Жаңалықтар

Өзекті мәселелер қаралды

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжіліске басқарма басшылары, квазисектор өкілдері қатысты, аудан әкімдері бейнеконференц байланыс арқылы қосылды.

Жиында бірқатар мәселе, атап айтқанда, автожол саласын, олимпиадалық спорт түрлерін дамыту және ақтөбелік спортшылардың Олимпиада ойындарына қатысуы қаралды.

Сондай-ақ мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылаубасқармасының 2024 жылдың жарты жылындағы қызметі, өрт қауіпсіздігі, шегірткеге қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да назардан тыс қалмады. Әр мәселе бойынша өңір басшысы салалық орган басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен бірге аппараттық жиын барысында өңірдегі проблемалық құрылыс объектілерінің жағдайы қаралды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун мемлекеттік органның 2024 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметінің нәтижелері туралы айтты.

Жыл басынан бері мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс 18 тексеру жүргізіп, 11 нұсқама берген. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құқықбұзушылықтар үшін басқарма әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 143 хаттама жасап, 35 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Әкімшілік жауапкершілікке 53 құрылыс компаниясы, 6 жобалау және 24 мердігер мекеме, техникалық қадағалау қызметтерін жүзеге асыру бойынша 5 аккредиттелген ұйым, 2 сараптама ұйымы тартылды. Сондай-аққұрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуді бастау туралы 705 хабарлама қабылданды.

— 2024 жылдың басында Ақтөбе қаласында құрылысы ұзаққа созылған 12 нысан болды. Бүгінгі таңда олардың төртеуі пайдалануға берілді. Олар — Есет батыр шағын ауданындағы 320 орындық балабақша, «Арайлы» және «Космос» тұрғын үйлері және 12-шағын аудандағы жеке дүкен. Тағы үш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, бір нысан сүрілді. Қалғандарының құжаттары жинақталып жатыр, —  деп басқарма басшысы құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша жағдайды баяндады.

Асхат Шахаров құрылыс компаниялары облыс орталығының көшелерін ластайтынына назар аударды. Әкім қала бойынша құрылыс алаңдарынан балшық таситын құрылыс мекемелерінің көліктеріне әлеуметтік желілерде көптеген шағым түсіп жатқанын атап өтті. Оксана Сопрун басқарма инспекторлары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп жүк көліктерінің дөңгелектерін жуу және тазалау пункттері жоқ құрылыс объектілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатқанын айтты. Абаттандыру ережелері бұзылған жағдайда мердігер ұйымдарға айыппұл салынуда. Әкім қаланың құрылыс алаңдарында дөңгелектерді жууға арналған құрылғыларды орнату және пайдалану жұмыстарын бақылауды тапсырды.

— Аймақ үшін ең өзекті мәселелердің бірі — үлескерлердің жағдайы. Нақты бақылаудың болмауына байланысты біз қазір алдын алу емес, мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз. Басқармаға жұмыс жүргізу кестесін бақылау арқылы жаңа проблемалық объектілерді болдырмау үшін салынып жатқан тұрғын үй нысандарын ерекше бақылауға алуды тапсырамын, —  деп тапсырды облыс әкімі.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button