Жаңалықтар

Заң жобасындағы өзгерістерді түсіндірді

Облысқа жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты, Amanat фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова партияның облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты және жергілікті кеңестердің мүшелерімен, сондай-ақ депутаттармен кездесіп, елімізде қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын заң жобаларын түсіндірді.

Алдымен сөз сөйлеген Дания Еспаева Мәжіліс әйелдер мен балаларды әлеуметтік, экономикалық және құқықтық қорғауға бағытталған бірқатар заң қабылдағанын айтты. Оның ішінде ең негізгілері — тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы қылмыспен күресуге қатысты түзетулер, несие берудегі қатерлерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер мен «Ұлттық қор — балаларға» Заңы.

Ал Жұлдыз Сүлейменова әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңның нормаларына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгіндеелімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалған қылмыс үшін жаза қатайтылып отыр.

— Заңдағы өзгерістерге келсек, енді жас баланы өлтіргені және педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ерекше жағдайларда агрессордың жәбірленушімен бір үйде тұруына тыйым салынады, —  деді ол.

Оның айтуынша, елімізде әйелдердің құқығын қорғаудағы шаралар тек аталған заңмен шектеліп қалмайды, алдағы уақытта Үкімет харассмент нормаларын Еңбек кодексіне енгізу, яғни еңбек ұжымдарында, университеттерде, қоғамдық жерлерде жыныстық тұрғыдан тиісіп, қорлауға байланысты нақты нормалар енгізіледі.  Заңды тұрғыда бұл орайда жауапкершілік қарастырылатын болады.

— Бұған қатысты біз, депутаттар, Парламентте күзде жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ алимент өндіре алмай жүрген жалғызбасты аналардың мәселесін шешуге де атсалысамыз. Бұл мәселені зерттеп, зерделеуде қазір біздің алдымызда екі түрлі шешім бар. Оның біріншісі алимент төлемей жүрген азаматтардың жұмыс берушілерінің жауапкершілігін қарастыру. Бұған қазір бизнес тарапынан қолдау жоқ. Ал екіншісі — жалпы алимент төлеудің мемлекеттік қорын құру. Бұған қатысты бүгінде Әділет министрлігі тиімді шешім таппай отыр. Тағы бір өзекті мәселе — қыздарды өз еркінен тыс некеге тұрғызу, алып қашу. Егер біз өркениеттен тыс қалғымыз келмесе, онда көш керуеніне ілесіп, бұл орайда тиісті заң қабылдауға тиістіміз. Қазір заман басқа, талап бөлек, неге біз қыздарымызды,балаларымызды жылата беруіміз керек? Сондықтан шынайы азаматтық, құқықтық қауіпсіз қоғам құрғымыз келсе, онда қатал заң қабылдап, қыз-келіншектердің, балалардың құқығын қорғауға тиіспіз, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Кездесу барысында депутаттар мен облыстағы Amanat  партиясының әйелдер қанатының  мүшелері биыл Президент қабылдаған заңдар мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз пікірлерін айтып, гендерлік теңдік, харассмент, ажырасу кезінде мүлікті бөлу, мектеп оқушылары арасындағы буллинг, балабақшада логопед мамандарының тапшылығы секілді мәселелерді көтерді. Сондай-ақ басқосудаAmanatпартиясының әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған жұмыстары туралы айтылды.

Қазіргі таңда партия жанындағы әйелдер қанаты өз жұмысын өңірлерде 10 бағыт бойынша дамытып келеді. Олар нәзік жандылардың қоғамдық-саяси процестердегі рөлін ілгерілетуге, сайланбалы лауазымдарға ұсыну кезінде оларды қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге бағытталған. Жақында көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris жобасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды.

Жиында облыстағы белсенді әйелдердің рөлі артып келе жатқандығы айтылды. Мәселен, қазіргі таңда облыста компанияларды басқаратын әйелдердің үлесі 51,1 пайызға жеткен. Ал өңірдегі әйел кәсіпкерлердің үлесі — 56,5 пайыз. Көшбасшы әйелдердің ең көбі, яғни 70 пайыздан астамы білім беру саласында қызмет етеді.

Айта кету керек, бүгінде өңірімізде Amanat партиясының 32 мыңнан астам мүшесі болса, оның 62,2 пайызы немесе 20 мыңға жуығы — әйелдер. Ал облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттағы 205 мандаттың 46-сы немесе 22,8 пайызы әйелдерге тиесілі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button