Әдебиет

Қорада қалған қазына

Айгүл ЖҰБАНЫШ

Айгүл Жұбаныш 1984 жылы 17 тамызда Шалқар ауданы Бершүгір стансасында дүниеге келген. 2001 жылы Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Облыстық «Ақтөбе», «Керек info» газеттерінде қызмет атқарған. 2014 жылдан бері «Хабар» телеарнасында қызмет етеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты және республикалық «Әдебиет». Рух. Қоғам» әдеби байқауының жеңімпазы. 2014 жылы «Жаңбыр жауса екен» атты әңгімелер жинағы жарыққа шыққан.

…Анау шыңды көріп тұрсыз ба? Иә, иә, алыстан көз тартатын тауды айтамын. Бұл — Боқтыбай. Осы қоңыр қыраттың бауырында қарапайым тіршілік кешіп жатқан аядай ауыл бар. Біздің ауыл. Осы жерде атам атын суарып, анам талай бұлақ суын ішкен…

Боқтыбай жиі түсіме кіреді. Бәлкім, ерке Есілге елітіп, қырда өткізген қызықты сәттерді ұмытуға айналған болармын. Бәлкім, түсіме жиі енетін тау емес, тау кейпіндегі әжем болар, ә?!…

Алдымен күн күркіреді. Әп-сәтте аспандағы ақшаңқан бұлттар легі әлденеден үріккендей, шығысқа қарай жөңкіле көшті. Олардың орнына шабар жаудай түнерген қара бұлттар «қоныстанды».

— Алда пақыр-ай, үлгере алмаймыз-ау енді. Ат шаптырым жер қалғанда жауын жауып, мына жаманды тоңдырып алмасам болар еді?!

Ілгеріде келе жатқан шөкімдей қара кемпір иығындағы қанар қапты жерге қойды. Оң қолын жоғары көтере аспанға көз салып, аз-кем кідірді де:

— Апыр-ай, а, мынау түнерген жаман немелердің ұршықша иіріліп тұрып алғанын қарашы?! Жауар ма екен, әлде желмен ары ығысып кетер ме екен?..

Әжем әлдене жоғалтып алған адамдай аспанға тесірейіп ұзақ қарады.

— Жауғаның жақсы еді, бірақ ауылдан әудем жерге ұзап кеткен соң, баламды жауратып аламын ба деп қорқып тұрғаным.

Ауылда біраз уақыттан бері жауын жаумай, жер «шөлдеп», кенезесі кеуіп тұрғаны рас. Дегенмен біресе аспанға, біресе маған қарап абыржып, өз-өзінен күбірлей сөйлеп тұрған әжемнің әрекетіне күлкім келді. Әжем күлкі қысып тұрған бетіме бажайлай қарап:

— Неменеге ыржалақтайсың? — деп ашуланып қанарын иығына сала бергені сол еді, аңдаусызда қап қолынан шығып кетіп, тезегі жерге төгілді.

— Алда пақыр-ай! Енді қайттік?!

Ол шып-шып терлеген маңдайын жаулығының ұшымен сүртті де, күн мен желге әбден қақталған тезекті жинап, қайыра қапқа сала бастады. Әжеме көмектесіп отырып, жүзіне көзім түсті. Тура тезектей күн көзінен қарайып, тотығып кетіпті. Оның үстіне өңін өрмекші торындай әжім айғыздаған. Құлағынан төменге қарай құлдилаған әжім жолақтары аузы-мұрны тұсына келгенде жыландай ирелеңдей шиырланып жатыр. Айғызданған өңіне қарасаңыз, құдды бір жас суретші кенепке майлы бояумен сурет салуды үйреніп жүр ме екен дерсіз..?

— Әже, осы тезекті қыр аспай-ақ, сай-сала жағаламай-ақ үй маңынан теруге болатын еді ғой.

Әжем мырс етті. Бойжетіп келе жатқанымды сездіргім келді ме, әлде күнге күйіп, қарайып кеткен әжемді аядым ба, әйтеуір, өзімше «ақыл» айтуға көштім.

— Әбден қартайып кетіпсіз.

Әжем аузы ашылып, аңырайып қарап қалды.

— Күн көзінде жүре бермей, тынығып, крем жағып, иіссу себіңіз. Менің де крем жағуым керек, әйтпесе қартайып кетемін.

Күліп жіберді. Артынша кеңкілдей ұзақ күлді. Көзінен жас шыққанын көріп, күлгенін не жылағанын түсіне алмадым. Бір аңғарғаным, күлгенде бетіндегі әжімі жазыла түскендей көрінеді.

— Әй, ботам-ай, баламысың деген…

— Сосын күліп жүріңізші, жасарып кетерсіз,— дедім және.

Екеуміздің шашылған тезекті жинап болғанымызды күтіп тұрғандай, күн көзін ысырып, жайлы орынға қонақтаған қара бұлттан жаңбыр сіркірей бастады.

— Е-е-е, жауынның жауғаны жақсы, Жер-Ана да шөлдеген шығар… Айналайын, жылдамдат, анау жол бойындағы көпірді көріп тұрсың ба, сол жерді паналайық.

Екеуміз жаңбырдан қашып, көпір астына «тығылдық». Жауын төпелей түсті. Үстіне жабысқан шөп-шаламды қағып, әжем тізе бүкті. Отырысының өзі бөлек-тін. Дүниеде өсек-аяңды білмейтін, қулық-сұмдықтан ада, жаны да, тәні де таза әйел бар болса, онда ол менің әжем дер едім. Үстіне қылау тигізбей, таза жүретініне, сүттей аппақ орамалын басынан тастамайтын әдетіне көпшілік таңдай қағысатын. Ал әжемнің шоққа пісірген нанының тәтті дәмін ешқашан ұмытпаспын-ау…

— Әже-әу.

— Әу, жарығым?

— Ауылыңызды сағындыңыз ба?

— Тек әрі, кемпірде ауыл бола ма?

— Туған жеріңізді деймін…

— Е-е, 17 жасымда басыма ақ жаулық тақтым, ана атандым. Қазір, міне, әжемін… Боқтыбайдың баурайындағы Бершүгірде ғұмырым өтті… Сен де бір қай-жайдағыны сөз етіп…

— Әже, осы таудың аты неге Боқтыбай деп аталған?

— Ел басына қиын күн туғанда қазақтың батырлары атқа қонған. Олардың мақсаты — елін, жерін жаудан қорғау. Үлкендердің айтуынша, Боқтыбай да алып тұлғалы, ержүрек болыпты. Боқтыбай батыр мен оның ержүрек баласы туралы мынадай аңыз бар. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» Мұғалжар тауларын мекендеген халықты да айналып өтпеген. Еліне жақындаған жау қарасын Боқтыбай батыр Мұғалжар тауының етегіне жапсарлас орналасқан бір кішкене таудың бойында күтіп алады. Бірнеше күнгі қырғын шайқаста ол жауды жеңіп, еліне жеңіспен оралады. Боқтыбай батырды соғыспен жеңе алмайтынын білген қарсыластары айлакерлік тәсілге көшеді. Жау қолбасшысы өз әскерінен өңді, шешен тілді жігітті іздестіреді. Өйткені Боқтыбай батырдың күн десе көзі, ай десе аузы бар сұлу қызы болған екен. Жау өзінің жоспарын батырдың қызы арқылы жүзеге асырғысы келеді. Сымбатты жігіт Боқтыбайдың қызымен бұлақ басында танысып, онымен бірнеше күн кездесіп, ақыры өзіне ғашық етеді. Сөйтіп, «қос ғашық» елден қашпаққа бел буады. Махаббат буына мас болған қыз жігіттің айтуымен әкесін өлтіреді. Кейін жау ол қызды да ажал құштырады. Батырдың көзін құртқан жоңғар тобы Боқтыбай еліне қарай аяңдайды. Бірақ батырдың ұлы оның киімін киіп, жауды қанмен жусатып, қырып салады. Өзі де жеті жерден жарақат алады. Соңында батыр бала әкесінің мүрдесі жатқан үйге барып, «Әкежан, жаудан кегің қайтты» дейді де, қаракер атының үстінде жан тапсырыпты. Қос батырдан бірдей айырылған халық егіледі. Жылағанмен олардың қайтып келмесі анық. Осылайша кейінгі ұрпаққа үлгі болар деген ниетпен, екі батырды тауға, басына —Боқтыбай батырды, сәл төменірек баласын жерлепті дейді. Ал осы Боқтыбай, Мұғалжар тауының бойында Бершүгір деген би өмір сүрген деседі. Ауыл аты сол бидің құрметіне орай аталған екен. Бұл да аңыз ғой енді, қарағым.

— Қызық екен…

…Жаңбыр ұзақ жауды. Су аңсап, топырақ астында бауырын көтере алмай, белі майысып, бой жаза алмай жатқан көк майса шөп бас көтеріп, төңірекке жұпарын шашты. Бұлт пердесін ысырып, күн де шықты жымыңдай. Аспанды «жылатып» алған қара құрым бұлт енді көшін шығысқа қарай бұрды.

— Әй, бәрекелді!

Осы бір көрініске сүйсінген әжем де сезімін жасыра алмады. Жерден бір үзім жусан алып:

— Әй, жарықтықтың исін-ай! Қарғам-ау, маған крем, иіссудың не қажеті бар? Даланың ғажап жұпарына әлгі духи-сухиің жете қоймас! — деді.

Әжем қапты арқалай алға түсті. Мен әр қадамымды санап, ізінен ілби басып еріп келемін. Әжемнің бойы бір қарыс болғанымен, бойында қара нардың күші бардай. Таң анау қырдан енді көріне бастағанда тірлік қамымен сылп-сылп жүреді де, күннің табаны тайғанап, тау тасалағаннан кейін бел жазады. Қалай шаршамайды? Үйдегілердің басы жастыққа тиіп, көздері ілініп, тәтті түс көріп жатса, ол сандығын жинап отырады. Әжемнің сандығы ерекше. Үлкен. Сандықтың сыртындағы былғарыға қошқармүйіз, қосмүйіз сияқты түрлі ою-өрнектер жүргізілген. Ал іші… Ішінде адам жанынан басқаның бәрі бар. Әжем сандығын ақтарғанда мен қалай ұйықтайын?

— Кебін, қалампыр, сабын, бір әшмөңке шай… Бұларды сандықтың астыңғы жағына қояйын.

— Әже, мына шайды неге сандықта сақтап жүрсіз? Өзіңіз ішпейсіз бе?

— Е-е-е, бұл шайдың барар жері бар. Уақыты келіп, сандықты ашқанда келгендерге осы әшмөңке шайды бөліп беріңдер, үйлеріне барып, мені есіне алады ғой…

Сандықтың ішіндегі тәттілерге көз салып отырып, әжемнің айтқандарына аса мән бермедім.

—Мына алтынды бөлек салайын, күміс пен алтынды бірге салуға болмайды дей ме?

— Неге, әже?

— Алтын күмісті жеп қояды екен.

Әжем маған көзін сығырайта қарап, жымия күліп алды. Сандықтың астыңғы бөлігіне тон, күртешелерді жинап, оның үстіне шапан-камзол, орамал-жаулықтарын салды. Содан кейін…

— Кәне, қалағаныңды ала ғой, жарығым…

Менің күтіп отырғаным осы ғой. Кәмпит, пешеней, өрік-мейіз, дәндер… Әжем кіл тәттіні сандық бетіне салып, құлыптап, кілтін шашына байлады.

— Осы сандықты кім ойлап тапқан?

— Нақты білмеймін, алтыным, жалпы сандық ежелгі Мысыр перғауынының қабірінен табылыпты… Аңыз ғой енді…

Ұйқыдан талмаусырап жатқан мені әжем бауырына басып: «Ұйықтай ғой, балапаным, білгің келетін нәрсе көп, бірақ ұйқы тәттілігін қоймайды» деп көрпемді жапты.

— Иә, әже, кірпіктерім бір-біріне жабысып жатыр.

Сірә, сөйлеп жатып, ұйықтап кетсем керек, өріске жиналған мал даусынан бір ояндым. Қозысын қимаған қой, лағына еміренген ешкі, мөңіреген бұзау, тұр-тұрлаған әтеш үні төсегімнен «жұлып» алды. Әжем әдеттегідей тіршілік қамына кіріскен.

… Қызыл көйлек киіп, айна алдын «төңіректеуді» әдетке айналдырдым. Мен бойжеттім, әжемнің әжімі қалыңдай түсті. Екеуміздің арамыз біртүрлі алыстап бара жатқандай сезілді.

***

…Қалаға көпке дейін үйренісе алмадым. Мұндағы түрі ұқсас болғанымен, тілі бөлек қазақтардың жүздері суық көрінетін. Келе-келе оған да етіміз үйренді ғой. Ауылдан аса қатты алыс болмаса да, тау төңірегінен шығып көрмеген маған қала тірлігі әу дегеннен ұнай қоймады. Оңашада талай рет жастығымды жасқа шылағаным есімде. Боқтыбай баурайында жүрген әжем де мені ойлап, қамығып, жаулығының шетімен жанарын жиі сүртеді екен. Оны кейін анам айтты.Демалыста ауылға келдім. Әжем қарынға салған майының шетін омыра кертіп, ыдысқа үймелете толтырды, қазы-қартасын, сандығындағы мені сағындырған тәттілерін де алдыма тосты.

— Шидиіп қалыпсың. Қарның аш шығар, ет же, айран іш!

— Әже, қалаға барған соң, сізді тағы да сағынатын болдым ғой.

Әжем ойланып қалды.

— Сол қалаңа бармай-ақ қойсаң қайтеді, ә?!

Енді мен ойланып қалдым.

— Болмайды, әже, диплом керек қой.

— Шекебайдың қызы сияқты екі айлық аспаздың мамандығын оқып алсаң, қиыршықтас зауытының біріне орналасар едің.

— Жоқ, әже, жоғары оқу орнын бітірген соң, жұмысқа тұрып, қаладан үй аламын.

— Сосын?

— Сосын сені қасыма алып кетемін. Жоғары қабаттағы үйдің балконынан қарап отырасың.

— Жоғары қабат дейсің бе? Оған мініп-түсудің өзі оңай болмас, қарағым, қазір бұрынғыдай емес, аяғым сырқырайды.

— Жаяу жүрмейсің ғой, әже, лифті бар.

—Липті дейсің бе? Ол не бәле тағы?

— Лифті деймін, әже. Жоғары қабатқа ды-ы-ыр еткізіп шығаратын жеделсаты ғой.

— А-а-а, ондайы да бар ма еді? Маған салса, өз үйіме жетер ештеңе жоқ.

— Әже, ішінде әжетханасы мен ваннасы бар, көпқабатты үй ғой.

— Айналайын, төрт қабырғаңа барып, телміріп отыра алмаймын. Өкімет те қызық, қазақтың жері кең ғой, даладай-даладай қылып қалалықтарға жер үй салса болмас па екен?! Бір-біріне мінгестіріп, қуықтай-қуықтай етпей…

Ақыры әжем екеуміз ауыл мен қала үшін «дауласып» тындық. Әжемнің ашуы басылғанша далаға шығуды жөн көрдім. Тұп-тұнық аспанда жымыңдаған жұлдыздарға көзім түсті. Құдды бір шашып тастаған лағыл тастай, жақұт моншақтай, ал түн төсінде тербелген аппақ Ай сұлудың діріл қаққан нәзік бұғағына сәулесін түсірген сынық сырға тәрізді.

Жаныма жеңешем келді. Екеуміз өткен-кеткенді айтып, біраз әңгімелестік.

— Сары қыз, саған айтар өтінішіміз бар.

— Құлағым сізде, жеңеше.

— Жақында үй жөндетіп, ішіне жаңа жиһаздар алғалы отырмыз. Әжеңе айтып, ескі сандықты сарайға шығартып берші. Үйдің ажарын кетіреді, өзің түсінесің ғой.

— Әжеме өздеріңіз неге айтпайсыздар?

— Әжеңе айтуға батылымыз жетпейді.

Жеңешем күлген сыңай танытты… Түн әдемі болғанымен, жаурап үлгердім. Үйге кіргенде әжем әдеттегідей сандығын ақтарып отыр екен. Орамалда түйген алтын-күмістерін көзім шалды.

— Мынау менің жас кезімде таққан сақинам, — деді әжем. — Таза күмістен соғылған. Әкем марқұм заманында бір құнажын беріп зергерге жасатқан-ды. Көзімдей көрерсің…

Әжемді құшақтай алдым. Ол әдетінше менің бетімнен, маңдайымнан, көзімнен сүйді. Сандық аузын жауып болған соң, үстіне көрпелерді жинауға кірісті.

— Мына құрақ көрпелерді саған арнап құрадым.

— Өй, әже, маған құрақ көрпе керек емес.

— Олай деме, қызым, құрақ көрпе — қазақтың құндылығы. Құрақтай болып құралып, көбейіңдер деген мағына ғой бұл.

— Айтпақшы, әже, ертең жеңешем екеуміз үй әктейміз. Мына ескі сандықтың не керегі бар? Қораға шығарып тастайықшы?

Әжем жалт қарады. Түрі өзгеріп, қабағы лезде қатуланып кетті. Ренжітіп алғанымды сездім. Онымды жуып-шаймақ болдым.

— Әже, үйді жөндегелі жатыр екен, жаңа жиһаз алады дегендей. Қазір сандықтың әдемі түрлері көп қой. Орнына жаңасын алып берейік. Болмаса, мына заманда сандықтың не керегі бар?!

— Тек әрі!

Әжемнің үні қатқыл шықты.

— «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Қазақ әйелінің қазынасы осы — сандықта. Сандық құт-берекенің қамбасы, ырыс пен несібенің қазаны. Сандығы жоқ үйде береке болмайды! Мен тірі тұрғанда бұған тиісуші болмаңдар!

…Көп ұзамай қалаға жолға жиналдым. Оны-мұнымды жинастырып жүрген әжем:

— Мен жоқта сандығымды өзің аларсың… — деді.

— Бір жаққа барасыз ба?

— Иә, жақында кетемін…

— …

Бұл алтындай әжем екеуміздің арамыздағы соңғы кездесу, соңғы тіл қатысу екенін мен сонда сезбеппін…

…Арада бір апта уақыт өтпей әжем келместің кемесіне мініп, алыс сапарға аттанды. Өмірі «ауырдым» деп көрмеген ғазиз жан ұйықтаған күйі мәңгілік мекеніне жол тартыпты.

Әжем менің… Ақырғы аманаты — сандықта сақтаған алтын-күмісі мен жағалы киімдерін, қымбат бағалы мақта-маталарын қыз-келіндеріне жинаған екен. Заманауи жиһазға қызыққан жеңешем екеуміз көненің көзіндей болған сандықты әжемнің ақырғы сәтінде бағалай алмағанымыз өкінішке ұласарын сездік пе…

***

Білім алып, бойжетіп, өмірдің ағынымен Боқтыбайдан Есілге келдім. Ерке Есілдің сылаң қаққаны сұлу боп көрінгенімен, мен үшін Боқтыбайдың орны бір шоғыр!

…Қызыл іңірде Ай ұясынан шыққан соң, Боқтыбайдың баурайындағы алқызыл гүл біткен желмен тербеліп тұрған болар! Қазір Боқтыбай жиі түсіме кіреді. Бәлкім, түсіме жиі енетін тау емес, тау кейпіндегі әжем болар, ә?!…

…Жазда ауылға бардым. Жеңешем үйді хан сарайындай түрлендіріп, жөндеп алыпты. Іші кірсе шыққысыз. Әжемнің бөлмесіне кіргенімде сандығының орны бос тұр екен. Көзіме еріксіз жас тығылды… Мұны байқаған жеңешем: «Әжең кеткен соң, сандығын қораға шығарып қойдық. Қанша дегенмен ескі зат қой. Бірақ әлі сол қалпында тұр. Аламын десең, ала бер» деді. Несиеге алған құрқылтайдың ұясындай пәтерімнің қай бұрышына әжемнің аманат сандығын орналастырамын деп түнімен дөңбекшіп шықтым…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button