Жаңалықтар

«Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» тасжолын жөндеу жұмыстары биыл аяқталады

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданында жергілікті жолдардың жағдайын бағамдады. 

Ірі жобалардың бірі «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» облыстық маңызы бар автожолын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Жұмыс 2022 жылы басталды. Жөндеу 45-60 шақырым және 60-75 шақырым жол учаскелерінде жүргізілді. Жөнделетін жол учаскесінің жалпы ұзындығы – 29,8 шақырымды құрады. Жөндеу жұмыстарына 5,9 млрд. теңге бөлінді. «Казкомсервис» ЖШС қайта жаңартылатын автожолды биыл аяқтауды жоспарлап отыр. 

Мердігер ұйымның директоры Асхат Теңізбаев атап өткендей, жөндеу кезінде полимер қосылған жаңа технология қолданылады, бұл жол төсемінің қызмет ету мерзімін едәуір арттырады.

Айта кету керек, «Казкомсервис» ЖШС өзінің асфальт-бетон зауыты бар және жол жөндеу жұмыстарына өздерінен шығарылатын құрылыс материалдарын пайдаланады. Зауыттың өндірістік қуаты – 175 т/сағ.

Облыс әкімі күретамыр жолдың сапасы маңызды екенін, халық оның сапалы және уақытылы пайдалануға берілуін күтетіндігін алға тартты. 

Асхат Шахаров Ащылысай ауылында салынып жатқан жолдардыда қарап шықты. Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталғанын айтты. Соңғы 30 жылда бұл ауылдағы жолдар жөнделмепті. Қазір Ащылысайда Б.Момышұлы, Панфилов, Қазақстан және Каструбин көшелеріндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Ал Бадамшада үш көшеде суағар кәріздері жөнделіп жатыр. Жұмыстарға «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС жауапты. Жобаның құны 505,7 млн. теңгені құрайды. Бадамшадағы Әбілқайыр хан, Әйтеке би және Пацаев көшелеріндегі суағарлар пайдалануға берілген кезден бері жөндеу көрмеген. Қазір тас блоктары жаңартылуда. Жұмыстар келер жылы аяқталады.

«Суағар жүйесі – ауылға ең қажеті. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суының ағып кетуіне жақсы. Биыл аудан топан судан аман қалды. Дегенмен, біз су тасқынына қарсы шараларды назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Үш көшеде салынып жатқан суағарларға қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын тапсырыс беруші белгілеген мерзімде тапсыру керек», – деді әкім. 

Ауданға сапары аясында облыс әкімі «Қасқыр» сарқырамасына да барды. Сарқырама аймақ тұрғындары мен қонақтары үшін танымал демалыс орнына айналды. «Байқұла» АҚ кәсіпкері сарқыраманың жанындағы демалыс аймағын дамытуға грант ұтып алғанОнда киіз үйлер, сәкілер, глэмпингтер орнатып, туристердің бос уақытын тиімді пайдалану үшін катамарандар мен қайықтар сатып алынған. Қазір кафе салынуда. Облыс әкімі демалыс аймағын аралап, сарқырама аумағының әрі қарайғыдамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button