Жаңалықтар

Оқырман

  • Қазына

ҒАСЫР ЖАСАҒАН КЕЙУАНА

Байғанин ауданының Оймауыт ауылында тұратынТұраш әженің жасы бүгінде 104-те. Сонау 1920 жылы өмірге келген әженің балалығы ашаршылықтың нәубетті жылдарына, ал жастық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапылына дөп келіпті.

Тұраш Құдайқұлова Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық кентінде дүниеге келіпті. Қалың жұртты  жалмаған ашаршылық жылдарында өткен балалығы еміс-еміс есінде. Білері —әкесі бай-қуатты адам болған. Кәмпескеден қашып, Қарақалпақстанға өтер жолда әкесі түрікмендер қолынан қаза табады. Шешесі мен інісі үшеуі жаяулатып шекарадан өтеді. Өздерімен бірге ала келген үш түйені астыққа ауыстырып, жан баққан. «Әжеміз байдың қызы демесең, әкеден ерте қалып, балалығын көппен бірге ашқұрсақ өткізген, жетімдіктің де таяғын жеген», — дейді әжей туралы немересі Амангелді.

Ал есейіп, ес білгенде соғыс басталып, бойжеткен Тұраш тылдағы еңбек майданына білек түре кіріседі.

«Ол жылдары әр үйге азық-түлік тасумен айналыстым. Кешке қарай бала-шағаме ншойын жолдың бойында жұмысістеп, бос уақытымда соғысқа кеткендерге жүн шұлық тоқыдым», —депті әжейдің өзі ертеректегі естеліктерінде.

Соғыс басталғанға дейін Қарақалпақстанда Жантай Құдайқұловпен бас қосып, соғыс аяқталған жылы елге, жолдасының туған жері Доңызтауға оралады. Сол жерге тұрақтап, отбасында дүниеге 4 ұл, 4 қыз келеді. 1972 жылы өмір жолының бел ортасына келгенде жолдасы дүниеден озып, 8 баланы өзі жеткізеді. Сауыншы боп жұмыс істеп, сиыр сүтінен алынған май, қаймақты совхоздың мекемесіне өткізіп, жоспар орындаған. Бертін келе Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылына көшіп келеді. Зейнетке шықса да, қарап отырмай, гаражда күзетші болып жұмыс істеген.

Қазіргі таңда ұл-қыздан 33 немере, 64 шөбере, 12 шөпшек сүйіп отырған әже бүгінде ортаншы баласының қолында тұрады.

— Үйдің кенжесімін. Балалық шағым есімде. Әкемнен 2 жасымда айырылдым. Ал анамның маған бергені де, үйреткені де мол. 2-класта оқып жүргенде шұлық, 4-класта кеудеше тоқуды үйрендім. Түйе жүнін анам дайындап береді, мен тоқыма тоқимын. 10 жастан кейін алаша, текемет тоқытты. Қолөнердің барлық түрін үйретті. Қанмен келген шеберлік те бар, әрине. Мектептегі іс-шаралардан да қалдырмады, балаға керекті, әсіресе қыз бала білуі керек деген нәрсенің бәрін үйретуге тырысты. Сол үшін де көп еңбектенді. Анам туралы айта бергім келеді. Қыздарының құрақ көрпелерін өзі құрады. Тіпті менің қызыма тұрмысқа шығарда да өз қолымен құрақ көрпесін жасап берді. Барлығына да солай, арнайылап дайындап қояды. Қара шаңыраққа барған кісі үйден құр қол шықпайды. Қолындағы аға-жеңгем анам бос отырса, ауырып қалатынын айтады. Ауданның басынан өзі сұратқан маталарын алдырады. Беріп жіберіп отырамыз. Қазір үлкейіңкіреп қалды ғой, сәл ертеректе газет оқыды, теледидар көрді. Шөберелерін де өзі қарап отыр. Қазір анамнан алған тәрбиемен балаларымды тәрбиелеп отырмын. Өміріме азық болған тәлімді, білімді, өнерді анамнан алдым. Әкем де шебер кісі болған. Сүйектен тарақ жасаған, Доңызтауда қауын еккен. Қуақылығы бар әкемнің қызықты әңгімелері көп болыпты, — деп Тұраш әженің қызы Мейрамгүл апа әдемі естеліктермен бөлісті.

Әңгіме барысында әжесі туралы немерелерінің де үлкен махаббатпен айтатынын байқадық.

— Келін болып түскелі әжеден көп нәрсе үйрендім. Жұмысбасты болған соң, балаларымның бәрін бағысты. Босанып, балам қарайған соң, еш ойланбастан үлкен енеме тастап, жұмысқа шығып кететін едім. Жасы бірталайға келсе де, әлі күнге дейін шаруадан қалған емес. Құрақ құрап, тоқыма тоқиды. Құрақтың қыр-сырын осы кісіден үйрендім. Бос отырса, ауырып қалатынын айтып, немерелеріне киім-кешектің түрін тігіп, тоқып береді, — дейді әженің немере келіні Айымгүл.

Көп сөйлей қоймаса да, біздің «Ұзақ жасаудың сыры неде?» деген сұрағымызға Тұраш әже: «Тылда еңбек етіп жүрген кезде үй-үйге тамақ таратып жүріп алғаным — алғыс пен бата. «Алғыспен ел көгереді» дейді ғой қазақ. Өмір жолымда да ешкімге қиянат жасамауға тырыстым. Ұзақ жасауымның себебі де осы алғыстардың арқасы шығар», —  деп жауап берді.

Ашаршылықтың тауқыметін, сұм соғыстың қасіретін көрген Тұраш әже қазіргі бейбіт заманды бағалау керектігін айтты. «Қазір халқымыз бейбітшілікте, тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Соның қадіріне жету керек, мастанбау қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», — деп аяқтады сөзін ғасырдан асқан кейуана.

Әйгерім ЖАРТИНА,

Байғанин ауданы.

  • Мерейлі отбасы

ПОЛИЦЕЙЛЕР ДИНАСТИЯСЫНЫҢ ДІҢГЕГІ

Шалқар ауданы бойынша ішкі істер саласының 100-ге жуық ардагері бар. Солардың арасындағы ең жасы үлкені, милиция майоры шенімен құрметті еңбек демалысына шыққан 83 жастағы Жақсыбай Керековті ізбасар әріптестері  үлгі тұтып, батасын алады.

Ардагердің әкесі Керек Әлиев Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, қан майданда ауыр жараланады. Елге оралысымен еңбектен қол үзбей, қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына да араласады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, сол Керек қарияның екі ұлы Жақсылық пен Жақсыбай жергілікті милиция қызметінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, осы саладан зейнетке шығады. Осы екі ақсақалдан өрбіген Керековтер әулетінде қазір сақшылардың төртінші буыны жұмыс істейді. Бүгінде әулет үлкеніне айналған Жақсыбай ақсақалмен тілдесе қалсаң, қоғамға тәртіп орнатуға аянбай тер төккен ілгерідегі аға толқынның өлшеусіз еңбегіне қанығасың.

— Мен 1965 жылы Шалқар аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиция болып жұмысқа орналастым. Үш жылдай кезекші инспекторлық қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққанға дейін криминалды полиция бөлімшесінде болдым. Криминалды полиция қызметінің атқарар жүгі өте ауыр. Біріншіден, онда жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыс барысындағы құпияны сақтай білу керек, екіншіден, олар уақытпен санаспай, еріншектікке салынбай еңбек етулері қажет. Біз кешегі кезеңнің тәрбиесін көрдік. 1966 жылдан бастап адам құқықтарын сақтайтын, бұзақылыққа күшейтілген заңдар шыға бастады. Бұның қоғамдық тәртіпті тұрақтандыруға көп пайдасы болды. Біз күн-түн демей, қызмет істеуге әбден төселдік. Үйімізге бір-екі апта оралмайтын кездеріміз болды.  Осындай тынымсыз еңбектің арқасында қандай қылмыс болмасын, ары кетсе бір-екі айдың ішінде ашылатын еді. Менің қызметтік тәжірибемде ең ұзақ уақыт бойы ашылмаған қылмысты зерттеу тоғыз айға созылды. Ол осы қалада түнде кісі өлімімен аяқталған  ауыр қылмыс еді. Міне, осы қылмысты ашу бізге оңайға соқпады. Дегенмен құпия әрекеттеріміздің нәтижесінде бұл іске кінәлі қылмыскерді ақыры  анықтадық.

Біз жұмыс істеген кезде қазіргідей техникалық мүмкіндіктер болған жоқ. Аудандық ішкі істер бөлімінде бір ғана көлік болды, ол басшылықтан ауыспайтын-ды, телефон байланысы да нашар еді, — дейді ақсақал өткен кездерді есіне  алып.

Қырағы қызметте қажырлы еңбек еткен ардагер түрлі деңгейдегі сый-құрметтерден де кенде емес. Омырауында «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін»  сынды бірқатар медальдар өлшеусіз еңбегіне берілген алғыстай болып жарқырайды.

— Шалқар аудандық полиция қызметі тарихында сақшылық қызмет ұрпағына жалғасқан Кереков, Кәлкентаев, Қалиев, Дәулеталин, Үркімбаев, Шектібаев, Мусин, Наржанов, Маханбетов, Мұздақов, Үсенов, Мұханбетжанов  әулеттерін атап айтуымызға болады. Осы әулеттердің бастауында тұрған аға буын өкілдеріне біздің қашанда құрметіміз жоғары. Үлкендердің ақыл-кеңесі артық етпейді, олардың тәжірибесі қазіргі жас кадрларға ауадай қажет. Ардагерлеріміз қоғамнан тыс қалмайды, оларға сый-құрмет көрсету біздің парызымыз, — дейді аудандық полиция бөлімі ардагерлері ұйымының төрағасы Қонысбай Дәулеталин.

Полицейлер династиясының берік діңгегіне айналған Жақсыбай ақсақал мен қосағы Жәнайкүл әже ұзақ жылдардан бері бес уақыт намазын оқып, Жаратқаннан үрім-бұтағының амандығы мен тәуелсіз мемлекетіміздің тыныштығын тілеп отырған бақытты ата-әже.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

  • Ұлттық тәрбие

ҚАСИЕТТІ ДОМБЫРАНЫ ДӘРІПТЕГЕН АУЫЛ БАЛАЛАРЫ

Қарғалы ауданындағы Әлімбет орта мектебінің «Сарыарқа» халықтық домбыра оркестрі — ауыл балаларына қазақтың қасиетті аспабын үйретіп, оларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеп жүрген ұжым.

Жас домбырашылардың жетекшілері — нағыз домбыраның құлағында ойнаған музыка пәнінің маманы Ерболат Кенжехан. Ерболаттың туып-өскен жері — Моңғол республикасына қарасты Баян-Өлгей өңіріндегі Қалақшылар ауылы екен. Бұл жерде қазақтың түрлі домбыра, қобыз, сыбызғы, т.б. аспабымен даланы шулатқан өнерпаздар мекен етсе керек. Сондықтан ауыл осылай аталған деседі. Ерболат та домбырамен қатар, басқа да аспаптарда шебер ойнайды. Ауыл балаларының басын қосып, домбыра оркестрін құрған Ерболаттың шәкірттерінің арасында республика, облыс көлемінде танылып жүргендер баршылық.

Әлімбет мектебінде музыка пәнінен шәкірттерге білім берген ұлағатты ұстаздың тәжірибесі — 30 жыл. Соның 25 жылында мектептегі жұмысымен қатар, өнерлі балалардың талантын ұштап, оркестр құрып, домбыра үйретіп келеді. Бүгінде шәкірттерінің арасында мектеп бітіріп, кәсіби музыкалық білім алғандар да баршылық. Олардың бірі қазір өзімен бірге жұмыс істейді. Бұл да еңбектің жемісі.

Аты ауыл-аймаққа тез танылған ауылдық домбырашылар оркестрі өз жұмысын 1998 жылы сегіз оқушымен бастаған-ды. 1999 жылы құрамында 18 жасөспірім бар «Сарыарқа» домбырашылар оркестрінің даңқы ауданға да жетті. Ал 2019-2022 жылдар аралығында оркестр «халықтық» атағын қорғаған. Бүгінде ұжым құрамында 60 жас домбырашы бар халықтық ұжым — аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері.

Ауылдың қара домалақ балаларына қасиетті қоңыр домбыраны үйретіп, оларды үлкен-үлкен сахналарға шығарып, ұлттық құндылықтарды, ата-баба мұрасын дәріптеп жүрген Ерболаттың бұл ісі — барлығымызға үлгі.

Әлімбет деген іргелі елдің азаматтары да ұрпақты игі іске жетелеп, елге шағын ауылын танытып жүрген ұл-қыздарына демеушілік білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қолдаушысы бар болса, «Сарыарқаның» әлі самғары анық.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.  

  • Үлгі

ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ

Ырғыз ауданы Құтикөл ауылындағы қасиетті қара шаңырақ — ТелжанШонанұлы атындағы орта мектептің түлектері өздері білім алған, балалық шағы өткен жерге жиі келіп тұрады.

Аталған мектепті  2014 жылы тәмамдаған түлектер жақында мектепке келіп, ұстаздарымен қауышып, балалық шағын еске алды. Осыдан 10 жыл бұрын қанат қағып жан-жаққа ұшқан түлектер білім шаңырағындағы акт залына заманауи үлгідегі сахналық жапқышты сыйға тартты. Оқушы кездерінен әдемілікке, әсемдікке жандары жақын түлектер осылайша ұжымды, оқушыларды бір қуантып тастады. Сахналық жапқыштың жалпы құны — 200 000 теңге.

Қимас мекен, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, білікті білім мен тәлімді тәрбие берген киелі білім шаңырағына осыдан 30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер де келді. 1977 жылы туған 26 түлек «Мемлекеттік рәміздер бұрышын» сыйға тартты. Осылайша бір жағынан перзенттік парыздарын өтесе, екінші жағынан кейінгі іні-қарындастарына жақсы естелік қалдырды.

Мемлекеттік рәміздердің жалпы құны — 500 000 теңге. Рәміздерді қадірлеу жас буынның мемлекет тәуелсіздігін құрметтеу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін нығайтатыны анық. 1977 жылы туған түлектер осыдан 10 жыл бұрын тек мектептің ғана емес, жалпы ауылдың көркіне айналған тарихи мәні бар монументтік ескерткіш сыйлаған болатын. Тарихи-көркем құндылығы бар ескерткіш елімізге белгілі тұлға, қоғам қайраткері Телжан Шонанұлына арналған болатын.

Жақсы бастамалардың басында жүретін 1977 жылғы түлектердің әрбір тартуының өзіндік ерекшелігі, тарихи мәні бар. Қаншама ұрпаққа үлгі бола білген мектебіміздің түлектеріне алғысымыз шексіз. Өздеріңіздей түлектерді мақтан етеміз!

Индира КӨШЕРБАЙҚЫЗЫ,

Т.Шонанұлы атындағы орта мектептің тәлімгері.

Ырғыз ауданы.  

  • Алғыс

РАҚМЕТ САҒАН, ДӘРІГЕР!

Адам ауырғанда алдымен Алладан медет сұрайды, содан кейін ақ халатты абзал жандардың алдына жан сауғалап келеді. Мен екінші топ мүгедегімін, зейнеткермін. Біраздан бері Ақтөбе қаласындағы облыстық ауруханада қан-тамыр хирургия бөлімшесінде ем алып жатырмын. Мұнда жағдай жақсы, науқастарға жылы қабақ та бар, жақсы ем де бар, жайлы орын да бар екен. Осы ретте аталған бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санатты білікті дәрігер Бернат Жаңабаевқа, емдеуші дәрігерлер Эрик Сұлтанғалиев, Ибрагим Бисеновтерге, мейірбикелер  Сәния Жаңабергенова, Айнұр Қалжанова, ГүлбануБагитоваларға бір топ емделушілер атынан ағалық алғысымды өз газетіміз арқылы білдіргім келеді.  Жалпы ұжым еңбеккерлерінің қызмет көрсетуі өте жоғары деңгейде.

Ақ халатты абзал жандарға отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін, осылай уақытпен санайпай еткен адал еңбектеріңіз үшін халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер.

Дүйсенбай КҮМІСБАЕВ, зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.  

  • Ауыл

АТА РУХЫНА АРНАЛДЫ

Қазақта «Би бол! Би болмасаң да, би түсетін үй бол!» деген жақсы сөз бар. Менің арғы атам Кенжалы мен Момын әжемнің құм ішіндегі кішкентай ауылда босағасынан қонақ кетпеген, бақ-дәулетті, ырыс-несібесі тасыған шаңырағы дәл осындай болыпты. Осы қара шаңырақта 1928 жылдың күзінде менің Үсенғазы атам өмірге келген.

Үсенғазы атам 1959 жылы әжем Тәрбиямен бас қосып, тоғыз бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол тоғыздан немере-шөбере тараған үлкен әулетпіз. Атам мен әжем кеңес заманында азық-түлік дүкенінде сатушы болып, зейнеткерлікке шыққан. Атам елге сыйлы, беделді кісі болған, балалары мен немерелеріне жақсы үлгі-өнеге көрсетіп, дұрыс тәрбие берген кісі болған. 2004 жылы 76 жасында дүние салған атамның өмірден өткеніне биыл 20 жыл толды.

«Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ дүниеден өткеннің рухын риза етуді міндет санаған ғой. Біздің әулеттің балалары мен немерелері жиналып, Байқадам ауылында атамның шаңырағында атамның рухына бағыштап ас бердік. Шаңырақта Жұмағали ағамның отбасы тұрады. Туған-туыс түгел жиналып, киіз үй тігіліп, жылқы жығылып, қазан көтерілді, бәйге тігіліп, тай жарыс өткізілді.  Қонақжай, жомарт, көзі тірісінде атағы елге жайылған атамның соңында қалған ағайын-туыстары берілген асқа мол жиналды. Өткенге салауат, бүгінге тәуба айтылып, болашаққа үміт етілді. Үлкендер алғысын айтып, батасын берді. Бұл да қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі ғой, соны жастарға көрсетіп, ұрпақ сабақтастығына жол салдық…

Шұғыла ҮСЕНҒАЗИНА,

Шалқар ауданы.

  • Ұрпақ

БАКАЛАВРИАТТАН ДОКТОРАНТУРАҒА

Ақтөбедегі NIS түлегі Бостон университетіне PhD бағдарламасына түсті

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Ержан Өмірзақов Nazarbayev University бакалавриатын бітіргеннен кейін бірден Бостон университетіне толық қаржыландырумен PhD бағдарламасына қабылданды.

PhD докторантурасына түсу —университетке түсу ғана емес, сонымен қатар сіздің оқуыңыз бен зерттеулеріңізді қадағалайтын нақты тәлімгер профессорды таңдау деген сөз. Тәлімгерден растау алғаннан кейін университетке түсу мүмкіндігі айтарлықтай артады. Сондықтан супервайзерді таңдауға мұқият қарау маңызды.

 

— Мен профессордың қызығушылықтарын, оның бұрынғы студенттерін және олардың жетістіктерін зерттедім. Өзімнің зерттеу тәжірибемді, сондай-ақ конференцияларға қатысу мен оқыту туралы пікірімді жаздым. Оқуға түсуге өтініш берген кезде ғылымның таңдалған саласында нақты мақсатқа ие болу және осы факультет неге оған қол жеткізуге көмектесетінін түсіндіру маңызды,—  деді Ержан.

PhD бағдарламасының артықшылығы — әртүрлі салаларда кәсіби зерттеушілерді қажет ететін жетекші халықаралық компанияларды тарту мүмкіндігінің болуы.

Қазіргі уақытта Ержан мансабын дамытудың екі траекториясын қарастыруда: академиялық және индустриалды. Бұл оның PhD-де қалай оқитынына байланысты болады.

— Мен бір нәрсені анық білемін: Мен өзімнің сапалы білімім мен кәсібилігіме сенімді болып қана Қазақстанға оралғым келеді,— деп бөлісті Ержан.

Оқушы кезінде Ержан сыныптасымен бірге Ақтөбеде экологиялық проблемаларды шешу және еріктілер қозғалысын дамыту жобасын әзірледі. Олардың жобасы АҚШ Елшілігінің қолдауына ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл біздің түлектеріміздің бакалавриаттан бірден докторантураға бірінші түсуі емес. Бұған дейін біз Ақтөбедегі NIS түлегі Олжас Есенбаевтың Айви Лигасы университетінен шақырту алғанын хабарлаған болатынбыз.

 Әйгерім АМАНҒАЛИЕВА,

Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы.  

  • Лебіз

Сәт сапар, түлектер!

Менің немерем Дияр Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 елді мекенінде орналасқан №45 жалпы білім беретін орта мектебін тәмамдады. Сол немеремнің мектеп бітіру кешіне ауылдан арнайы келіп, қатысқан едім. Осы әдемі мереке туралы кеш те болса өзіміздің сүйікті газетіміз — «Ақтөбе» газетіне жазғым келді.

№45 мектеп қаланың әдемі жерінде орналасқан ұядай ғана білім ордасы екен. Мектеп бітіруші түлектермен, ата-аналардың, мектеп ұжымының салтанатты іс-шараны керемет өткізгеніне және мені немеремнің атасы деп ауылдан арнайы шақырып, құрметтегеніне риза болдым. Мектеп ұжымының ұйытқы болуымен, немеремнің сынып жетекшісінің ұйымдастыруымен «Түлектер аллеясы» ашылып, түлектер 23 жас алма ағашын отырғызды.

Балаларға батамды беріп, мектеп директоры Алмагүл Ешмағамбетовамен бірге аллеяның лентасын қиып, балаларымызға ақ жол тіледік. Осы ретте жас болса да сынып жетекшісі Әйділда Әмиядиновтың еңбегін атап өткім келеді.

Мектеп ұжымына толағай табыс тілеймін. Осы іс-шарада би үйірмесіне қатысатын тағы бір немерем Сая да өнерін көрсетті. Немерелерімнің жетістіктерін көріп, қуанып қалдым. Оның да мұғалімдері нағыз ұстаз деген атқа лайық екен.

Міне, немерем, оның сыныптастары ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары оқу орындарын таңдап, үлкен өмірге аттанғалы жатыр. Барлық түлекке сәт сапар тілеп, жолы ашық болсын деймін.

Қыдырғали ЖАППАРОВ,

зейнеткер.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button