жеткізілген. Бес айдың ішінде инспекторлар 114 жасөспірімді аталған орталыққа апарған.
— Түнгі мезгілде жүретін жасөспірімдер әке-шешесіне «қазір келеміз» деп шығып кетеді. Ал ата-аналар балаларын қадағаламайды. Міне, осыдан келіп жастар қылмысқа барады, бұзақылық істейді. Мәселен, бүгінде өңірімізде тіркеуде тұрған 200-ден астам жасөспірім бар. Профилактикалық есепте тұрғандардың саны — 47. Ал облыс бойынша мектеп және колледждерде сабақ үлгерімі төмен, сабаққа сирек келетін, тәртіпке бағынбайтын 358 жасөспірім бар. Сондай-ақ биыл үш жасөспірім арнайы мектепке жіберілді. Оның біреуі қыз бала болса, екеуі — ер бала. Алдағы уақытта «Аяла» орталығынан тағы бір ер бала жабық мектепке жіберілуі мүмкін, — дейді Әділбек Биманбаев.
Былтыр облыста жасөспірімдердің қатысуымен 43 қылмыстық іс тіркелсе, биыл олардың саны — 26. Өткен жылға қарағанда биылғы көрсеткіш азайған. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы бұзақылық, ұрлық, тонау, алаяқтық, т.б. істер әлі де тіркелуде.
Ал кәмелетке толмағандар арасындағы суицидке келсек, жыл басынан бері өңірде өз-өзіне қол жұмсау бойынша 4 дерек тіркелген. Былтыр 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қазір инспекторлар облыс бойынша барлық мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында 4324 лекция өткізген.
— Қазіргі таңда облыстық полиция департаментінде жастармен жұмыс жүргізетін 65 инспектор бар. Бұл, әрине, облысқа аз, кадрларды даярлауда тапшылық бар деуге болады. Дегенмен бұл бағытта қазір біз жан-жақты жұмыстанып жатырмыз, — дейді Әділбек Биманбаев.
Айта кету керек, биыл облыста жасөспірімдердің қатысуымен 26 қылмыс жасалса, жасөспірімдерге қатысты тіркелген қылмыс саны — 46.
Ақтөбеде ата-аналарды қолдау орталықтары бар
Облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Гүлдана Бакиеваның айтуынша, өңірдегі білім беру ұйымдары «ҚР Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасында буллингке қарсы іс-қимыл» оқу-тәжірибелік құралы, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін фактілердің алдын алу бойынша әрекет ұсыныстары мен отбасылық қолайсыздықты ерте анықтау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритм негізінде жұмыс істейді. Бүгінде жасөспірімдермен жұмыс жүргізуде барлық білім беру мекемесінде психологиялық қолдау қызметі құрылған. Оларда жалпы саны 450-ден астам педагог-психолог және 350 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл мамандарға қажеттілік Қобда, Мұғалжар аудандарында бар, қалған қала, аудандарда бала күтіміне байланысты мамандардың орындары уақытша бос тұр.
— Өткен жылғы оқу жылынан бастап облысымызда пилоттық режимде «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі және «Үйлесімділік», «Сенім. Тірек. Кеңістік» ағартушылық жобалары іске қосылды. Атап айтсақ, «Үйлесімділік» ағартушылық жобасы аясында «Зорлық-зомбылыққа түскен құрбандармен психологиялық жұмыс ерекшеліктері», «Жасөспірімдік шақтағы дағдарысты өткеру жолдары», «Жасөспірімдер арасында talk-like әдісінің тиімділігі», «Өзіме махаббатпен», «Мектеп жасына дейінгі балалардың әлеуметтік-эмоционалды дамуы» тақырыптарында педагог-психологтерге семинар-тренингтер өткізілді, ал «Сенім.Тірек.Кеңістік» ағартушылық жобасы бойынша «Жас ерекшелік психологиясы» бала өміріндегі келеңсіз оқиғалардың алдыналуға бағытталған (зорлық-зомбылық, аутодеструктивті мінез-құлық әрекеті, буллинг(кибербуллинг) оқыту семинары, «Үйренген дәрменсіздік» дөңгелек үстел, «Білім алушылардың әлеуметтік салауаттылығын анықтау сауалнамасы», «Психологиялық сұхбат: ашық-айқындаушы-қолдаушы сұрақтар» тақырыбында семинар-практикум, «Сүйіспеншіліктің бес тәсілі», «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық салауаттылық: буллинг, кибербуллингтің алдын алу мүмкіндігі» семинарлары өткізілді, — дейді Гүлдана Бакиева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға облыста барлық мектепте орналасқан Bala Qorgau QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіледі. Облыстық білім басқармасында және қала, аудандық білім бөлімдерінде сенім телефондары және Call-орталықтары жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер шағымдары бойынша осы телефондарға хабарласа алады.
— Былтыр облысымызда «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүзеге асыру аясында барлық мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» құрылып, кабинеттер ашылды. Бұл орталықтың мақсаты — балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту. Сонымен қатар тәрбие бағытындағы жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту. Бұл мекемелерде ата-аналарға арналған сабақтардың бағдарламасына сәйкес сабақ кестесі бекітіліп, айына бір рет ата-аналарды оқыту жұмыстары жүргізіледі. Бұл да жасөспірімдердің тәрбиесіне оң ықпал етуде. Қазір ата-аналардың көбі жұмысбасты. Сондықтан осындай орталықтар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты дұрыстауға, жақындастыруға қажет, — дейді бас маман.
Р.S. Қорыта айтсақ, жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау және оның алдын алуүшін ата-ана мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек. Баланың тәртібіне, алдымен, ата-анасы, одан кейін білім алатын оқу орны жауап беруге тиіс. Сондай-ақ жас жеткіншектердің тәрбиесіне өзі жүрген ортасы — достары, сыныптастары да әсер етері хақ. Сол үшін бала тәрбиесін қоғам болып атсалысудың маңызы зор.
Данагүл ҚАЗИХАН.