Басты жаңалықтарСу тасқыны

Әлеуметтік төлемдер төленіп, құрылыс жұмыстары басталды

Облыста қарғын судың әлегі басылғанымен, біраз отбасын баспанасынан айырды. Әлі күнге дейін эвакуациялық пункттерді паналап жүрген тұрғындар бар. Десек те баспанасы суға кеткен жандардың бәріне бірдей жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Олардың дені біржолғы әлеуметтік төлемдерін алып, мүліктік және мал шығындарына қатысты өтемақылары есепшоттарына аударылып жатыр. Ең бастысы, жаңа үйлердің құрылысы басталды. Тұрғындар  қабырғасы қаланып, шатыры жабылған жаңа баспаналарына  кіруге асық. Құрылысқа жауапты мамандар да бұл бағыттағы шаруалардың берілген жоспарға сай жүргізіліп, мерзімінде тапсырылатынын айтып отыр. 

Жөндеу жұмысына 3 миллион теңге алдық…

Ира Жауынбаева — Ойыл ауданының тұрғыны. Ол — Шығанақ Берсиев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өзі — осы мектептің түлегі.

Қараталда туып-өстім, осы жерде шаңырақ көтеріп, еңбек етіп жатырмын. Жолдасым  — жұмыссыз. Қызымыз — тұрмыста. Көктемде үйіміздің екі бөлмесіне су кірді. Әрине, тасқын кезінде ауылдағы қай үйге де су кірмеді емес, кірді. Ауылдың шет жағында тұрамыз. Үйіміз 1987 жылы саманнан салынған. Біз тұратын аймақты ауылдықтар «Тұрғын үй — 91» деп айтады. Себебі ол кезде салынған үйлердің барлығы типтік үлгіде тұрғызылған. Үлкендердің айтуынша, сол кездері осындай жобамен салынған баспана екен, — деді Ира Шығанаққызы.

Ұстаздық еткеніне отыз жылдан асқан Ираның төрт бөлмелі үйін су басса да, комиссия қайта жөндеуге шешім шығарыпты. Бүгінде үй иелері мемлекеттен осы бағытқа  3 миллион теңге қаражат алған.

Әзірге үйімізге жөндеу жұмыстарын бастаған жоқпыз. Ылғал тартып тұрған үйіміздің ішін әбден кептіріп алмақпыз. Тамыз айында туыстарымыздың көмегімен үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Берілген қаржыға нақты қандай шаруалар атқаратынымызды жолдасым екеуміз қазір ойластырып жатырмыз. Әрине, сын сағатта біз сияқты үйі суға кеткен жандарға қолдау танытып жатқан аудан, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай көмектерді де алдық. Шүкіршілік етеміз, — деді Ира Жауынбаева.

Сарыобада үй құрылысы басталды

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев:

— Тасқын кезінде Ақтөбе облысы бойынша 4300 тұрғын үй суға кеткен болатын. Оның ішінде 521 үй салынып, 461 үйді сатып алып, 3343 үйді қайта жөндейтін боламыз.

Қазіргі таңда 521 үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Дегенмен Ырғыз ауданындағы Нұра елді мекені әлі күнге дейін судың ортасында тұрғандықтан, соған байланысты бұл ауылда құрылыс жұмыстары кешеуілдеп қалды.

Нұра ауылының тұрғындары үшін жаңадан салынатын 74 үй Сарыоба аталатын жерге тұрғызылады. Нұра елді мекенін көшіру — ауыл тұрғындарының келісімімен шешілген мәселе. Бұл істе барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардан келісім алынды. Жаңадан салынатын Нұра елді мекенінде тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар — мектеп, балабақша, медициналық пункт пен әкімдік ғимараты, сондай-ақ өзге де мемлекеттік емес объектілер салынатын болады.

— Инфрақұрылым мәселесі қалай шешілмек?

— Сарыоба — Нұра ауылынан шамамен он шақырым қашықтықта орналасқан жер. 12 маусымнан бастап аталған жерде Нұра ауылының алғашқы жаңа үйлерінің құрылысы басталды. Тұрғын үйлермен қатар, бұл жерге инженерлік желілер де қатар тартылатын болады. Оның ішінде газбен, ауызсумен және электрмен жабдықтау мәселесі шешіледі.

— Сарыобада қанша үй салынады?

— Қазіргі таңда 74 үйдің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл нақты сан емес, күн сайын өзгеруі мүмкін. Салынатын үйлердің барлығы типтік үлгіде, жалпы ауданы 80 шаршы метр болмақ.

— Облыста тасқыннан зардап шеккендерге үй салу жұмыстарына қанша мердігер компания тартылды?

— Жеке-жеке айтар болсақ, бүгінде Ырғыз ауданында  11 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Аудан орталығының өзінде 50 үйдің іргетасы құйылды. Енді қабырғасын қалау жұмыстары басталады. Сол мердігер мекемелер Сарыобада да құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек ауданға қарасты Мамыр ауылында 10 үй салынады.

Сонымен қатар жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Әйтеке би ауданында  26 үйдің, Қобда ауданында — 149, Мұғалжарда — 14, Ойылда — 175 және Темірде 21 үйдің құрылысы басталды. Әрине, бұл үйлердің барлығы тек аудан орталықтарында ғана емес, суға кеткен ауылдарда да тұрғызылып жатыр. Айталық, Әйтеке би ауданында бой көтеріп жатқан 26 үйдің 20-сы Т.Жүргенов атындағы ауылда салынса, Құмқұдықта — 5 үй, Жамбылда бір үйдің құрылысы басталды. Ал Қобда ауданы бойынша барлығы 149 үй тұрғызылса, соның 132-сі аудан орталығы — Қобда селосында,17 үй Жарық ауылында бой көтерді. Сол сияқты Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында — 9, Бірлікте бес үйдің құрылысы басталды. Қазіргі таңда Темір ауданы бойынша Құмсай селосында ғана тасқыннан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер салынып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, Ойылда салынып жатқан 175 үйдің 19-ы — Ойыл селосында, Қараталда — 131, Ақкемерде — 16, Кемерде — 2, Ақжарда — 5, Бестамақта 2 үйдің құрылысы басталды.

— Үй құрылысы жұмыстары қашан аяқталады?

— Барлық үйдің құрылысын 1 қыркүйекке дейін толығымен аяқтауға тиіспіз.  Алайда жаңа үйлердің құрылысын аяқтаудың  алғашқы кезеңін шілде айының басында тапсыра береміз.

Құрылыс материалдары бойынша жергілікті үлестің деңгейі қанша?

—  Қазір құрылысқа қажетті жабдықтардың барлығы Ақтөбеде сатылады. Әзірге ешқандай материал сарттан тасымалданып жатқан жоқ. Маңғыстаудың ақ тасы мен цемент қана сыртта өндірілгенімен, өзімізде сатылады. Ағаш пен шегенің өзімізде өндірілмейтіні аян. Алайда бұл тауарларды сатып алуда ешқандай тапшылық байқалмайды. Тұрғын үй салу ісінде құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаражат «ERG» және «BI Group» компаниялары мен «Қазақстан халқына» және Болат Өтемұратов қорлары тартылып жатыр.

— Тұрғын үй құрылысының сапасы қалай тексеріледі?

— Үй құрылысының сапасы — басты назарда. Ол үшін мемлекет тарапынан техникалық қадағалау органы және әрбір қордың өз техникалық бақылаушылары бар. Бір сөзбен айтқанда, әрбір салынған нысанның сапасы екі техникалық қадағалаушы орган бақылап отыр.

Төлемақы төленіп жатыр

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, аймақта су тасқынынан келген залалға байланысты тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлем төленіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аймақта су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды барынша тез өтеу шаралары қабылданды. Бүгінде су тасқынынан зардап шегіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жергілікті өкілетті органдардың шешімдері негізінде   біржолғы әлеуметтік төлем төленіп жатыр. Осы мақсатта облыс бойынша 4347 құжат қабылданып, өтініш иелеріне 1 376 206,4 мың теңге тағайындалды, — деді басқарма басшысы.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, Ақтөбе қаласының Алматы ауданы тұрғындары біржолғы әлеуметтік төлем алуға әлі де өтініш жазып жатыр. Себебі бұл ауданда саяжай учаскесінде тұратындар саны көп. Сондықтан үйлері суға кеткендердің дені — саяжайда тұратын тұрғындар. Жүз айлық есептік мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алу үшін тасқыннан зардап шеккендерден үш қана құжат сұратылады. Олар — жеке куәлік (сәйкестендіру үшін), су тасқынында зардап шеккенін растайтын құжат (акт, анықтама және басқалары) және жиырма сандық банктік шот.

 Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button