Басты жаңалықтарСу тасқыны

Мұғалжар ауданында 14 үй салынып жатыр

Біз біргеміз!

«Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болдыҚазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

Көктемде, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Мұғалжар ауданында да су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Ауданда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатындатұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталған. Тасқын кезінде 50 үйді су басқан Жағабұлақ ауылында бүгінде жаңадан 9 үй салынып жатыр.Осыдан кейін Бірлік ауылында 5 үй бой көтермек. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ауылға барып қайтқан едік…

Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратовтың айтуынша, ауданда су тасқыны кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астамбіржолғы көмек берілген.

— Апатты үйлердің тұрғындарынан баспана сатып алуға 55 өтініш түсті. Енді олар қайталама нарықтағы баспанамен қамтамасыз етіледі. Олардың 37-сі — Жағабұлақтан, 8-і — Бірліктен, 4-еуі — Шеңгелшіден, 2-еуі Ембіден болса, Басшилі, Қаракөл, Көктөбе ауылдарынан бір-бір тұрғын бар. Ауыл тұрғындары үйлерін өздері таңдайды. Негізінен, дені аудан орталығы Қандыағашқа көшуге ниетті. Қазірдің өзінде 20 отбасының құжаттары дайын, олармен баспана алуға келісімшарт жасап жатырмыз. Қазіргі таңда Жағабұлақ ауылында жаңадан 9 үй салынып жатыр. Осыдан кейін Бірлік ауылында 5 үй бой көтермек. Сонымен қатараудан бойынша 8 үйге, яғни Жағабұлақ ауылында — 4 үй, Ембі қаласында — 3 үй, Жарық ауылында 1 үйге жөндеу жүргізіледі, осы мақсатта 17 миллион 450 мың теңге берілді, — деді Талғат Өтемұратов.

Көктемгі тасқын кезінде едәуір есеңгіреп қалған Жағабұлақ ауылы бүгінде тынымсыз тірлік кешіп жатыр. Ауылда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі, денешынықтыру-сауықтыру кешені, кітапхана штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының дені мұнай-газ саласында еңбек етеді, мал шаруашылығымен айналысады. Жағабұлақ жолының бойында жайылып жүрген мал жетеді. Тұрғындардың бірі азық-түлік үшін Сарыкөл ауылына баратындарын айтты. Ауылдағы қараусыз қалған, қираған үйлер су тасқынын еске салады. Батпақкөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашевтің айтуынша, бұл ауылда барлығы 50 үйді су басқан. Оның 46-сы «апаттық жағдайда болғандықтан тұруға жарамсыз» деп танылды. 37 үй иесі дайын үйге көшуге ниет білдірді. Олар қазір сатып алатын үйлерін Қандыағаш қаласынаніздестіріп жүр. Қалған 4 отбасына үйлерін жөндеуге қаражат төленген.

Табиғи апаттан зардап шеккендердің бірі — ағайынды Бірімжаровтар. Отанасы, алты баланың анасы Бибігүл Тұрдығұлова өздерінің және үш баласының үйлері судан қирап қалғанын айтты.

— Мен алты баланың анасымын. Осы жерде туып-өстім, тұрмыс құрып, өсіп-өндік. Үш баламыз осы ауылда, үш баламыз Ақтөбеде тұрады. Жағабұлақта тұратын үш баламның үшеуінің үйі де суға кетіп қалды. Өзенге жақын жерде тұрдық. 45 жылдан бері тұрған үйіміз де көз алдымызда суға кетті.Ол кезді есіме алсам, әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Ортаншы ұлымыз Еркебұлан мемлекеттің қолдауымен үй алып жатқасын,  осы баланың үйіне келіп жатырмыз. Үйі жақсы, көңілімізден шықты. Бұл үйге көшкендеріне бір апта болды. Ал Еркебұланның екі ағасы Жасұлан мен Руслан жаңа үй алғанды жөн көрді, құрылыс салушылар үйді тамыз айына дейін тапсырамыз деп отыр екен. Ел басына күн туғанда мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қамқорлықты сезіну де бір бақыт. Ендігі жерде ел аман, жұрт тыныш болсын. Бейбітшілік заман болсын. Ұрпағымыз ешқандай қиындық көрмесе екен. Балаларыма да, елге де бар жақсылықты тілеймін. Билік басындағылар да абыройлы болсын, елге қызмет ете берсін! Бізді қиын кезде қолдап жатқанҮкіметке рақмет! Қиындық болды, қазір бәрін ұмытып жатырмыз. Қартайған шақта жаңа үйге көшеміз деп кім ойлапты, балалар да үйлі болып жатыр, қуаныштымыз, — дейді Бибігүл Тұрдығұлова. Сонымен қатар ол жолдасы Әмин екеуі Қандыағашқа көшетіндерін айтты. Өздерінің айтуынша, олар мемлекеттің қолдауы арқылы сатып алатын үйлерін таңдап қойған, құжаттарын әзірлеп жатыр.

Округ әкімі Мейрамбек Боқашев жаңа үйлерді салуға ауылдағы биіктеу жер таңдалғанын, ол жерге әуелі инженерлік коммуникациялар жеткізілгенін, құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройТрейд» компаниясы қолға алғанын айтты.

Құрылыс басында жүрген «Айлин Строй трейд» ЖШС бас директоры Арнұр Ахмади 9 үй салып жатқандарын, құрылыс материалдары да, жұмысшылар да жеткілікті екенін айтты.

— Қазіргі уақытта құрылыс басында 30 құрылысшы жұмыс істеп жүр. Бізде шатыршылар да, есікшілер де, тас қалаушылар да, сылақшылар да, механизаторлар да және басқа да мамандар бар. Бірақ құрылыстың қарқынын жеделдету үшін қосымша жұмысшыларды тартуымыз мүмкін. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын шілде айының соңында аяқтап, жаңа үйлерді тамыз айының басында дайын күйінде тапсыратын боламыз. Сосын Бірлік ауылындағы бес үйді де саламыз, оны да тамыз айында тапсыруымыз керек, — дейді «Айлин Строй Трейд» компаниясының бас директоры Арнұр Ахмади.

Талғат Өтемұратовтың айтуынша, жаңа баспана тұрғындар арасында жеребе бойынша таратылады.

Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбеттің айтуынша, аудан бойынша 8 шаруа қожалығы мен 5 тұрғынға 33 бас ірі қара, 4 жылқы, 12 қой үшін 14 миллион 800 мың теңгетөленді.

Барлық құжаттар уақытында тапсырылып, комиссия мәліметтерді тексеріп, өтемақы төлеу туралы шешім қабылданған. Мәселен, «Айнат» шаруа қолжалығының басшысы Аважан Ерматов өлген малы үшін екі миллион теңгеден астам өтемақы алған.

— Су бізге түнде келді. Ештеңе істей алмадық. Қорада тұрған малымыз қырылып қалды.Әкімдік қызметкерлері түрлі мәселелер бойынша көмектесіп, кеңес берді. Біз арнайы комиссия мүшелеріне барлық қажетті айғақтарды, яғни төрт түліктің өлекселерін көрсеттік, өтемақы алдық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдауға рақмет, — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Мұғалжар өңірінде су тасқынынан кейінгі өмір қалпына келтіріліп жатыр. Баспанасы суға кеткен жергілікті тұрғындар жаңа қонысқа көшуді тағатсыздана күтіп жүр. Тасқыннан зардап шеккендер мұндай көлденең келген апаттың қайталанбауын, бейбіт өмір мен болашақтың жарқын болуын тілейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button