Жаңалықтар

Шаруалармен кездесті, жолдар мен құрылыс жұмыстарын қарады

Сенбі күні Қарғалы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров жолдардың жағдайын қарап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ аудандағы шаруалармен кездесті.

Алдымен облыс басшысы Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск тасжолына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап шықты. 2022 жылы басталған қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Жөндеу автожолдың 45-60 шақырымы және 60-75 шақырымдағы жол учаскелеріне жүргізілді. Жөнделетін жол учаскесінің жалпы ұзындығы — 29,8 шақырым. Жөндеу жұмыстарына 5,9 млрд теңге қаржы бөлінді. «Казкомсервис» ЖШС қайта жаңартылатын автожолды биыл аяқтауды жоспарлап отыр.

Мердігер ұйымның директоры Асхат Теңізбаев атап өткендей, жөндеу кезінде полимер қосылған жаңа технология қолданылады, бұл жол төсемінің қызмет ету мерзімін едәуір арттырады.

Айта кету керек, «Казкомсервис» ЖШС өзінің асфальт-бетон зауыты бар және жол жөндеу жұмыстарына өздерінен шығарылатын құрылыс материалдарын пайдаланады. Зауыттың өндірістік қуаты — 175 т/сағ.

Облыс әкімі күре тамыр жолдың сапасы маңызды екенін, халық оның сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтетіндігін алға тартты.

Асхат Шахаров сондай-ақ Ащылысай ауылында салынып жатқан жолдарды да қарап шықты. Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталғанын айтты. Соңғы 30 жылда бұл ауылда жолдар жөнделмеген. Қазір Ащылысайда Б.Момышұлы, Панфилов, Қазақстан және Каструбин көшелеріндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал Бадамшада үш көшеде суағар кәріздері жөнделуде. Жұмыстарға «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС жауапты. Жобаның құны — 505,7 млн теңге. Бадамшадағы Әбілқайыр хан, Әйтеке би және Пацаев көшелеріндегі суағарлар пайдалануға берілген кезден бері жөндеу көрмеген. Қазір тас блоктары жаңартылуда. Жұмыстар келер жылы аяқталады.

— Суағар жүйесі ауылға қажет. Әсіресе көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суының ағып кетуіне жақсы. Биыл аудан топан судан аман қалды. Дегенмен біз су тасқынына қарсы шараларды назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Үш көшеде салынып жатқан суағарларға қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын тапсырыс беруші белгілеген мерзімде тапсыру керек, — деді облыс әкімі.

Ауданға сапары аясында облыс әкімі «Қасқыр» сарқырамасына да барды. Сарқырама аймақ тұрғындары мен қонақтары үшін танымал демалыс орнына айналды. «Байқұла» АҚ кәсіпкері сарқыраманың жанындағы демалыс аймағын дамытуға грант ұтып алған. Онда киіз үйлер, сәкілер, глэмпингтер орнатып, туристердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін катамарандар мен қайықтар сатып алынған. Қазір кафе салынуда.

Облыс әкімі демалыс аймағын аралап, сарқырама аумағын әрі қарай дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Асхат Шахаров жұмыс сапары аясында ауданның шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесіп, мемлекеттік қолдаумен алынған ауыл шаруашылығы техникаларын қарады. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.

Бүгінде Қарғалы ауданы далалық егіс жұмыстарын толық аяқтады. Биыл диқандар мен шаруалар 151 мың гектар жерге дәнді (116,8 мың га), майлы (12,2 мың га), мал азығы (21 мың га) және бақша дақылдарын, картоп пен көкөністі жоспарға сәйкес еккен. Алдағы науқаннан күтері көп.

Велихов ауылындағы кездесуде диқандар облыс әкімінен күзде бидайды сақтау мәселесіне көңіл аударуды сұрады. Асхат Шахаров бұл мәселені бақылауға алатынын, күзгі науқанға қарай олармен тағы бір рет кездесіп, бұл шаруаны пысықтайтынын қадап айтты.

— Осы жылдың 5 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 миллиард теңгеден асып отыр. Сондай-ақ мал басының өсімі бар.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қарғалы ауданы құс және мал басын көбейтуді, шағын бизнесті дамытуды көздеп отыр. Бүгінгі күні 60-тан аса жоба қаржылай қолдау тапты, —дейді Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженов.

Аймақ басшысы бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкерлердің көрмесін аралап шықты. Сүт және ұн өнімдері, құс еті, бал, тәтті шырын және балық түрлері ұсынылды.

Айтып өтейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие 2,5 пайызбен беріледі. Бүгінде өңір тұрғындары 2031 жобаны жүзеге асырды. Оған 10,2 млрд теңге қаржы бағытталған.

Жұмыс сапары соңында облыс басшысы Бадамшада салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебіне барды. Екі нысанның да құрылысы ұзаққа созылған. Биыл мердігерлер бұл нысандарды халық игілігіне беруге міндетті.

Аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталды. Бірінші мердігер жосықсыз деп танылып, онымен арадағы келісімшарт бұзылды. Нысан құрылысы осылайша ұзаққа созылды.

Өткен жылдың соңында жаңа мердігер ретінде «Baspana Build» ЖШС анықталып, ол кешен құрылысын аяқтауға уәде берді. Бүгінде мұнда барлық әрлеу жұмыстары аяқталған. Компания спорт нысанының қалған құрылысына 126 млн теңге жұмсады.

Осы спорт мекемесінің қасында орналасқан 150 орындық Бадамша өнер мектебінің іргетасы төрт жыл бұрын қаланған. Алайда құрылыс материалдары бағасының шарықтауына байланысты жоба бірнеше рет түзетуге жіберілді. Қаржы мәселесі шешілгенімен, нысанның құрылысы тоқтап қалды.

Бүгінде бұл екі қабатты ғимараттың да ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді «Стройком+Сервис» ЖШС нысан аумағын абаттандыруға тиіс.

— Өнер мектебін де, денешынықтыру-сауықтыру кешенін де тұрғындар ұзақ күтті. Оқушылар қазір жазғы демалыста. Сол себепті абаттандыру мәселесінде асығыстық танытудың қажеті жоқ. 1 тамызға дейін уақыт бар. Толықтай құжаттамалық, тағы сыртқы  жұмыстарды аяқтаңыздар, — деп облыс әкімі мердігерлер мен жауапты мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырма берді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button