Асхат Шахаров Қарғалы ауданында шаруалармен кездесті
Өңір басшысы Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Қарғалы ауданына барды.
Сапар аясында облыс әкімі ауданның шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесіп, мемлекеттік қолдаумен алынған ауылшаруашылығы техникаларын қарады. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.
Қарғалы ауданы далалық егіс жұмыстарын толық аяқтады. Биыл диқандар мен шаруалар 151 мың гектар жерге дәнді (116,8 мың га), майлы (12,2 мың га), мал азығы (21 мың га) және бақша дақылдарын, картоп пен көкөністі жоспарға сәйкес еккен. Алдағы науқаннан күтері көп.
Велихов ауылындағы кездесуде диқандар облыс әкімінен күзге қарай бидайды сақтау мәселесіне көңіл аударуды алдын ала сұрады. Асхат Шахаров бұл мәселені бақылауға алатынын, күзгі науқанға қарай олармен тағы бір рет кездесіп, пысықтайтынын қадап айтты.
2024 жылдың 5 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. теңгеден асты. Былтырғымен салыстырғанда 101%-ға орындалыпты. Сондай-ақ, мал басының өсімі бар.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қарғалы ауданы құс және мал басын көбейтуді, шағын бизнесті дамытуды көздеп отыр. Бүгінгі күні 60-тан аса жоба қаржылай қолдау тапты», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Таженов.
Аймақ басшысы бағдарламаның игілігін көрген кәсіпкерлердің көрмесін аралап шықты. Сүт және ұн өнімдері, құс еті, бал, тәтті шырын және балық түрлері ұсынылды. Айтып өтейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие 2,5%-бен беріледі. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының тұрғындары 2031 жобаны жүзеге асырды. Оған 10,2 млрд теңге қаржы бағытталған.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.