Жаңалықтар

Депутаттар тұрғындармен кездесті

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған депутаттар №7эвакуациялы қпунктте орналасқан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. 

Осы уақытша тұрақ ашылғалы мұндағы жұртшылықпен қоян-қолтық араласып, билікпен арадағы дәнекер болып жүрген Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Айзада Габсикованың айтуынша, аталған пункттебастапқы уақытта — 8 сәуірде 68 адам қоныстанған. Қазіргі таңда солардың аз бөлігі ғана жаңа оқу жылына дейін қалған. Өйткені аталған орын — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне қарасты студенттер жатақханасы.

Қазіргі таңда осы пунктке уақытша қоныстанған 16 отбасының 3-еуі жаңа баспанаға ие болды. Арасында үйлері жөндеуге келетіндері көп ұзамай көшіп кетті. Бүгінгі таңда 9 отбасы — 35 адам эвакуациялықпунктте тұрып жатыр. Барлығының жағдайы жақсы, ешқандай шағым жоқ. Үш мезгіл тамақ беріледі.  Санитарлық нормалар сақталған, мысалы, қалаған уақытында жуынып, басқа да тұрмыстық шаруаларын атқара алады. Әр отбасына бөлек бөлме берілді.

Бұйыртса, жақында бір отбасы мемлекет ұсынған пәтерге көшпек. Тағы 2 шаңырақ үйінің жөндеу жұмыстарын аяқтағалы отыр, — дейді қалалық әкімдік өкілі.

№7эвакуациялықпунктке уақытша қоныстанғандардың бірі — Толғанай Телеуова. Зейнеткер көктемде осында жұбайы, бала-келіні мен немерелерімен бірге келгенін айтты.

— 3 баланың анасымын. Отбасымызда 6 адамбыз. 24 наурыз күні қала іргесіндегі «Құрылысшы-7» бау-бақша ұжымындағы үйімізді су басып, паналауға мүлде жарамай қалды. Бұған дейін 8 жыл қатарынан көктем сайын су кірген, бірақ осы жолы қарқыны қатты болды. Амалсыздан осы жерге келдік.

Жолдасым екеуміз зейнет демалысындамыз, ұлым жекеменшік компанияда жұмыс істейді. Келінім бала күтімімен үйде. Бүгінге дейін 800 мың теңгеге жуық материалдық көмек алдым. Үйім жөндеуге келмеген соң, жергілікті билік жаңа пәтерге көшіреміз деп уәде берді. 20 шілдеге дейін күтіңіздер деді. Арманым — жаңа пәтерге қоныстану.

Мұнда барлығына көңіліміз толады. Жергілікті депутаттар да келіп-кетіп, жағдайымызды сұрап тұрады. «Халіміз жақсарады» деп жатыр. Соған сенеміз, — дейді Толғанай әже.

Тағы бір ақтөбелік Маржангүл Ерназарова:

Сәуір айында үйім суға кеткен кезден бері эвакуация орталығында тұрып жатырмыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Үш мезгіл тамақ беріледі, киноға, концерттерге билеттер таратылады. Төрт жасар қызымды түзету балабақшасына орналастыруға көмектесті. Қазір жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттік, үйімізге оралатын күн де алыс емес, — дейді ол.

Қатысушылардың арасында өтемақыға көңілі толмай, жөнделетін үйді бағалаушы мамандардың қызметіне сын айтқандар кездесті. Мәселен, жөндеуге жататын баспаналарға қаражат тым аз бөлінген. Жиналғандар депутаттарданосы мәселені шешіп беруді сұрады.

Эвакуациялықпункттегі ақтөбеліктермен сөйлесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған Парламент Мәжілісі депутаттарыМақсат Толықбай, Қазыбек Әлішев, Дания Еспаева, Жұлдыз Сүлейменовалар сапар соңында облыс әкімімен кездескенде, сондай-ақ Астанада осы арыз-шағымдарды жеткізуге уәде берді.

Ал қала іргесіндегі «Құрылысшы-1» бау-бақша ұжымындағы үйі суға кеткен зейнеткер Марқабай Мұхитов билікке алғысын білдірді:

— Осыдан он жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, саяжайдан үй тұрғызған едік. Бірақ биыл28 наурызда үйіміз суға кетті. Осы эвакуациялық пунктте болдық. Отбасымызда 12 адам болғандықтан, әрине, көшіп-қону оңай болған жоқ. Бірақ жақсылықтан күдер үзбедік.

Шүкір, жақында Есет батыр тұрғын алабынан 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Қуанышымыз шексіз. Басқа тағдырластарыма осы қуаныш жұғысты болсын! — деп ризашылығын айтты.

Соңында Астанадан келген депутаттардың атынан:

— Баспанасынан айырылу әр отбасы үшін үлкен сынақ екенін түсінеміз. Біздің міндетіміз — зардап шеккендерді уақытша орналастырумен қатар, олардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Біз су тасқынынан зардап шеккендердің әрқайсысына қолдау мен қажетті көмекті алуы үшін бар күшімізді саламыз. Бірлескен күш-жігерімізбен барлық қиындықты еңсеріп, жоғалғанның бәрін қалпына келтіреміз,— деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.

Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 7 уақытша орналастыру пункті жұмыс істейді, онда қазір 695 адам болса, соның 325-і — балалар.

Айта кету керек, су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарына 517 үй салынып жатыр. Сонымен қатар мемлекет есебінен 383 пәтер сатып алынды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button