Жаңалықтар

Қолдау мен қамқорлық

Жаңа орталық

Шалқар қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды.  Жаңа мекемеде психолог, заңгер, ұйымдастырушы маман, кіші қызметкер сынды 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Мекеме әлеуметтік санатқа жататын және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсетеді.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов қатысты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында зорлық-зомбылыққа тап болған жандарға қоғам болып көмектесу қажеттігін баса айтқан болатын. Бүгінде ауданымызда 11 мыңнан астам отбасы бар. Оның 8 мыңы Шалқар қаласында, 3 мыңға жуығы ауылдық округтерде тұрады. Олардың қатарында көпбалалы, аз қамтылған, жалғызбасты аналар,әкелер бар және тағдырдың түрлі қиындықтарын көріп отырған отбасылар да болуы мүмкін. Олар ешқашан қоғам назарынан тыс қалмайды. Жұмысы ненді бастаған жаңа орталық халық үшін қызмет көрсететін, сапалы мамандармен қамтылған іргелі орынға айналарына сенемін, — деді аудан әкімі. Жиында Шалқар аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Маржанкүл Бекетова қазақ қоғамындағы қыз бала тәрбиесі, асыл аналар қадірі, шаңырақ берекесі туралы орамды ойын айтып, жаңадан жасақталған ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Отбасын сақтауды мақсат тұтқан орталықта жүгінушілерге қызмет көрсететін құқықтық кеңес беру, сырласу, талдау бөлмелері мен мәжіліс залдары бар.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button