Кәсіпорындар жылу беру маусымына дайын ба?
Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен танысып, олардың алдағы жылу беру маусымына дайындығын қарап шықты.
Алдымен облыс әкімі «Ақтөбе ЖЭО» АҚ барып, мұндағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Бүгінде «Ақтөбе ЖЭО» акционерлік қоғамында 11 бу қазандығы, 6 турбоагрегат және бес ыстық су қазандығы бар. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жабдықтардың тозу көрсеткіші 41,78 пайызға жеткен.
Компания басшысы Бақтияр Ізбасаров 2028 жылға қарай жөндеу жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш 36,2 пайызға дейін төмендейтінін жеткізді.
— Қазіргі таңда жылу энергиясының негізгі тұтынушылары — облыстағы 11 кәсіпорын. Олардың қатарында«Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Лотос-Ақтөбе» және «Meridian» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Бүгінде «Ақтөбе жылуэлектр орталығы» акционерлік қоғамында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бу қазандықтарының 38 пайызы, турбоагрегаттардың 64 пайызы, ыстық су қазандарының 60 пайызы жөнделді. Бұлардың ішінде қазандықты жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргізсек, турбоагрегаттарды мердігер мекемелер жөндейді, — дейді Б.Ізбасаров.
Мекеменің бас инженері Александр Давыскибаның айтуынша, қазір жөндеу жұмыстарын жүргізуде мәселе жоқ. Жоспарға сәйкес жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Күн суытқанда компания қала халқын жылумен және ыстық сумен толығымен қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, бұл компанияда бүгінде 630-дан астам адам жұмыс істейді.
Биыл инвестициялық бағдарлама бойынша мекемеге 4,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал «Инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы арқылы бұл қаржы көлемі 22 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Осы орайда компания 2027 жылға дейін су жылыту және бу қазандықтарын ауыстыруды жоспарлап отыр.
Бұдан кейін Асхат Шахаров «Энергосистема» ЖШС-ның жұмысымен танысты.
255 мыңнан астам тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктің құрамында 174 қосалқы станция, 13 900 шақырымнан асатын әуе және 340 шақырымға жуық кабельдік желілер, 2370 қуат трансформаторы бар. Бүгінде бұл мекемеге қарасты жабдықтардың тозу көрсеткіші — 82 пайыз.
– Қысқа дайындық қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, атап айтқанда, қосалқы станцияларды, электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 609 миллион теңге бөлініп, оның 200 миллион теңгесі, яғни 30 пайыздан астамы игерілді. Жоспарға сәйкес 1 қыркүйекке дейін барлық жұмыс аяқталады. Бұл ретте инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда, жалпы мөлшері 5 миллиард теңгеге жуық қаржыға жобалар жоспарланған.Бүгінде инвестициялық бағдарлама бойынша құны бір миллиард теңге тұратын ең ірі жоба — қаламыздағы Сельмаш ауданындағы қосалқы стансаға күрделі жөндеу жүргізу жобасы. Бұл жерде трансформаторлар толығымен ауыстырылады. Электр қуаты өшетін жағдайда Instagram парақшасы, сондай-ақ арнайы сайтымыз арқылы тұрғындарды алдынала хабардар етеміз. Стансада диспетчерлік қызмет тәулік бойы жұмыс істейді, — дейді «Энергосистема» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Рүстем Арыстанов.
Оның айтуынша, биыл су тасқыны кезінде қаладағы көптеген желілер зақымданып, құлаған. Қазір тасқынның салдарын жою жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар кәсіпорын жоспар бойынша 4 мың ескі электр бағанасын жаңасына ауыстыруға тиіс.
«Энергосистема» ЖШС басшылығын тыңдаған облыс әкімі желідегі апатты жағдайды азайту үшін 15 мыңға жуық бағананы ауыстыруды тапсырды. Сондай-ақ жұмысты мерзімінен кешіктірмей тезірек атқару керектігін қадап айтты.
Әрі қарай облыс әкімі Есет батыр тұрғын алабындағы «Ақтөбе Сити-2» қазандығының құрылыс алаңында болды. Мердігер ұйым — «Қазтеплоэнергомонтаж» серіктестігі.
Жоба бойынша құрылысы 2018 жылы басталған қазандық тұрғын алаптағы 1, 2 және 3- шағын аудандардағы 90 тұрғын үйді, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларды, спорт кешендерін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда мұнда 6 қазандық пен 4 қазандық сорғысы толығымен орнатылған. Мамандар «ДУ-500» коллекторларын жылу алмастырғыш құбырмен қамтамасыз етуде. Қазір бір қазандық жұмыс істеп тұр, қалғандары — резервте.
Бүгінде қазандық пайдалануға беру туралы келісімшарттың бұзылуына байланысты қала балансына өткен.
Қазандықтың жұмысымен танысқан облыс басшысы құрылыс-монтаж жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Д.АЙДАР.